Діни мекемеден тыс жерлерде жиын өткізуге тыйым салынбақшы

22 просмотров

Қазақстан билігі діни мекемелерден басқа жердегі діни мәндегі жиындардың өтуіне салынатын тыйымды заңдық тұрғыдан бекітуге ниетті. Бұл туралы Қазақстан Жаңалықтары хабарлайды.
ҚР мәдениет және спорт министрлігі дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкиннің айтуынша, қазіргі таңда діни уағыздар мен жиындар негізінен мешітте емес, жекелеген пәтер мен басқа орындарда өткізілетін болған. Бұл ретте билік “Дін істері және діни бірлестіктер” туралы заңға өзгерістер енгізуі мүмкін екен.

— Біз заңсыз жиындарды шектеп, ондай әрекеттерге мүмкіндік бермеуіміз керек. Бізде механизм бар, тек оны ауқымды ету керек, – деді Шойкин.

Ол бұл тұрғыда биліктің тәжірибесі бар екенін атап өтті. Аталған норма 2011 жылдан бері дамытылып келе жатыр екен.

— Қазір көптеген христиандық, басқа да дін өкілдері әкімдікпен бірлесіп, іс-шаралар өткізеді. Біз тек қойылатын талаптарды күшейткіміз келеді, – деді комитет төрағасы.

Ол жоспарланып отырған талаптардың жобасын ашып айтпады. Алдағы уақытта бұл заң депутаттардың талқысына түсуі мүмкін.

— Біз мұны қалай шектейміз деген мәселені ойлануымыз керек. Бұл тапсырма бірнеше күн бұрын ғана алдымызға қойылды. Ақтөбедегі жағдайдан соң бұл мәселені тез арада шешу қажет болып отыр. Адам құқығына әсер ететін болғандықтан, мәселе өте күрделі. Учаскелік полициядан бұл жағдайды қатаң бақылауға алуын да сұраймыз, – деді ол.

Бұған дейін Шойкин басқаратын дін істері комитетінің бөгде ел аумағында террорлық әрекеттерге қатысушыларды азаматтықтан айыру туралы ұсыныс жасағанын хабарлаған едік.

Загрузка...