Нұр-Сұлтан
Қазір
9
Ертең
16
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Дариға Назарбаева Сенатқа не үшін келді?

122

Назарбаева өз кезегінде тағайындала сала дәл осы сұраққа жауап берді.

«Мен өзімді өз Отаныма адал қызмет ететін адам, біздің Президентіміздің командасының мүшесі ретінде қарастырамын. Неше-түрлі болжамдар айтыла береді. Спекуляция, одан басқа ештеңе емес” деді ол.

Шынымен, мұрагер туралы әңгіме қашаннан бері айтылып жүр өзі? Соңғы 10-15 жыл бойы сөз қылып жүрген жоқпыз ба? Сонда да қоймаймыз. Назарбаеваның халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне тағайындалуынан саяси астар іздегеніміз де содан. 

Бұл тәжірибе емес. Назарбаеваның аталған комитетке келуін айтамыз. Еліміздегі қорғаныс саясатын анықтайтын, әрі соған жауап беретін құрылымға Дариға Нұрсұлтанқызын тағайындау туралы шешім  тосыннан қабылданған жоқ.  Қорғаныс пен қауіпсіздік қазіргі күні мемлекет баса назар аударып отырған сала. Барынша байыптылықты, жауапкершілікті қажет ететін сала. 

Сондықтан да биліктегі соңғы ауыс-түйістердің барлығында қисын бар. Мұның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитетіне келген Мәсімов аталған қызметке бекерден-бекер тағайындалған жоқ. 

Билік елдегі “күштік” блокты жаңа деңгейге шығармақ. Солай. 

“Үш әріптегі” өзгерістер ең алдымен бір-бірін аяқтан шалатын күштік құрылымдардың тәртібін тезге салу үшін жасалынды. Бұл тактикалық тұрғыдан керек еді. Ал Сенат комитетіндегі өзгерістер стратегиялық маңызға ие. Неге? Дариға Назарбаева жетекшілік ететін комитет іс жүзінде мемлекеттің қорғаныс саласындағы тұтас стратегиясын анықтайтын “орталық” іспеттес. Мұның ішіне қорғаныстан тыс, лаңкестікпен күрес мәселелері және Қазақстанның қорғаныс саласындағы халықаралық позициясын анықтайтын ұстанымдар қоса кіреді. 

Сайып келгенде, аталған қызметке Назарбаеваның тағайындалуын биліктегі әдепкі ауыс-түйіс деп те немесе саяси баспалдақпен “өрлеуі” деп те бағалауға болмайды. Мәселені бұдан кеңірек қарастырайық. Кезінде Парламенттегі әлеуметтік блокты басқарған кезде Назарбаева өзіне жүктелген міндетті жаман атқарған жоқ. Білеміз. 

Халықтың ой-пікірін жоғарыға жеткізді. Билік пен бұқараның арасында көпір орнатқандай болды. Былайша айтқанда, ел ішіндегі жоғарыға жете бермейтін әлеуметтік әңгімелерді  парламент отырыстарында ашық көтерді.  Соның арқасында әлеуметтік саладағы “қаны сорғалап тұрған” көптеген мәселелер шешімін тапты. Бұл оның еңбегі. Соның арқасы. Алайда бұл жағы айтылған жоқ. Жарнамаланбады. Дариға Нұрсұлтанқызының өзі де атқарған ісі мен еңбегін “бұлдайтын” адамдардың қатарынан емес 

Ендеше ойланыңыз. Оны тұтас қорғаныс саласына жауап беретін құрылымға әкелуде де белгілі бір мақсат бар. Дариға қорғаныс саласындағы мәселелерді шешуді төменнен бастайды. Бұған кешенді тұрде келеді. Былайша айтқанда, түбірімен қопарады. Қозғайды.  Аталған саладағы бұдан бұрын айтылмай, жазылмай келе жатқан не түрлі сұмдықтардың көкесін алдағы уақытта еститін боламыз. Жұмыс осылай жасалуы керек. 

Комитет төрағалығына тағайындала сала Назарбаев бірқатар мәлімдеме жасап үлгерді. 

Ол не деді? Бірінші кезекте, әскерге шақырылатын жастардың санын көбейтінін айтты. “Жастардың көбі жұмыссыз жүр. Өмірден өз орнын тапқан жоқ. Мұның арты адасуға әкеледі” деді ол. Ал армияға барса екі қолға, бір күрек таппай жүрген жастың алдымен тәртібі түзелер еді. 

Екінші мәлімдемесі. Назарбаева балаларды қорғау және оларға қиянат көрсеткен педофилдерді өлім жазасына кесу туралы қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселені тілге тиек етті. “Балаларға зорлық-зомбылық жасағандарды жазалау керектігін қолдаймын. Бірақ, Қазақстанның бұл тарапта тиісті халықаралық конвенцияға қол қойғанын ұмытпау керек” деді ол. Осы себепті де болашақта педофилдердің жазасын барынша қатаңдату мәселесі қарастырылатын болады. Мұны да Назарбаева айтады және аяғына дейін жеткізеді деген сенім бар. 

Осы екі мәлімдемеден не аңғардыңыз? Комитет өмірдегі жағдайға қарай әрекет етіп, өз стратегиясын түзейтін болады. Нақты жұмыс істейді. Осы себепті дәл қазір Дариға Нұрсұлтанқызының болашағын талқылау ерте. Оны бұл жерге уақытша әкелген жоқ. “Пайдаңды тигіз. Саладағы кемшіліктерді түзе” деді. Ал мұрагер мәселесі кейінге шегеріле тұрады. Себебі, дәл қазір бұдан да өзекті мәселелер бар. 

Ибрагим Дәулетқалиев,

Автордың Facebook`тегі парақшасынан алынды

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз