Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтында отандық онкологтар бірнеше кезеңнен тұратын микрохирургиялық күрделі операция жасап, жүздеген адамның өмірін аман сақтап қалды.
Бұл туралы Хабар 24 хабарлайды.
Жыл сайын Қазақстанда бас және мойын қатерлі ісігіне 2 мыңнан астам адам шалдығады. Олардың басым бөлігі аурудың 3-4 сатысында дәрігерлердің көмегіне жүгінеді екен. «Кеш анықталған дертті емдеу қиын», – дейді дәрігерлер. Ерте анықталған жағдайда емделушілердің 90 пайызы жазылып кетеді.
Көмей, ауыз қуысы, жұтқыншақ, мұрын қуысы, сілекей бездерінің қатерлі ісігіне бірнеше кезеңнен тұратын күрделі операция жасалады. Тамақтану, дауыс шығару қызметін қалпына келтіру үшін протездер салынады. Мұның барлығына мемлекеттен қаржы қарастырылған.
«Барлық қызметті атқарып тұр. Онсыз мен сөйлей алмас едім. Мен дәрігерлерге аурудың ең соңғы сатысында келдім. Қазір жағдайым жақсы», – дейді емделуші Игорь Прима.
Онкология және радиология ғылыми зерттеу институты республиканың 6 қаласында бас және мойын қатерлі ісігін ерте анықтауға арналған апталық өткізген. Нәтижесінде 30 адамда қатерлі ісік анықталған. Институт мамандары аталған шараны еліміздің басқа аймақтарында да өткізуді жоспарлап отыр.