Грузияның Самтредиа қаласында жексенбіге қараған түні полиция мен марихуананы заңдастыруды қолдаушылар арасында қақтығыс болды. Акцияға қатысушылар полиция автокөліктерін ақ түске бояп тастады.
Грузияның орталық өңіріндегі шағын Самтредиа қалашығының полиция ғимараты маңындағы шеруді жастардың «Ақ қозғалыс» (екінші атауы – «Ақ шу») коммерциялық емес бірлестігі ұйымдастырды. Қозғалыс елде есірткінің жеңіл түрін заңдастыруды жақтайды.
Наразылық акциясына қатысушылар Демур Стуруаның есірткіге тәуелді болғанын жоққа шығармайды. Алайда «Ақ қозғалыс» жетекшілері Грузия мемлекетінің есірткіге қатысты тым қатал, тіпті қатыгез саясаты полицияға есірткіге тәуелді адамдарды бопсалап қысым жасауға мүмкіндік туғызып отыр деп санайды.
Шеруге қатысушылар пиротехникалық гранаталар мен түтіндеткіш құтыларын жарып, одан соң полицияның күзет көліктерін ақ түске бояп, «мені өлтірмеңіздер – мен де адаммын» деген жазуы бар плакаттар жапсырған. Грузияның ІІМ-і «өзгенің мүлкін бүлдіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Полиция автокөліктерін бояған жастар жазаға тартылуы мүмкін.