Ақтөбедегі төтенше жағдайға қатысты толық ақпарат жарияланды

104 просмотров

ҚР Ішкі істер министрлігі 5-маусымда Ақтөбеде болған төтенше жағдайға қатысты осы уақытқа дейін келіп түскен толық ақпаратты жариялады.

ҚР Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің мәліметінше, Ақтөбедегі 5-маусымда болған қанды оқиғада екі қарулы топ әрекет еткен.

Биыл 5 маусымда Ақтөбе қаласында сағат 14.28-де діни радикалдық топ қару-жарақты иемдену мақсатында «Паллада» дүкеніне қарақшылық шабуыл жасады. Дабыл шақыру түймесін басып үлгерген сатушыны қылмыскерлер бірнеше жерден пышақтап, сатушы оқиға орнында қаза тапты. Дабыл бойынша бірінші болып «Жедел Күзет» агенттігінің екі қызметкері келіп жетеді, олардың бірі сол жерде қаза болып, екіншісі атыс қаруынан жараланды.

«Паллада» дүкеніне полиция жасағы келіп жетті, оларға қылмыскерлер қарулы қарсылық көрсетті. Атыс барысында үш полиция қызметкері жараланып, сол сәтте қылмыскерлер патрульдік машинаны басып алды.
Ол дүкеннен қылмыскерлер 17 атыс қаруын (3 ойықты және 14 тегіс ұңғылы аңшы мылтығын), 3 газ тапаншасын, патрондар мен пышақтарды алып үлгерген. Дүкенде мүліктерді түгендеу жүргізілуде, қылмыскерлер алып кеткен қарулар мен оқ-дәрілер саны анықталуда.

«Паллада» дүкеніне шабуыл жасағаннан кейін қарулы қылмыскерлер екі топқа бөлінген. Қылмыскерлердің бір тобы 6 адамнан тұрады. Олар басып алып мінген патрульдік автокөлікпен «Пантера» қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасады. Дүкен ішіндегі екі адамды пышақтап, оның бірі сол жерде қаза тапқан, екіншісі жараланды. «Пантера» дүкеніне келген полиция қызметкерлері атыс барысында 3 қылмыскерді жойды, біреуі жараланып, қолға түсті, екі қылмыскер жасырынып үлгерген. Алайда олар кейінірек қала сыртынан табылды.

Қылмыскерлердің екінші тобы маршруттық автобусты басып алып, автобустан жолаушыларды шығарған. Ол автобуспен қылмыскерлер Ұлттық ұланның №6655 әскери бөлімшесінің қақпасын бұзып өтіп, бөлімшенің аумағында әскери жасақпен және келіп жеткен полиция қызметкерлерімен атысады.

Белсенді қарсылық көрсеткен қылмыскерлердің бір тобы қоршауға алынды, ал екінші бөлігі бөлімшенің аумағынан қашып, жасырынып үлгерді. Атыс кезінде бір қылмыскер жойылды, біреуі жараланды. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің 3-уі қаза болды және 6-уы жараланды.
«Паллада» дүкенінің қасында іздестіру шараларын жүргізу кезінде осы қылмысқа қатысы бар күдікті 5 адам ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді.

Түнгі жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен тағы 5 қылмыскер жойылды және 2-уі ұсталды. Қылмыскерлерден ұрланған қарудың басым бөлігі тәркіленді. Қарашылық шабуыл жасаған барлық қылмыскерлер анықталды. Оларды іздестіру және ұстау бойынша барлық шаралар қабылдануда.

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында контртеррористік операция режимі енгізілді. Еліміздің ішкі істер органдарының барлық жеке құрамы қызметтің күшейтілген түріне көшірілді. Соңғы дереке жүгінсек, көзі жойылған қылмыскерлер саны -18. Тағы 6-7 қылмыскер іздестіріліп жатыр.

„Ақтөбе қаласында жағдай тұрақты, кәсіпорындар мен қоғамдық көлік күнделікті режимде жұмыс істейді„– делінеді ҚР ІІМ таратқан хабарламада.

Загрузка...