Қарин: Былтыр әлемнің 95 мемлекетінде 11 мыңнан астам лаңкестік жасалған

27 просмотров

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен белгілі саясаттанушы, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин Ақтөбеге келді.

Сапарының бірінші күнінде саясаттанушы Алға, Мұғалжар және Темір аудандарына барып, тұрғындармен, имамдармен кездесті, бірқатар мәселелерді талқылады, деп хабарлайды BNews.kz.

Ерлан Қарин саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері және Қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Бердібек Сапарбаев ҚСЗИ директорының Ақтөбеге сапарының негізгі мақсаты – 5 маусымда болған лаңкестік әрекеттен кейінгі жағдайды зерттеу екенін айтты.

«Облыстағы әлеуметтік-саяси жағдай тұрақты. Сол қайғылы жағдайдан кейін қорытынды жасап, қайталанбас үшін бірқатар шаралар қолға алуымыз керек», — дейді облыс әкімі.

Бұл мәселеде билік қауымдастық өкілдерінің көмегіне арқа сүйейді. Айта кеткен жөн, өңірде 6 саяси партия, 69 діни бірлестік, 19 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Ерлан Қарин өңірге шақырғаны үшін Бердібек Сапарбаевқа алғысын білдірді.

«Зерттеушіге қоғамның көңіл-күйін сезіну маңызды, егер тікелей диалог пен байланыс болмаса, ешқандай зерттеу тиімді болмайды. Сондықтан Бердібек Мәшбекұлы Ақтөбеге шақырғанда, мен бірден, әрине, келістім. Биліктің балама баға беру мен осы мәселені талқылауға қызығушылық танытқаны қуантарлық. Кездесулер барысында біз тек пікір алмасып қоймай, өз байқағанымызбен бөлістік, өз кезегінде ол қандай да бір ұсыныс жасағанда қажет болуы мүмкін. Бұл – кеңінен қолданылатын жақсы тәжірибе. Әсіресе, мемлекет пен қоғам арасында диалог орнатудың жаңа деңгейіне сұраныс болғаны маңызды», — дейді саясаттанушы.

Ерлан Қариннің айтуынша, Ақтөбеде болған оқиға – ауқымды сипатқа ие. Өз сөзін ол дәйектермен бекітті. Былтыр әлемнің 95 мемлекетінде 11 мыңнан астам лаңкестік әрекет жасалған. Сирияда 80 мемлекеттен 30 мың жауынгер соғысып жатыр.

«Қазақстанда мемлекет пен құқық қорғау органдары бұл процесті біразға дейін ұстап келді, алайда, ықпал ету арналары мен құралдары кеңейіп келеді, жаңа тетіктер пайда болып отыр. 10 жыл бұрын әлеуметтік желілер болмады, біз сайттарды бұғаттау керек дедік, қазір материалдар мессенджерлердің көмегімен тарап жатыр, яғни, жыл өткен сайын жаңа тәуекелдер пайдла болып келеді. Бұл ретте себептерін объективті тұрғыда түсіну керек, бұл оқиғалар мемлекет пен қоғамның бірлесіп жұмыс істеу керектігін меңзейді», — дейді Ерлан Қарин.

Саясаттанушы сондай-ақ жасөспірімдер арасында идеалдардың деформацияға ұшырағанын жеткізді. Бұл қауіпке білім мен ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр болғанда ғана қарсы тұруға болады дейді ол.

Загрузка...