Қазақ ұлтшылдары билікке келсе, не өзгереді?

1 016 просмотров

Бұл тақырып талай талқыланған. Әлі де талқыланады. Себебі бұл Қазақстанда қазақтың мәселесі әлі шешілген жоқ. Осындағы орыс шовинистері қазақ ұлтшылдарынан қатты қорқатыны баяғыдан белгілі. Содан да шығар, қазақтың сойылын соғып жүрген азаматтарды сырттай «нацпат» деп атайды. Өздерінше, тиіскен түрлері ғой.

57494b2ed43081464421166
Мұхтар Тайжан

Иә, орыс басылымдары бұл тақырыпты жиі қаузайды негізінде. Көбінесе, сырттай баға береді. Қазақ ұлтшылдарын тікелей әңгімеге тартып олардың пікірін білуге тырысатындары аз. Солай. Соңғы кездері бұл сеңді Central Asia Monitor басылымы бұзуға тырысып жүр.

Басылымның қазақ ұлтшылдарына деген көзқарасы қандай екені бізге белгісіз. Бірақ олардың пікірін білуге тырысқан ұмтылысын оң бағаладық.

Дәл осы басылым бір жолы саясаткер Мұхтар Тайжаннан сұхбат алған. Оған «билікке қазақ ұлтшылдары келсе не өзгереді?» деген сауал қойыпты.

Тайжан бұған қалай жауап берді?

Қызыл империя ұлтшылдардан қорықты

– Алдымен ұлтшыл деген сөздің түпкі мәнін анықтап алайық. Кеңес үкіметінде бұл сөз жаман сөз еді, себебі империяның мүддесіне қайшы болатын. Неге, білесіз?

Бұл сөздің түп-төркінінде ұлттық мемлекет құру, тәуелсіздікті қайтару деген мағына жатқан. Бұл КСРО-ның құрамындағы бодан елдердің құлағына шалынса не болар еді, айтыңызшы?

Сондықтан да ол тұстары Алаш зиялыларын, хан Кенені «буржуазиялық ұлтшылардар» деп атаған. Империя үшін олар жау болды. Ал біз үшін олар батыр, элита, ұлттық интеллигенцияның өкілдері.  Біз әлі де сол түсініктен арылған жоқпыз.

Өз халқы үшін жанын беруге әзір патриоттарды ұлтшылдар деп айтады.   

Міне, Тайжан осындай ой түйеді. Қалай ойлайсыз, елді дүрліктіретін сөз айтты ма? Жоқ, әрине. Тек тыңдар құлақ болса. 

Жә, бұл мәселені жабайық. Ендігі кезекте билікке қазақ ұлтшылдары келсе, не өзгереді деген сауалға жауап іздесек. 

Дәл осы сауалды Central Аsia monitor басылымының тілшісі Тайжанға төтесінен қойыпты.

Аға-көкеге сенетіндердің басына күн туады

– Бірінші кезекте ашық, әрі әділ сайлау өтеді. Партия құрудың жолы жеңілдейді. Қазіргідей 40 мың адам жинамайсың. Екіншіден, Парламенттің жоғары палатасы саналатын Сенат қысқарады. Конститутциялық сот қайта қалпына келіп, соттардың тәуелсіздігі қамтамасыз етіледі. Соттар айына 10 мың доллар алатын болады және оларға 75 жасқа дейін жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Соттар биліктің кез-келген өкілінен биік тұратын болады.

Қазіргідей аға-көкеге сенетіндер сол кезде әділ жазасын алады. 

Ғылым академиясы қайта «тіріледі». Ұлттық банк толық тәуелсіздік алады. Бюджет конститутциясы қабылданып, шығыс пен кірістің деңгейі тең болуы қажет деген талап қойылады, – дейді Тайжан.

Салмақтап қараған адамға, саясаткер ақылға сыйымды дүниелер айтып отыр. Бұған біздің еліміздегі қазақ десе кірпідей жиырыла қалатындардың өзі қарсы шыға қоймас деген ойдамыз. Бірақ, оларды басқа мәселе мазалайды? Тіл. Қазақ тіліне қандай үстемдік беріледі? 

Тайжанның бұл тараптағы ұстанымы мынадай: 

Қазақ тілі балабақшадан бастап оқытылатын болады

Қазақ тілі балабақшадан бастап оқытылатын болады. Алдымен мектептер, артынша барлық ЖОО-ларды мемлекеттік тілге көшіреміз. Әрине, шаш ал десе, бас алатын саясат жүргізбейміз. 40-тан асқан адамдарға мемлекеттік тілді білуді талап етпейміз. Олардың жастарында бұл мүмкін емес. Алайда

халыққа қызмет көрсететін салаларға барғысы келетіндерге (айталық, шенеуніктер, есепшілер, шаштараздар, даяшы, сатушы т.б.) қазақ тілін білу міндетті болады. 

Қазіргі заманауи кинолар толықтай қазақ тілінде көрсетіледі. Журналистика, оның ішінде радио, сайт, газет-журнал, ғылым барлығына инвестиция құямыз. Осы арқылы қазақтілді орта қалыптастырамыз. Бұл қазіргіден жеңіл жүреді.

Себебі, Қазақстанды қазақыландыруға мемлекеттің өзі мүдделі болады. 

Ал Ресей ше? 

Шынымен, Ресейді қайда қоямыз? Кремльдің көсемі әлемдегі ең берік одақ дейтін Еуразиялық одақтың тағдыры не болмақ? Тайжан бұл арада да турасын айтқан.

– Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтан шығады. Бір кезгі КСРО құрамында болған елдермен алыс-беріс, барыс-келісті ТМД аясындағы келісімдер негізінде жүргіземіз. Еуразиялық одақтың түкке қажеті болмайды. 

Біз өзіміздің Кедендік кодексті қайтарамыз. Бұл Ресей емес, біздің экономикаға негізделген кодекс болады. Ал қазір қалай?

Қазір біз 90 пайыз Ресейдің Кедендік кодексіне тәуелдіміз. Бұл біздің өнім өндірушілерді тақырға отырғызуда. 

Ең бастысы — Қазақстан аумағында орналасқан Ресейдің барлық әскери полигандарын жабамыз. Байқоңырдағы улы гептилді қолдануға тыйым саламыз, – дейді Тайжан. 

Оның пікірінше, айтылған дүниенің бәрін орындау үшін ұлт патриоттарына небәрі екі жыл жеткілікті.

Солай. Қазақтың қандай қиын-қыстау кезеңді бастан өткергенін білетіндер үшін Тайжанның тұжырымдары дұрыс.

Бірақ, мұны бұрыс деп санайтындар да бар.

Оларға дәл бүгінгідей Қазақстан керек. Олар дәл бүгінгідей Қазақстанда өмір сүргенді қалайды. Себебі, өздері үшін жайлы себебі. Ал қазаққа ше?

Загрузка...