Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі 16 жастан бастап ата-ананың келісімінсіз аборт жасауға рұқсат беріп, оқушыларға мүшеқап таратуды ұсынды.
15-18 жастағы қыздардың жүкті болуы көрсеткіші бойынша Қазақстан әлемде алдыңғы қатарда тұр. Денсаулық сақтау министрлігі бұл ұсыныстарын қоғамдық талқылауға шығарды.
Министрлік Қазақстандағы жасөспірімдердің контрацепция өнімдері туралы білімі аз деп есептейді. Сол себепті жастар мүшеқап қолдана бермейді. Оқушыларға оның тегін таратылуы жас қыздардың жүкті боп қалуынан сақтайды.
Шенеуніктер жастардың сексуалдық мәдениетін қалай арттыратыны туралы вице-министр Ляззат Актаева түсіндіріп жатпады.
Оның пікірінше, 16 бастап медициналық қызметтердің барлық түрі, соның ішінде аборттарға ата-ананың келісімінсіз рұқсат берілуі керек.
“Жеке куәлік 16 жаста беріледі, сол себепті жастар осы уақыттан бастап дербес шешім қабылдай алады. Мұндай тәжірибе басқа елдерде бар”, – деді Ләззат Актаева.
Бұл мәселе парламентте ашық талқылаудан өтеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, елде жыл сайын кәмелет жасқа толмаған 6 мың қыз жүкті болады.