Біздің қоғамда мемлекеттік тілдің дамуына түрлі кедергі бар. Соның ең бастысы – саяси элитаның мемлекеттік тілді білуге келгенде салғырттық танытуы. Мемлекеттік тілдің дамуына әсер етіп отырған осы және басқа да теріс факторлар жайында пікір білдірген мамандар не дейді?
Мәселен, Қазақстанда «аралас» мектептер бар. Міне, осы «араластар» бұл цифрді зорайтуға үлкен үлес қосады: өйткені олар қазақтілді мектептер қатарына еніп кетеді. Шындығында, мұндай мектептерде қазақтілі сыныптар өте аз, 80 пайызы орыс тілінде.
Сол сияқты, мемлекеттік қызметкердің мемлекеттік тілді үйренуі үшін әкімдіктер жанынан ашылған арнайы сыныптар бар. Цифрлары да көз тоярлық. Қазір ел бойынша барлығы 351 тіл оқыту орталығы бар. Оның ішінде, 91-і мемлекеттік, яғни республикалық және жергілікті бюджеттің қаржысына құрылған орталықтар. Бірақ осы орталықтарға барып жүрген адамды көргеніміз жоқ. Иә, айналып келгенде, бөлінген ақша қағаз жүзінде игерілген болып шығады. Яғни, бұл да жемқор шенеуніктің қол салатын бір «қалтасы».
Жалпы, қоғам зиялысы бұл ретте не ойлайды?
Экономист-маман Алғатбек Қыдырбекұлы мемлекеттік тіл мәселесінің толыққанды шешімін таппай жатқанын кешегі жер мәселесінен байқауға болатынын айтады.
Алғатбек Қыдырбекұлы, экономист-маман:
– Мемлекеттік тіл мәселесі – ауыл мәселесі, жер мәселесі. Бұл – кіндігі ажырамас бір бүтін дүниелер. Ал ауылдың үні билікке жетпейтіні рас. Ауылдың жайынан хабардар адам ақылға қонымсыз салықты енгізбейді. Жалпы, логикаға салсаңыз,
орысша ойлайтын, қазақ тілінен мақұрым мемлекеттік қызметкерлер ауылдың мұңын қалай түсіне алады?
Кеше жер мәселесі көтерілгенде, «насихат дұрыс жүргізілмепті» деп шықтық. Неге? Тағы да бұл арада мемлекеттік тілдің шеті қылтияды. Бір саясаттанушы «бізде жоқ ұлттық партияның рөлін қазақтілді басылымдар атқарады» деп еді. Ол рас. Бірақ бүгін сол қазақтілді басылымның жайы да мүшкіл ғой, – дейді ол.
Экономист ақпараттық насихат демографиялық статистикаға қарай жүргізілсе дейді.
– Қазір Қазақстан халқының саны 17 миллионнан асты, оның 70 пайызын қазақ ұлты құрайды. Бірақ бізде қазақтілді насихат кемшін. «Дағдарыс» деп кеше белді-белді деген бірқатар қазақтілді басылымдар жабылды. Кеше ғана ауыл халқы сүйіп тыңдайтын Қазақ радиосының Алматыдағы студиясы жабылады деген ақпарат шықты. Мамандар ойсыраған бұл орынды интернет жабады деп топшылайды. Оны да айтып жүргендер ауылдың жайынан хабарсыздар деп ойлаймын. Әйтпесе, ауызсуды, жарықты жеткізе алмай жатқан шалғай ауылдарға интернетті қалай жеткізесіз? Жетсе де, оның қызметін тұтыну ақысын ауылдағылардың қалтасы көтере ме? Оған бізде басын қатырып жатқан ешкім жоқ секілді. Әрине, қоғамның сұранысы қанағаттандырылмаған соң түсінбестік орнайды, – дейді маман.
Ал саясаттанушы Дос Көшім Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы мемлекеттік тілді дамыту жұмыстарына белгілі бір деңгейде кедергі келтіреді, деп санайды.
Дос Көшім, саясаттанушы:
– Елімізде мемлекеттік тілді дамыту өте жақсы жүрмесе де бұл ретте алға жылжу бар. Бірақ соның өзі Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына байланысты кері кете ме деген қауіп бар, менде.
Еуразиялық одақ құрыла салысымен, оның құжаттары орыс тілінде жүргізіле бастады. Оған «әй, мынауың не?», деп ешкім үн қатпады,
бұл қалыпты жағдай секілді. Мысалы, Еуроодақты алсақ, ондағы құжаттар одаққа мүше 28 мемлекеттің тілінде беріліп отырады. 4-5 жыл бұрын осы мәселеге қатысты үлкен дау туды. Еуропалық одақ комиссиясы «әр мемлекеттің тілінде құжат жазу уақытты және қаражатты қажет етеді, мүмкін, үнем жасармыз» деген ұсыныс көтерді. Не болды дейсіз ғой? 28 мемлекеттің бір де біреуі бұған өз келісімін берген жоқ, – дейді Дос Көшім.
Ал қоғам қайраткері Уәлихан Қалижан мемлекеттік тілді дамыту қалыпты жүріп жатыр, бастысы — қазіргі заман талабынан қалмауымыз керек дейді.
Уәлихан Қалижан, қоғам қайраткері:
– Мен шетелдегі жиындарда алдыма қойылатын „табличкаға „ғылым докторы„ дегенді жаздыртпаймын. Ұяламын. Өйткені шетелдіктердің түсінігінде доктор кем дегенде 4-5 тіл білуі тиіс. Бұл – менің басымдағы жағдай. Ал қазір Назарбаев зияткерлік мектебі 1-ші сыныптан бастап ағылшынша оқытады. Неге ел оған жаппай барып жатыр? Ешкім мәжбүрлеп жатқан жоқ қой. Бұл – заман талабы. Шет тіліне, интеграцияға деген сұраныстың тууы заңды. Оны қанағаттандырмаса болмайды, – деген пікірде қоғам қайраткері.
Сонымен қатар, Уәлихан Қалижан өз жетістігімізге өзіміз малданып отыра беруге болмайтынын, көркем әдебиетімізді, бай мәдениетімізді, терең тарихымызды әлемге таныту үшін де шет тілді білуіміз шарт екенін айтады.
– Менің америкалық бір әріптесім
«өз ана тіліңді үйрен деп мемлекеттік бюджеттен ақша бөлгенді сіздерден бірінші рет көріп тұрмын»
дейді. Иә, осындай мүшкіл халге түскеніміз, рас. Бюджеттен ақша бөліп, қоғамды асықтырып-аптықтырып бұл мәселені толыққанды шеше алмаймыз. Ол үшін ұлттық санаға сілкінісқажет. Ал сананы жалған ұран немесе саяси саудамен ластауға болмайды, – дейді Уәлихан Қалижан.