Баян Есентаева өзіне қол жұмсап, сотталған күйеуін мақтап, жақсы қырларын атады, өзінің кемшілігін де жасырмады.
Ал әлеуметтік желіде өзін талқылаған адамдардың қатыгездігін сынап, қызғаныштарына жаға ұстады. Бұл туралы Баян Есентаева Vlast.kz басылымына берген бүкпесіз әңгімесінде мәлім етті.
Барлық әкімшілік, ұйымдастырушылық жұмыстардың басым бөлігімен күйеуім айналысты.
Мен тек Баян Есентаева болып, сұлулық салондарына барып, өзімнің сүйікті жобаларыммен ғана айналыстым. Мен ошақ басы, от қасы дегенді білген емеспін.
Мысалы, кір жуатын ұнтақ қанша тұрады? Мұндай сауалдарға ешқашан бас қатырған жоқпын. Менің балам оқып жүрген мектептің ақысы қанша екенін де білмеппін.
Ол маған: „Баяша, сен жұмысыңды істей бер, мен барлығын өзім реттеймін„ дейтін. Қазір осының барлығынан жұрдай болдым.
Анам маған: „Жүргізушіге, күзетке ақша төлеу керек„ дейді, мектептен қоңырау шалады… Әбден абдырап қалдым. Оның барлығы қанша тұрады?
Мен тегімді өзгерткен жоқпын, бірақ „Баян Есентаева, амансыз ба?„ деп амандасқанда оның мағынасы жоғалғанын ұғындым.
Әйтпесе күйеуімнің тегімнен жерініп жүрген жоқпын. Тек әлеуметтік желідегі тегімді ауыстырдым. Өйткені сол кезде менің көңіл-күйім соны қалады. Ал құжат бойынша әлі Есентаевамын.
Күйеуімді кешіру үшін маған 4 ай керек болды. Бірден айту керек, бастапқы 3 айда мең-зең болып, айналам түгілі өзімде не болып жатқанын дұрыстап ұққаным жоқ.
Мен құлазып, іштей күйзеліске ұшырадым. Антидепрессанттар қабылдадым, психологтарға қаралдым, әлем шарлап, тентіреп кеттім.
Қытай мен Францияда тексеріліп, инемен ем алдым. Не істемедім десеңізші… Барлығын ойлайтындай менде күй болмады, маған жанымды дереу айықтыру керек болды, түсінесіздер ме?..
Ал кейін маған қылғаны үшін оның 15 жылдан 20 жылға дейін сотталуы мүмкін екенін түсіндім. Бұл басыма жеткенде есеңгіреп қалдым. Адамды 15 жылға отырғызу деген…
Ол менің балаларымның әкесі, бас қосқанымызға да ұзақ жыл болды, 22 жылда ол адамды жақсы білмек тұр ғай, оны өзіңнің жалғасың секілді қабылдайсың. Ол сенің қолың, ол сенің аяғың, сенің бір бөлшегің секілді…
Мен онымен болған жайттан соң 3 айдан кейін алғаш рет сөйлестім. Онымен сөйлесу керек деп өзім шештім. Мен үшін бұл маңызды болды, дегенмен мен оны көруге дайын емес едім. Біз онымен бір сағат бойына сөйлестік…
Мен әрдайым тамаша күйеуімнің барын айтатынмын, бұл — шындық.
Менің кейбір жеке кемшілігімді есепке алмасақ, оның жанындағы әйел өте бақытты бола алар еді, өйткені ол отбасы үшін жаралған нағыз ер және үлгілі әке.
Мұны мен жиі айтатынмын, шындығында да ол солай. Өкінішке қарай, біздің арамызда болған жайттан елдің бәрі хабардар боп қойды.
Әрине, ол қоғамда осындай дүрмек туады деп ойлаған жоқ. Ол ел алдындағы Баян Есентаеваның емес, өз әйелінің жанын жаралағысы келді. Солай болды да. Мен мұндайды күткен жоқпын, өйткені ол әрдайым мені алақанына салып аялады, ешқашан маған жамандық жасауды ойлаған емес. Бірақ сол деңгейге жеттік. Мен де сүттен ақ, судан тазамын деп айта алмаймын…
Иә, бұл қызғаныш болды. Себебі ол маған өлердей ғашық болып, өбектеп өмір бойына махаббат сезіміне бөледі. Мен 22 жыл бойына шексіз махаббатқа бөлендім. Мүмкін махаббат үлкен болғанда оны кез келген адам көтере алмайтын шығар… Иә, мен оны көтере алмадым.
Мен Үндістанға барып, киелі орындарда дұға тіледім. Бұл елдің философиясы мені аздап өзгертті. Адамның бақыты ақшасы мен әлеуметтік жағдайына түк қатысы жоқ. Мұнда осыны ұғындым. Шіркеуде шелпек пісіріп, кедей-кепшікке тараттық, еден жудық. Сол кезде адамның кез келген жағдайда бақытты бола алатынын түсіндім.
Білесіздер ме — біз өте қатыгезбіз. Әлеуметтік желідегі — сұмдық нәрсе, бұл біздің айнадағы сұлбамыз, бұл біздегі қатыгездіктің, агрессияның, қызғаныштың көрінісі.
Үндістанда көп киелі орынға барып дұға еттім. Ол мешіт пе, шіркеу ме маған бәрібір болды, тек дұға тілеумен болдым. Сөйтіп не болса да басымнан қандай жағдай өтпесін бақытты болуға бекіндім. Сөйтіп елге келіп, күйеуіммен сөйлестім. Оны кешірдім…
Жаңа келбетімді қабылдау керек, барлығы орнына өте баяу келіп жатыр. Бәрі баяғыда өз орнына келуі керек болған, бірақ олай болмады, өйткені оны мен қабылдай алмай жатқаннан кейін дейді. Бірақ мен жаңа түрімді қабылдай алмай жүрмін. Бұл – өте қиын.
Мен бұған Құдайдың сабағы ретінде қарадым, осыған дейін сұлу болдың, енді мынандай болып көр дейтін секілді.
Әлі мұрныма ота жасатуым керек, ол туралы ойлағым да келмейді, себебі ауруханадан шаршап кеттім. Әрине, ерте ме, кеш пе бәрі өз орнына келеді, оны білемін. Сондықтан неменеге ұяламын деп ойладым. Онсыз да елдің бәрі маған не болғанын жақсы біледі ғой.
Қазіргі түрімді әдемі деп санамаймын, әдемілік туралы бәрінен жақсы білетін шығармын, көп уақыт әдемі қыздармен жұмыс істедім ғой. Мен сұлулықты қалаймын, оны жақсы көремін…