АҚШ: Қырымдағы сайлау нәтижесін мойындамаймыз

27 просмотров

АҚШ Қырымда өткізілмекші Ресей мемлекеттік дума сайлауының нәтижесін мойындамайды деп мәлімдеді АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Джон Кирби жұма күні.

Бұл туралы Азаттық жазды.

«Біз айқын позиция ұстанамыз: түбек Украинаның ажырағысыз бөлігі болып қалады. Қырымға қатысты Ресейге қарсы енгізілген санкциялар Ресей Қырымға бақылауды Украинаға қайтарғанша күшінде қала береді» делінген мәлімдемеде.

Мемлекеттік департамент мәлімдемесінде түбектегі «этникалық татарлардың мәртебесі», адамдардың ұшты-күйлі жоғалуы мен адам құқығының бұзылуы туралы көптеген хабарларға байланысты алаңдаушылық білдірген.

Мемлекеттік департаменттің баспасөз хатшысы Қырымды «Ресей басқыншылық жасаған» территория деп атаған.

Әлемнің 100-ге жуық мемлекеті 2014 жылғы наурыздың 16-сы күні Қырымда ресейшіл билік ұйымдастырған «референдум» нәтижесін заңды деп санамайды. Кремль «халықаралық құқыққа сай өткізілген референдум» қорытындысын алға тартып түбекті өзіне қосып алған соң АҚШ пен Еуропа Одағы елдері және батыстың өзге де мемлекеттері Ресейге қарсы санкциялар енгізген.

Загрузка...