Ақмола облысында қырыққа жуық баласы бар отбасы тұрады. Бұланды ауданының тұрғыны Серік Әкімжанов «біздің отбасы – кішігірім ассамблея» дейді.
Себебі, жолдасы екеуі 9 ұлттан құралған 39 баланың қамқоршы ата-анасы атанып отыр деп хабарлады 31kz.
Серік пен Жаңылғанның отбасында бүгінде 39 бала бар. Бауырларына басқаны 34, бесеуі туған перзенттері. Асырап алғандар – 9 түрлі ұлттың өкілдері.
– Өзім кішігірім ассамблея деп, соны мақтан етемін. Асырап алған, туған не тумаған бала деп есептемейміз. Өйткені балалардың кінәсі жоқ. Балаларды біз сырттан да, даладан да, подвалдан да, детдомнан да, жетімдер үйінен де алып отырдық, – дейді Бұланды ауданының тұрғыны Серік Әкімжанов.
«Отбасымда жақсы сезінемін. Тек қана бірлік, татулық. Ешкім ұрмайды, соқпайды», – дейді 9-сынып оқушысы Қайрат Әкімжанов.
Қайрат секілді үйдегі өзге ұлттың балалары аты-жөндерін қазақшаға өзгерткен және өздерін қазақпыз деп мақтанады. Қазақ өнерінен де құр алақан емес. Мәселен, ұлты поляк Ғабиттың қазақша күрестен жетістіктері көп. Одан өзге қазақша ән салғанды ұнатады. Ал ұлты украин болса да, жаны қазақ Жансая әдебиетке жақын.
34 баланың тең жартысын ата-аналары құтты орындарына қондырған. Отағасы мен ошақ анасы солардан 18 немере сүйіп отырмыз деп шат-шадыман күйде.