Атырауда анасын жерлеген қыз бауырларын сотқа берді

2 008 просмотров

Атырауда бір үйдің 3 баласының бірі қалған екеуінен анасын жерлеу рәсіміне шыққан шығысты өндіруін талап етті, сотқа берді. Сот бұл өтінішті ақылға сыйымсыз деп тауып, оны қанағаттандырудан бас тартты.

Бұл туралы Атырау қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Талап қоюшы сотқа талап қою арызымен жүгініп, онда анасының қайтыс болуына байланысты қайтыс болған күні және 7 күннен соң ас беруіне, «Ақ жайық» газетіне жарнама жариялауына, бейітін салу үшін құрылыс материалдарын алуға және граниттен жасалған белгі қоюға байланысты барлығы 1 560 524 теңге жұмсағанын айтады.

Сондықтан мұрагер ретінде жерлеуге кеткен шығындарын мұрагерлік мүліктің мөлшері шегінде қалған мұрагерлерден өндіруге құқығы бар екенін, шығын сомасын үшке бөлгенде әр мұрагерге 520 174 теңгеден келетіндігін көрсетіп, жауапкерлер С.Т. және Д.Т-дан, жауапкерлердің заңды өкілі Т.К.-дан 1 040 348 теңгені өндіруді сұраған.

Сотта Т.С. 2015 жылғы 14 желтоқсанда 50 жасында қайтыс болғаны, оның мұрагерлері болып қызы – талап қоюшы Н.Ш., жауапкерлер әрекетке қабілетсіз қызы – С.Т. және кәмелетке толмаған ұлы – Д.Т. табылатындығы анықталған. Дау тараптардың арасында заң сәйкес мұраны қабылдағаннан кейін туындаған.

Сонымен қатар, сотпен анықталғандай талап қоюшы жерлеуге байланысты шығындар көлемін алдын-ала жауапкерлермен келіспеген, шығындарды өз еркімен көтерген, тәуекел етуді ескермей, азаматтық процестік заңнамаға сәйкес алдағы уақытта өндіріп алу мүмкіндігін қарастырмаған.

Сот жоғарыда көрсетілген мән-жайларды, сонымен қатар ҚР Азаматтық процестік кодексінің 6-бабының талаптарын ескеріп, әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарын негізге ала отырып, талап арыздың негізсіз келтірілген деп тұжырымдап, толықтай қанағаттандырудан бас тартты.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Загрузка...