Жер туралы заңға қатысты дау-дамай кеше Елбасының бірқатар нормаларға мораторий жариялауымен аяқталғаны белгілі. Осы мәселеге қатысты түсінік жұмысын дұрыс жүргізе алмаған Ұлттық экономика министрінің орынбасары қызметінен босатылды. Ал министр Ерболат Досаев өз еркімен отставкаға кетті. Ендігі кезекте насихат міндетін жаңадан құрылған – Ақпарат және коммуникациялар министрлігі өз мойнына алмақ. 365info.kz тілшілері осы өзгерістерге байланысты алда тағы қандай шешімдер қабылдануы мүмкін екенін мамандардан біліп көруге тырысты.
Экономика ғылымдарының докторы Тоқтар Есіркепов Ұлттық экономика министрлігінің бұл арада үлкен кінәсі бар деп санамайды. Ғалымның айтуынша, жаңадан құрылғанға дейін бұл министрлік жер мәселесімен ешқашан айналыспаған.
– Жермен ешқашан айналыспаса, олардан енді не сұрауға болады? Ал ауылшаруашылығы министрлігінің ауылшаруашылығы жеріне қатысты ғана функциясы болған. Негізінен, жердің 7 түрі бар. Міне, соның барлығының басын қосып, осыған дейін тиімді басқарған мекеме – Жер ресурстары агенттігі деген болған. Ол тікелей Елбасыға бағынған. Кейін оны комитет қып, Ұлттық экономика министрлігіне қаратып қойды. Меніңше, міне, осы агенттікті қайтадан қалпына келтіру керек, – дейді ол.
Ғалым Досаевтың орнына кім келетінін болжау мүмкін емес екенін айтады. Өйткені, оның пікірінше, бізде қай шенеунік немен айналысып жүргенін ешкім білмейді.
– Елбасының бұл реттегі сыны орынды. Мемлекет басшысы министрлерге „журналистерден үнемі қашып жүресіңдер, сендер айтпағанда, мәселені кім тарқатып айтады„ деді ғой. Онысы рас.
Министрлердің не істеп жатқанын қарапайым адам түгілі ғалымдардың өзі – біз білмейміз.
Жер туралы заңның қабылданғанына 13 жыл болды. Оны көпшілік білмейтін болып шықты. Масқара ғой… Кеше ғана жер туралы сайт ашылды. Бірақ бұл да жеткіліксіз. Әлі де ашылуы тиіс ақпараттар бар. Мысалы, көрші Ресейде кімнің меншігінде қанша гектар жер барын оп-оңай біле аласыз. Олар сондай тізімді жариялап отырады. Ал біз қай жер кімнің иелігінде екенін біле алмаймыз. Содан кейін күдік пен күмән қоюлайды ғой, – дейді Тоқтар Есіркепов.
Саясаттанушы Әзімбай Ғали „енді жер мәселесіне қатысты үгіт-насихат күшейтіледі, оның ауыл-ауылды жерлерге жеткізілуі – аса маңызды„ дейді.
Сондықтан ол жаңадан құрылған Ақпарат және коммуникациялар министрлігін либералды, ұлтжанды, репутациясы таза адам келеді деп сенім білдіреді.
Жалпы, саясаттанушы, „ жаңа құзырлы органның құрылуы биліктің диалогқа түсуге, жариялылыққа дайын, ымыраласуға ниетті екенін көрсетеді. Сондықтан бұл өте жақсы құбылыс„ деп бағалайды.
– Елбасы құзырлы органдардың халық қолдайтын мәселелерге аса мән беруі тиіс екенін айтты. Дегенмен осы жариялылықты пайдаланып, жерден тыс әлі де басы ашылмаған бірқатар мәселенің түбіне жетіп алуымыз керек секілді.
Соның бірі – білім саласындағы үштілділік жайы,
– дейді ол.