«Егемен Қазақстан» газетінің басшылығына белгілі ғалым, публицист, тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлі тағайындалды.
Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазды.
“Егемен Қазақстанның” ұжымына жаңа басқарма төрағасын таныстырдым. Бас газеттің басшылығына белгілі ғалым, публицист, тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлі тағайындалды.
Бүгінгі күнге дейін оның Халықаралық Түркі академиясын басқарып келгенін білесіздер. Бұрынғы басшы Еркін Қыдырға газеттің және жалпы отандық баспасөздің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіремін.
Дархан Қыдырәлі ғасырлық тарихы бар «Егеменнің» елдігімізді нығайту жолындағы істерін одан әрі жалғастырып, газетті жаңа деңгейге көтереді деп сенемін” – деп жазды өзінің Фейсбук парақшасында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.
Қыдырәлі Дархан Қуандықұлы 1974 жылы 16 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Түлкібас ауданында дүниеге келген. Алматыдағы №2 қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын республикалық мектеп-интернатта оқыған.
1991 мен 2001 жылдар аралығында ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Түркияның Мармара, Докуз Эйлүл, Эгей, Ыстамбұл университеттерінде білім алған. Мемлекеттік қызметкерлерге арналған тағылымдамалардан өткен. Мемлекеттік “Болашақ” бағдарламасының стипендиаты.
Еңбек жолын 2001 жылы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде аға ғылыми қызметкер болып бастаған. Содан бері бірнеше қазақтілді БАҚ басшылығында жетекшілік қызметтер атқарған.