Иранда журналист және құқық қорғаушы Пахшан Азизи өлім жазасына кесілді.
Оған «үкіметке қарсы қарулы көтеріліске шыққан ереуілшілер тобының құрамында болды» деген айып тағылған. Үкімді Иран Ислам революциясы сотының Тегерандағы 26-бөлімі шығарды. Құқық қорғаушы бұған дейін «Күрдістан еркін өмір» партиясына мүше болды деген айыппен төрт жылға сотталған еді.
Пахшан Азизиді 2023 жылы 4 тамызда Тегеранда Иранның барлау қызметі тұтқындады. Қауіпсіздік күштері журналиспен бірге оның бірнеше туысын ұстаған, бірақ, олар бірнеше күннен кейін босатылды. Қамауда болған кезде Азизидің отбасына баруына және адвокатпен кездесуіне рұқсат етілмеген. Желтоқсан айында ол Эвин түрмесінің әйелдер бөліміне ауыстырылды. Hengaw сайтында Азизидің хаты жарияланды, хатта ол өзінің күрд әйелі ретінде көрген қиындықтарын сипаттап, қамауда отырғанда бірнеше рет азапталып, қорлық көргенін айтады. Әйелдің айтуынша, жауап алу кезінде оны асып қойып, кейде 10 метр тереңдіктегі жерге көміп тастаған. Ол бес ай бойы жалғыз камераға қамалып, аштық жариялаған.