Жетісу облысы құрылған үш жыл ішінде өңірдің спорт саласы қарқынды дамып, 30 жаңа спорт нысаны бой көтерді, ал 3 нысан күрделі жөндеуден өтті. Осылайша, спорт инфрақұрылымын жаңарту көрсеткіші 55,8%-ға жетті.
2022-2024 жылдар аралығында елді мекендерде 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 7 спорт кешені, 2 күрес залы, 10 блок-модульді спорт кешені, 2 футбол манежі, мұз аренасы, стадион, үстел теннисі және волейбол орталықтары, сондай-ақ спортшыларға арналған тұрғын үйлер салынған. Көксу, Сарқан аудандары мен Талдықорғандағы стадиондар күрделі жөндеуден өтті. Нәтижесінде спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз етілу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 64,1%-ды құрады.
Тағы бір ірі нысан — Талдықорғандағы халықаралық стандарттарға сай үстел теннисі орталығы. Онда ерекше қажеттіліктері бар спортшылар үшін де қолайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар Текелі қаласында ашылған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде 7 спорт түрінен 550-ден астам бала жаттығады.
Биыл облыста тағы үш нысанның құрылысына қаражат бөлінді. Алакөл ауданы Лепсі ауылында 160 орынды дене шынықтыру кешені мен жатақхана, Қабанбай ауылында 80 орынды спорт кешені салынып жатыр. Сонымен бірге Талдықорғанда көркем гимнастика залының құрылысы басталды. Қаратал ауданында үстел теннисі кешені мен бірнеше блокты-модульді спорт нысандарының құрылысы да қолға алынған.
Балалар мен жасөспірімдер спорты да назардан тыс қалған жоқ. Өңірде бокс, дзюдо, керлинг, шорт-трек және шайбалы хоккей бағыттары бойынша олимпиадалық резерв мектептері ашылып, спорт клубтары құрылды. Биыл алғаш рет мектеп пен аула командалары арасында футбол, волейбол және баскетболдан облыстық турнир ұйымдастырылады. Қазіргі таңда 560-тан астам командадан өтінім түсіп, іріктеу кезеңі 19 сәуірде басталмақ, ал облыстық финал маусым айына жоспарланған.