Өткен аптада Парламент мәжілісі комитетінің отырысында экстремизм мен терроризмге байланысты заң жобасы таныстырылды. Аталған заң жобасы жер мәселесінен кейін еліміздегі ең шулы проблема болайын деп тұрған сияқты. Өйткені онда салафизмге тыйым салу мәселесі қарастырылмаған. Әлде, саяси элита салафизмнің қоғамға қаншалықты қауіпті екенін түсінбей ме?
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, талқылау мейлінше ашық өтеді. Шынында да, Парламент сайтында жиынды тікелей трансляция арқылы көруге мүмкіндік жасалған. Оның үстіне заң жобасын талқылауға Айдос Сарым, Мұхтар Тайжан, Зәуреш Батталова, Жеміс Тұрмағамбетова, Досым Сәтпаев, Евгений Жовтис сынды белгілі азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері шақырылып отыр. Бұл әрине, құптарлық бастама.
Бірақ малы тұрмақ, өзінің жанын құрбандыққа шалуға дайын адамның қылмыс жасамауына дүние-мүлікті тәркілеу қаншалықты кедергі болады? Оның үстіне, қарау жарақ сататын дүкендерге қойылатын қатаң талап экстремисттік топтардың аяғына тұсау бола ала ма? Бұл жағы белгісіз. Ал ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов болса заң жобасында Астана мен Алматы қалаларында тіркеу талаптары күшейтілетінін айтып отыр. Яғни, пәтерін уақытша тұруға беретін азаматтар пәтерінде тұратындарды 10 күн ішінде жергілікті органдарға тіркетуі (прописка емес) керек. Сарапшылар бұл талаптың сыбайлас жемқорлықтың одан сайын өрістеуіне жол ашатынын айтады.
Бірақ заң жобасында салафизмге тыйым салу мәселесі қарастырылмаған.
– Заң жобасында салафизмге идеологиялық тұрғыдан қарсы тұру деген ұғым жоқ. Себебі салафилік – идеология. Идеологияға оған қарсы идеологиямен ғана қарсы тұруға болады. Яғни, бұл саладағы еліміздің саясатын, мысалы, ханафилік мазхабты түсіндіруіміз керек, – дейді Мәулен Әшімбаев.
Мәулен Әшімбаевтың идеологияға идеологиямен қарсы тұру керек деген уәжі орынды. Алайда өз идеологиясын кім көрінген жүзеге асырып жатқан елде салафизмге тосқауыл қою мүмкін емес екенін естен шығарып алған сияқты.
Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлының айтуынша, адамның санасы экстремизмге дайын болса, ешқандай қарудың қажеті жоқ. Мысалы, Францияда біреудің жүк көлігімен жұртты таптап өте шыққан.
– Әрине, идеологияға идеологиямен қарсы тұрамыз деген дұрыс. Алайда,
Қазақстанда бұрын «Таблиғи жамағат» деген ағым болған, Оған біз заң арқылы тыйым салдық. Ал енді салафизм ағымына келгенде біз басқа стандарттар ойлап кетеміз.
Неге бұлай? Идеологияға қарсы күрес үшін де мемлекеттен қолдау да керек, қаражат та бөлінуі керек, – дейді Қайрат Жолдыбайұлы.
Шынында да, дінтанушы айтқандай, жаңа заң жобасында ескеретін жәйттер жетерлік. Оның ішінде кезек күттірмей шешетін мәселе — салафизмге тыйым салып, оның идеологтарының атын атап ,түсін түстеу болса керек.
Мәселен, соңғы кездері Дарын Мұбаров, Октам сынды азаматтар салафизм ағымын насихаттаушы ретінде аталып жүр.
Құзырлы орган осыларға қатысты тез арада мәлімдеме жасап, оларды жауапкершілікке тартуы керек. Өйткені көптеген жастардың адасып. қолына қару алуына дәл осы идеологтар әсер етіп отыр.
Иә, құзырлы орган мәселенің себебімен күресудің орнына салдарына баса назар аударып отырған тәрізді. Ұзын сөздің қысқасы, салафизмді қолдаушылар өздеріне тыйым жасалмауына қатты жұмыс жасап жатқан сияқты. Егер олардың айтқанын орындап, дегеніне көне берсек, күні ертең Ақтөбе мен Алматыдағы оқиғалармен жылап көрісетін боламыз. Осы ретте
билік салафиттердің Ақордаға басып кіруін күтіп отыр ма деген орынды сұрақ туындайды?