Қазақстанның 6 қызы — Әлем чемпионатының жартылай финалында

18 просмотров

Бүгін  Астанада өтіп жатқан бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының жартылай финалдық бәсекелері өтеді және Қазақ елінің 6 боксшысы шаршы алаңға шығады. 

56fbdb367eb46

Атап айтқанда, 48 келіде Назым Қызайбай, 51 келіде Жайна Шекербекова, 54 келіде Дина Жоламан, 57 келіде Айжан Қожабекова, 69 келіде Валентина Хальзова және аса ауыр (81+) салмақтағы Ләззат Күнгейбаева ел намысын қорғайды.

Бір өкініштісі, белгісіз себептермен 60 келі салмақта талассыз фаворит болған Назым Ищанованы қолдан жығып беріп, олимпиада жолдамасы сарапқа салынған додаға тәжірибесіз Римма Волосенконы қосқан Қазақстан бокс федерациясының үміті ақталмады. Астаналық қыз артылған сенімді ақтамай, қарсыласына есе жіберіп, олимпиада жолдамасы қолдан сусып кетті.

«Қазспорт» телеарнасы жартылай финалдық бәсекелерді тікелей эфирде көрсететіні жоспарланып отыр. Жарыстың күндізгі бөлігі Астана уақытымен 14-40-та басталады. Ал кешкі бөлігі сағат 18-40-та жалғасын табатын болады.

Ал ертең әлем чемпионатының ең тартысқа толы болатын финалдық кездесулерін «Қазақстан» ұлттық телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

19-мамыр күні басталған жаһандық бәсеке 27-мамыр күні мәресіне жетіп, қыздар арасындағы әлемнің ең үздіктері анықталатын болады.

Барлық он салмақ бойынша алтын жүлде үшін болатын шаршы алаңдағы кездесулер Астана уақытымен 14-45-те басталады.

Айта кету керек, әлем чемпионаты Астана қаласында өткен жылы ашылған  көп салалы «Барыс-Арена» спорт сарайында өтіп жатыр.

Жанкүйерлерге тегін кіру мүмкіндігі қарастырылған.

Загрузка...