БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігі Қазақстанға не береді?

286 просмотров

Қазақстан келесі жылға БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Бұл жаңалық елімізде тарихи оқиға деп бағаланып жатыр. Жалпы, оның Қазақстан үшін мүмкіндігі мен артықшылығы қандай?

Әзімбай Ғали
Әзімбай Ғали

Бұл ретте біз сөзге тартқан саясаттанушы Әзімбай Ғали халықаралық ұйымның тізгінін қолға алу Қазақстан және Қазақстан дипломатиясы үшін үлкен олжа екенін айтады.

Оның пікірінше,

бұл оқиға бүгіндері геосаясатта арасы қатты алшақтаған Ресей мен АҚШ қарым-қатынасына „жылылық„ әкелуі мүмкін.

— ІІ-дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің мақсаты ірі державалар арасында әскери қақтығысты болдырмау болып табылады. Осы мақсатта әр жылдары тұрақты және тұрақты емес мүшелері алмасып, кеңеске төрағалық етуде бейбітшілік мүддесінде түрлі бастама көтереді.

Биыл тұрақты емес мүшені сайлауда Қазақстан кездейсоқ таңдалып отырмаған секілді. Осы жағынан алғанда, халықаралық қауымдастық арасы тым суып бара жатқан Батыс пен Ресейді, АҚШ пен Ресейді табыстырғысы келетін болуы керек. Өйткені бұл дүрдараздық барлық тараптың экономикасына айтарлықтай зиян әкеліп жатыр, — дейді ол.

Сондай-ақ саясаттанушы Украина мәселесінің де бір ретке келіп қалу ықтималдылығын жоққа шығармайды.

— Ресейге санкция Украинаға қатысты салынды. Қазір санкцияны алу туралы Еуропаның бірқатар мемлекеті мәселе көтеріп жатыр. Ресей де бұл мүмкіндікті пайдаланып, келіссөздерге баруға дайындалады, — дейді ол.

Халықаралықтан тыс аймақаралық мәселелерді де оңтайлы шешіп алуға мүмкіндік тумақ. Орталық Азия үшін шешімін таппаған ортақ мәселе көп. Мысалы, су, энергетика, есірткі тасымалы мәселелері. Міне, мұның барлығын халықаралық ұйым мінберінен көтеріп, күрмеуі қиын мәселелерді біршама жеңілдетіп алуға болады екен.

Кеше ғана Түркия сыртқы істер министрлігі Қазақстанның, әсіресе Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей мен Түркия арасына арағайындық жасап, достастық қарым-қатынасты жаңғыртуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірген еді. Осы жағынан алғанда, саясаттанушы айтпақшы, Қазақстанның жемісті арағайындық қызметі халықаралық қауымдастықтың басқа да мүшелеріне қажет болып отырған сынды.

БҰҰ Қауіпсіздік ұйымы 15 мемлекеттен тұрады, оның 5-уі тұрақты мүше (РФ, АҚШ, ҚХР, Ұлыбритания және Франция). Ал қалған онының әрқайсысы 5 аймақтық топтан екі жылға сайланады. Демек, келесі жылы Қазақстан Азия-Тынық мұхит тобындағы мемлекеттерді танытушы Малайзияның орнын басатын болады.

Бүгін Сенатта Қасым-Жомарт Тоқаев «Бұл — шын мәнінде тарихи оқиға, Елбасы бастаған отандық дипломатияның тарихи жеңісі, бүкіл әлем таныған сыртқы саясаты сындарлы ел екеніміздің айқын көрінісі болып табылады„ деп мәлімдеді.

Загрузка...