Удан да қауіпті сұйықтық Алматы әуежайын дүр сілкіндірді! Шыны ыдыстағы сынапты Тбилисиге тасымалдамақ болған жолаушы тексерістен өте алмай, сұйықтықты сол жердегі қоқыс жәшігіне төккен.
Бұл туралы КТК хабарлады.
38 жастағы ер адам онысын бірден мойындаған жоқ. Алдымен сусын, сосын «дәрі» деп бақылаушылардан айласын асыруға тырысты. Ал одан күдіктенген қызметкерлер бірден тәртіп сақшыларын шақырыпты. Бірақ полицейлер келгенше тексерістен өте алмаған жолаушы сынаптан құтылмақ болған. Сөйтіп, адамдар далаға шығарылып, төтенше жағдай қызметкерлері шақыртылды. Әуежай химиялық заттан тез арада тазартылған. Ал сұйықтықты жасырын алып өтпек болған азаматтың өзі қазір тергеліп жатыр. Ол енді осы әрекеті үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Тіпті, әуежайды аяғынан тұрғызған жолаушының кесірінен рейстердің сағаттап кешігуіне де тура келді. Жалпы саны 6 әуе кемесі уақытылы ұша алмай қалды.
– Қол жүгін тексеру кезінде белгісіз химиялық зат алынған. Құтқарушыларды шақырдық. Тіркеу өткен жолаушыларды қауіпсіз маңайға шығардық.