Мемлекет не былықтырып жатыр? Енді ЖОО-лар да тендерге таласа ма?

322 просмотров

Елімізде жоғары оқу орындарының басқару формасы өзгермек. Оған сәйкес, университеттер заңды тұлғаға айналып, тендерге қатысып, тапқан пайдасын өзі игеріп, бүтін экономикалық бөлшекке айналмақ. Айтқанға, әрине оңай. Бірақ, нақты өмірде ол басқаша сипатқа ұрынып кетпей ме? Мемлекет тағы не былықтырып жатыр?..

Біздің медиа-портал бұл сұрақтарға жауап алу үшін ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшановты әңгімеге тартты.

Оның пікірінше, қазір қолға алынып жатқан жоғары оқу орындарына қатысты өзгеріс  оқу бағдарламасына тікелей әсер етпейді, бұл, жалпы, мекеменің басқару формасына қатысты, құқықпен тығыз байланысты нәрсе.

— Олардың атауынан ұлттық және мемлекеттік мәртебенің алынуы — жоғары оқу орындары енді мемлекетке қарамайды деген ұғымды білдірмейді. Иә, осыған дейін ұлттық және мемлекеттік болған жоғары оқу орындары акционері 100 пайыз мемлекет болып табылатын коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналады. Бұл — жоғары оқу орынның басқару формасындағы құқықтың белгіленуіне қатысты өзгеріс.

Мысалы, бұрынғы қалпындағы мемлекеттік университеттер заңды тұлға ретінде тендерге қатыса алмайтын, тапқан пайдасын түгелдей үкіметке өткізіп беретін, сондықтан қолы қысқа болатын.

Соның салдарынан оларда оқу орынның дамуына, білімді жетілдіруге бел шеше ат салысайын деген ынта болмады. Ал акционерлік қоғам болса, онда өз тапқан пайдаларын өздері игеріп, жоспар құрып, университеттің дамуына құлықты болады.

Яғни, осылайша жоғары оқу орнына өз шаруашылығын басқару дербестігі беріледі, — дейді Рахман Алшанов.

Ал жекеменшік оқу орындарының коммерциялық емес ұйымға көшуі мұндағы пайданың мақсатсыз жұмсалуын шектеу үшін жасалып отыр екен.

— Қазақстанда жекеменшік жоғары оқу орны көп емес: 10-12 пайыз. Міне, солардың ішінде түскен пайданы басшылардың жеке мүддеге пайдаланған фактілері кездеседі екен. Бұған заңды түрде жол бермес үшін басқарудың коммерциялық емес формасына көшкен ыңғайлы. Тағы бір жағынан, мұндайда салық жағынан көп жеңілдікке ие болу мүмкіндігі туады. Сондықтан жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) сипатындағы жоғары оқу орындары „акционерлік қоғам боламыз, соған көшеміз„ деп бұл жаңалықты жақсы қабылдап жатыр, — дейді Рахман Алшанов.

Академик жоғары оқу орындарының басқару формасына қатысты бұл өзгерістердің бір күнде жүзеге аспайтынын, оған біршама уақыт қажеттігін баса айтты.

Загрузка...