Ислам Кәрімовтің жаназасына посткеңестік елдердің президенттері неге бармады?

2 569 просмотров

Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтің жаназасына посткеңестік кеңістік елдерінің барлық саяси өкілі қатысты, алайда президент атаулыдан тек Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон ғана төбе көрсетті. Ал басқаларына не болды әлде бұл бармаудың астарында бір гәп бар ма?

Бұл сауалға ресейлік „Московский комсомолец„ басылымы — „Ресей президенті мен Қазақстан президенті Самарқандқа әріптестерін соңғы сапарға шығарып салуға барар еді, алайда олар Қытайдағы G20 саммитінен босай алмады„, — деп жазды.

Аждар Куртов

Аталған басылымда „Ұлттық стратегиялар мәселелері„ журналының бас редакторы Аждар Куртов Ислам Кәрімов жаназасына халықаралық өкілдердің келмеуінің бірнеше себебін атады.

Президенттер өзіне маңыздысын таңдады

— Кәрімов жаназасына халықаралық қауымдастық өкілдерінің келмеуі оған деген теріс көзқарасын білдіреді деп есептемеймін.

Посткеңестік кеңістікке келер болсақ, бұл кезде бірінде ұлттық мереке, бірінде халықаралық маңызды жиындар өтіп жатты. Сондықтан олар өзіне маңыздысын таңдаған секілді.

Ал шетелдік өкілдердің келмеуін де белгілі бір деңгейде түсіндіруге болады. Мұсылман әлемі үшін Өзбекстан киелі мекен. Алайда Кәрімов исламға жақын болмады. Керісінше, ол елін зайырлы етіп, діни радикалдармен қатты күрес жүргізді. Сондықтан мұсылман әлемі көшбасшылары мұндайда әліптің артын баққанды жөн көрген секілді.

Ал Батыс елдері Кәрімовті халқын қанаушы диктатор деп санайды.

Сондықтан оны жерлеу рәсіміне келуді дұрыс емес, деп тапқан болуы керек, — дейді ол.

Мәселе ішкі саяси ахуалда болуы мүмкін…

Ерлан Саиров
Ерлан Саиров

Отандық саясаттанушы Ерлан Саиров та бұл пікірді белгілі бір деңгейде қолдайды.

Оның пікірінше, Ислам Кәрімовтің жаназасына оған жақын болған посткеңестік кеңістік елдері көшбасшыларының келмеуінен саяси астар, кілтипан іздеудің қажеті жоқ.

— Кей кездері қаралы делегацияның құрамын қабылдаушы жақ шешіп жатады.

Кәрімовты ақтық сапарға шығарып салуға кейбір елдердің Премьер-министрлерінің келуі Өзбекстанның ішкі саяси ахуалына да байланысты болуы ықтимал.

Қазақстан Республикасының Президенті Өзбекстан халқына көңіл айтып, телеграмма жіберді. Сондықтан Өзбекстан президентінің соңғы сапарына көрші елдерден сый-құрмет көрсетілмеді, деп айтуға негіз жоқ.

Алыс шет елдерге келетін болсақ, олардың Өзбекстанның саясатына кей кездері қырын қарайтындығы жасырын емес, сондықтан ол жақтан ешкімнің келмеуі ешкімді таң қалдырмауы керек, — дейді саясаттанушы.

Еске сала кетелік, Рейтер агенттігі Қытайда жұмыс сапарымен жүрген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кенеттен 3-қыркүйекте Өзбекстанға баратынын мәлімдеген еді. Алайда Ақорда бұл мәліметті сол күні- 2 қыркүйекте жоққа шығарды.

Кешкісін Ақорда Елбасының  Ислам Кәрімовтің қазасына байланысты Өзбекстан халқына көңіл айтқан жеделхатын жариялады. Онда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев „30 жылдай қанаттаса жұмыс істеген досымнан айырылғаныма қайғырамын„ деп жазды. Одан кейін Самарқандтағы Ислам Кәрімовтің жерлеу рәсіміне ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов бастаған қазақстандық делегация баратыны белгілі болды.

Загрузка...