Ауыр атлет Владимир Седов ел чемпионатында шу шығарды — видео

64 просмотров

Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының мүшесі, 2009 жылғы әлем чемпионы, 94 келіде сынға түсуші Владимир Седов Талдықорғанда өтіп жатқан ел чемпионатында ыңғайсыз қылық танытты. Бұл туралы vesti.kz хабарлайды.

Седов ел біріншілігінде де 94 келіде сынға түсуі керек болған. Алайда ол алаңға шыққанымен, зілтемірді көтермеді. Оның орнына спортшы үстіндегі ақ жейдесін шешіп, “Мә, сендерге олимпиада чемпионы!” деп айқайлап, көрермендерге қарай лақтырып жіберді.

Жейдеде ресейлік зілтемірші Александр Иванов бейнеленген. Орыс спортшысы 2012 жылы Лондон олимпиадасында қазақстандық Илья Ильиннен ұтылып қалған болатын.

Осы оқиғадан соң 94 келі салмақта Қазақстан чемпионы атағына 396 келі (180+216) көтерген Денис Уланов ие болды. Ал төрешілер алқасы спорттық киімнің сыртынан артық жейде киіп шыққаны үшін Седовқа ескерту жасалғанын айтты. Әзірге, оның мұндай әрекетке не үшін барғаны белгісіз. Ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ни бұл жайтқа қатысты кейінірек түсініктеме беретінін айтты.

Еске сала кетсек, Владимир Седов 94 келі салмақта Азия чемпионатында жеңімпаз атанып Рио олимпидасы жолдамасын иеленген болатын. Сол сында бүгінгі чемпион Денис Уланов 85 келіге дейін сынға түсіп алтын еншілеген еді.

Загрузка...