Соңғы кездері елімізде психологтың көмегіне жүгінген ойынқұмарлар саны күрт артқан.
Дәрігерлердің айтуынша, букмекерлік кеңселер жаңбырдан кейін шыққан саңырауқұлақтар секілді елімізде қаптап барады. Сәйкесінше, оған және автомат ойындарына баратындардың да саны артуда деп хабарлады 31 телеарна.
Бұл Қазақстанда Қапшағай мен Щучинскіден тыс жерлерде құмар ойындардың ойналуына салынған тыйымға қарамастан орын алып жатыр.
– Неге құмар ойынға құнығады? Өйткені, біріншіден, басындағы проблемаларды ұмыту үшін, екіншіден, көп тер төкпей қысқа мерзім ішінде қалтасын қампайтып қалу туралы арам ой оған жетелейді. Үшіншіден, бұл өз-өзіне сенімсіз адамдар, – дейді Көкшетау қалалық емханасының психиатр дәрігері Гүлшат Хасенова.
Қазақстанда ойынқұмарлықтан емдеу сеансының құны 15 мың теңгеден басталып, 360 мың теңгеге дейін барады екен. Психологтардың айтуынша, букмекерлік кеңсе де құмар ойынға жатады, сондықтан оны да мемлекеттік бақылауға алу керек.
Қазақстанда ойын автоматтары покер клубтары заңсыз қызмет болып танылса, ал спортқа бәс тігу – заңды бизнес санатына жатқызылады.
Маңғыстау облысының тұрғындары InВet дегенге көп шағым-арыз түсіруде. Прокуратурадағылардың анықтағанындай, бұл букмекерлік кеңсе құрал-жабдығына арналған қамсыздандыру бағдарламасы екен.
Өңірде букмекерлік кеңселер кейінгі кездері көптеп ашыла бастаған. Ал прокурорлар тексеруге бұйрық шыққаннан кейін бір айдан соң кірісе алады екен. Ал оған дейін букмекерлік кеңсе жабылып, басқа жерден ашылады.
– Мемлекеттік органның ешқайсысы бұл мәселемен тұрақты түрде шұғылданбайды, – дейді Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары Ержан Бердібеков.