Кәрім Мәсімов Қарағанды облысында сібір жарасына қатысты кеңес өткізді

62 просмотров

ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында аймақта сібір жарасы ауруының шығуына байланысты кеңес өткізді. Одан тыс Үкімет басшысы Қарағандының әуе-жайында болып, жұмысымен танысты.

Бұл туралы Үкімет басшысының ресми сайты хабарлайды.

Кеңес барысында қолға алынып жатқан шаралар туралы Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков, ҚР бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин, ҚР Ауылшаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің басшысы Тамара Дүйсенова, сонымен қатар ҚР Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин баяндама жасады.

„Кеңесті қорытындылаған Кәрім Мәсімов бірқатар нақты тапсырма берді. Ауылшаруашылығы министрлігіне ветеринарлық қызмет жұмысының тиімділігіне талдау жасау, вакцина сапасына сараптама жүргізу тапсырылды. Мал қорымдарының күйі туралы мәселені Үкіметтің селекторлық отырысының күн тәртібіне жеке шығару ұйғарылды„ деп жазды Үкімет басшысының ресми сайты.

Ал Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне Премьер-министр сібір жарасы дертіне шалдыққан науқастарға көрсетілген медициналық қызметтердің сапасын тексеруді және бұдан былай мұндай жағдайларға жол бермеу үшін қатаң шаралар қабылдауды тапсырды.

Сондай-ақ Қарағанды облысының әкіміне өңірдегі профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар кешенін қабылдау тапсырылса, ішкі істер министрлігіне аталған факті бойынша тергеуді соңына дейін жеткізу жүктелді.

Бұдан бұрын белгілі болғандай, Қарағанды облысы Шет ауданының Еркіндік ауылында сібір жарасы ауруы тарады. Бүгінгі таңда түйнеме ауруына шалдықты деген күдікпен 8 оқиға тіркелді, оның ішінде 2 адам көз жұмды. Осыған байланысты аталған елді мекенде төтенше жағдай режимі жарияланды.

Еске салайық, Үкімет басшысының кестесінде ел аймақтарын аралау жоспарланған. Өткен аптада Премьер-Министр жұмыс сапарымен Ақтөбе және Алматы облыстарында болып қайтқан еді.

Загрузка...