Бас прокуратура: Қазақстанда пәтер алаяқтығы өршіп тұр

44 просмотров

Талдау көрсеткендей, соңғы уақытта пәтерге байланысты алаяқтық әрекеттер жиілеп кетті, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

 

2015 жылы республика бойынша пәтерлерді және үйлерді сатумен байланысты алаяқтықтың 700-ден астам фактісі тіркелген.

Ағымдағы жылдың 3 айы ішінде осындай сипаттағы фактілер бойынша 519 сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмысы басталды.

Алаяқтардың тапқырлығы мен «клиенттердің» сенімділігіне сәйкес тұрғын үйлерге қатысты алаяқтық әдістері сан түрлі.

Мұндай әдістердің кең тарағаны — пәтерді нарықтық бағадан төмен бағаға сату.

Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында Б. есімді азаматша бұқаралық ақпарат құралдарында және инернет сайттарында банкілерде кепілде тұрған пәтерлерді сатып алу және оларды нарықтық бағадан төмен бағаларға сату туралы хабарландырулар берген.

Өз қызметінің заңды болып көрінуі үшін және азаматтарды жаңылдыру мақсатында олармен  нысаналы мақсаты «пәтерді сатып алу» деп көрсетілген нотариалды куәландырылған қарыз шарттарын жасасқан. Сонымен қоса шарт бойынша азаматтарда ұсынылып отырған пәтерлерді өз бетімен көруге және мемлекеттік органдардан пәтерлердің тіркелуі мен кімге тиесілі екені жөнінде ақпарат сұратып алуға құқығы болмаған.

Нәтижесінде Б. есімді азаматша тоқсан екі жәбірленушіге жалпы сомасы 371 млн. теңге көлемінде материалдық залал келтірді.

Бұл заңсыз әрекеттері үшін Өскемен қаласы сотының үкімі бойынша Б. есімді азаматша мүлкін тәркілеу және 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, оған жазасын жалпы режімдегі түзеу колониясында өтеу тағайындалды.

Басқа жағдайларда алаяқтар мемлекеттік бағдарламалар бойынша үй алуға көмек береміз деген уәдемен жәбірленушілерден алдау жолымен ірі сомалар алып отырған.

Мысалы Орал қалалық сотының үкімі бойынша мүлкін тәркілеу және әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасымен 5 әйел адам сотталды.

Бұл әйелдер тобы өздерін жылжымайтын мүлікті сату жөніндегі менеджерлер ретінде таныстырып, мемлекеттік бағдарлама бойынша арзан пәтерлерді сатып алуға жәрдемдесуге уәде берген. Ақшаны беру қарыз шартымен рәсімделеді. Нәтижесінде ақша да жоқ, пәтер де жоқ.

Бұл әдісті алаяқтар бір жыл бойы қолданып келген, олар елуден астам азаматты алдап, әрқайсысына 30 бен 50 мың АҚШ доллары көлемінде залал келтірген. 2015 жылы алаяқтардың құрығына түскен азаматтар құқық қорғау органдарына шағымдана бастаған уақытта олардың қылмыстық әрекеттері тоқтатылды. Қазіргі уақытта кінәлілер сотталды, алайда залал толығымен өтелген жоқ.

Бұл алаяқтықтың бірнеше түрі ғана, ал қазіргі заманда олардың түрлері өте көп.

Жылжымайтын мүлікке қатысты мәміле жоспарлау барысында, әр адам өзін алаяқтардан қорғау туралы ойлануы керек.

Ол үшін жылжымайтын мүлік нысанының бағасына назар аударған жөн, өйткені пәтерлер тым арзанға сатылмайды.

Ең алдымен басты назарды адамдарға емес, құжаттарға аудару қажет. Барлық құжаттар рет-ретімен толық болуы керек және сізге мәміле алдында берілуі міндетті. Сонымен қатар барлық жағдайда құжаттардың түпнұсқасын талап еткен жөн.

26-10-15-foto-600x400-1-2

Загрузка...