Үкімет Қазақстанды Қытайға сауын сиыр етіп бермекші — сарапшы

1 654 просмотров

Қытайдың өнеркәсіп орындары Қазақстанға жаппай көшірілмекші. Олар ел экономикасының бүтін саласынан ойып, орын алмақ. Қазақстан экономикасы, бұдан кейін қарыштап дамуы тиіс екен. Алайда отандық ғалым оның Қазақстанға қауіп-қатері мен көлеңкелі тұстары да бар екенін айтады.

Бүгінгі таңда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қытайда жүр. Осы сапар алдында Синьхуа агенттігіне Елбасы былай деп сұхбат берді:

„Біздің елдердің үкіметі Қытайдың өндіріс күштерін Қазақстанға көшіру туралы бағдарламаны жасақтады. Оның негізіне индустриаландыру мен инновация саласындағы қазақ-қытай әріптестігі жобаларының тізімі алынды. Бүгінгі таңда оған 26,2 млрд доллардан астам соманы құрайтын 51 жоба еніп отыр„.

Әрине, бүгінгі экономикалық қиын заманда инвестиция мен инвесторға талас үдеп тұр. Сондықтан Қытайдың қомақты қаржысын іліп әкетуіміз, әрине үлкен олжа секілді көрінеді. Мұндайда жаңа жұмыс орындары ашылып, сырттан келген қомақты қаржы ел экономикасы айналымына түсіп, оған жан бітіреді.

Тағы бір жағынан, соңғы кездері ұлы державалар геосаяси ойынды Таяу Шығыстан Орталық Азия аймағына алмастыра бастады. Мұндайда қорғанысты күшейткен абзал. Әрине, экономикалық мүддесі болғандықтан, сыртқы күштер оны қорғауға ат салысады. Міне, Қытайдың өндіріс күштерінің Қазақстанға көшірілуін осындай мүддемен, осындай саясатпен ақтап, оны белгілі бір деңгейде тиімді етіп көрсетуге болады.

Үкімет жалқау ма? Қазақстан Қытай инвестициясына не үшін жүгініп отыр?

Алайда медалдың екі жағы болатыны секілді, бұл арада да көлеңкелі жақтар бар екен.

Тоқтар Есіркепов
Тоқтар Есіркепов

Экономика ғылымының докторы, профессор Тоқтар Есіркеповтің айтуынша, Қытай қазір өзіне керексіз, экологиялық жағынан зиянды өндірістерден арылуға тырысып жатыр. Сондықтан бізге көшіп келетін өнеркәсіп Қазақстанның қоршаған ортасын міндетті түрде ластайтын болады.

Ғалымның пікірінше, бұл арада ел экономикасын әртараптандыру мәселесін Қытай кәсіпорындары арқылы шешудің өзі Қазақстан үкіметінің қауқарсыздығын көрсетеді.

— Қазақстан шикізат табысына байланбай, ел экономикасын әртараптандыруға тиіс. Бұл бағытта бізде жұмыс жасалып жатқанына біраз болды. Бірақ одан серпінді нәтижені көре алмадық.

Енді

қолдан келмеген осы мәселеніҚазақстан үкіметі сыртқы елдің күші арқылы шешпекші. Бұл жалқаулық емей немене?..

Бұл – біріншіден.

Екіншіден, ел экономикасы дамуы үшін шағын және орта бизнес қарыштауы тиіс. Алайда бұл міндетті де Үкімет жүзеге асыра алмады. Экономикалық диверсификация мәселесінің шешілмеуінің де басты гәбі осында. Біздегі мәліметтер жабық.

Шағын және орта бизнесті неге дамытпаймыз?

Мысалы, Ресей экономикасының 60-70 пайызы миллионерлер мен миллиардерлердің қолында. Мұндай жағдайда алпауыттар шағын және орта бизнесті тұншықтырып тастайды.

Ал бұл сектор дамымаған соң экономикада ілгерілеу болмайды. Бұл жолы да Қытайдан бізге келгелі жатқаны шағын және орта бизнес емес, олар — ірілер. Сонымен қатар, олар жекеменшік нысан да емес. Ол мемлекеттік немесе мемлекеттің қатысуындағы кәсіпорындар болады.

Демек, шағын және орта бизнесті дамыту мәселесі тағы ашық күйінде қала бермек.

Үшіншіден, Қазақстан нарығын өзіміз емес, өзгелердің игеруі әлі жалғасын таппақ. Демек, бірікккен кәсіпорын болған соң, оның табысының басым бөлігі бәрібір сыртқа кете береді. Ал одан туындаған мәселелер осында қалады.

Мысалы, қоршаған ортаның ластануы. Қытай — әлемдегі екінші экономика. Сондықтан олар өз деңгейлеріне сай кәсіпорындар құруға мүдделі.

Ал ескі-құсқысын біз жаққа жібермекші, ал одан бүлінген экологияны қалыпқа келтіруге кететін шығындар орасан.

Сондықтан оның өзін-өзі ақтауы қандай деңгейде? Бұл да дүдамал жайт.

Төртіншіден, біз өз-өзімізді дамытпай, ұлттық буржуазияны құрмай, ұлттық сана азаттығына қол жеткізе алмаймыз. Қазір елімізде ашылған кәсіпорындардың артында бір-бір шетелдік тұр. Оған қоса, Еуразиялық одақ деп Ресей мен Беларусь елінің өнеркәсібіне есігімізді айқара ашып тастадық. Енді оған Қытай келіп, қосылып жатыр.

Демек, Үкімет Қазақстанды кезекті бір шет мемлекетке сауын сиыр етіп бермекші. Одан біздің жағдай қатты өзгеріп кетпейді.

Өз-өзімізге сенімсіз, сырттағы біреулерге телмірген осы мешел қалпымызда қала берсек, қазақты кім көрінген осылайша пайдаланып кете береді.  Әркімнің сауын сиыры болудан қазақ халқы әлдеқашан шаршаған!

Сондықтан оның арты, әлеуметтік тұрақсыздыққа апарып соғып жүрмесе игі, еді.

Загрузка...