«Астана ЕХРО-2017» ұлттық компаниясының болжамынша, көрме аумағындағы коммерциялық қызметтерден келетін табыс 500 мың евродан асуы мүмкін.
Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында осы бағдарламаны ұлттық компанияның коммерциялау департаментінің өкілдері мәлім етті деп хабарлады ҚазАқпарат.
«Осының алдындағы жобаларға жасалған талдауға сүйенсек, көрме алаңында бір адам 4-7 сағат аралығында уақыт өткізеді. Біздегі көрменің аумағында 25 гектар алаңдағы көрме кешенін аралап шығады. Бұл уақытта әрбір адамға қызмет көрсету және оның қажеттіліктерін қамтамасыз ету қамтылуы керек»,-деді Илья Оразақов.
Оның сөзіне қарағанда, бұл бағдарламаға қатысуға ниетті шағын және орта бизнес ұлттық компанияға өтінішін жолдауы тиіс.
«2017 жылдың 1 мамырынан бастап көрме толықтай қызметін бастайды. Біздің барлық операциялық жүйелерді апробациялау іске асырылады. Ағымдағы жылдың қазан-қарашасында қатысушы елдерге көрме павильондары тапсырылады. Әлем елдерінің өкілдері мен халықаралық ұйымдар Астанаға сапарларын бастады. Осы ретте олар қазіргі кезде қызметтік жұмыстар бойынша танысып жатыр», – деді Илья Оразақов.