Қазақ-түрік лицейлері осыған дейін қалай жұмыс істеп келсе, бұдан кейін де солай жұмыс істей береді.
Бұл туралы бүгін тамыздағы ұстаздар жиналысында ҚР білім және ғылым министрі мәлім етті.
– Қазақ-түрік лицейлері туралы айтқым келеді. Президенттің тапсырмасымен министрлік жанынан жұмыс тобы құрылып, жұмысын бастап кетті. Біз түрік тарапымен тығыз байланыста жұмыс істейміз.
Бірақ мұның оқу процесіне қатысы жоқ. Олар біздің қазақстандық мектептер, біздің стандарттармен білім береді. Біз оларды бірнеше рет тексергенбіз. Оларға айтар шағымымыз жоқ.
Лицейлер осыған дейін қалай жұмыс істеп келсе, бұдан кейін де солай жұмыс істейтін болады, – деді тамыз жиналысы барысында министр Ерлан Сағадиев.
Еске салайық, Мемлекет басшысы түрік лидерімен кездесуінде Қазақстанда Анкара оппозициялық ислам уағызшысы Фетхуллах Гүленмен байланысы бар деп есептейтін барлық мектептің тексерілетінін мәлімдеген болатын.
Айта кетейік, Қазақстанда 27 мемлекеттік қазақ-түрік лицейі бар. Түркияда 16-шілдеде мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінен кейін түрік билігі қазақ-түрік лицейлерімен байланысы жоқ екенін мәлімдеген болатын.