Сауд Арабиясы Иран діндарларының қажылық сапарына қатысты талаптарын қабылдамады. Эр-Рияд Тегеранның Сауд Арабиясы “Аллаға апарар жолға бөгет жасайды” деген айыптауын “өрескел” деп санайды.
centralasian.org-тың хабарлауынша, Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі Адель аль-Джубейр Иран тарабының шеру ұйымдастыруға және бірқатар жеңілдіктер жасауға рұқсат сұрағанын мәлімдеді.
Министрдің пікірінше, мұндай шаралар Сауд Арабиясындағы қасиетті қалаларда қажылық кезінде аласапыран тудыруы мүмкін.
2015 жылы 460-тан астам ирандық зиярат етуші Меккедегі қажылық кезінде адамдардың кептелісінде көз жұмған. Иран билігі Эр-Риядты діни шараларды ұйымдастыруда кемшілік жібергені үшін айыптаған.
Сүнниттік ағымдағы корольдік отбасы билік құрған Сауд Арабиясы шииттер билейтін Иранмен биылғы жылдың қаңтарында қарым-қатынасын үзген.
Екі ел арасындағы жағдайдың күрт нашарлауына Тегерандағы Сауд елшілігі мен консулдығына ирандық шерушілердің от қойғаны себеп болды. Ирандықтар Сауд Арабиясының танымал шиит дінбасын өлім жазасына кескеніне осылай наразылық білдірген еді.