Естеріңізде болар, былтыр қазақ тойындағы келбеті қазақ қызына ұқсас жалаңаш бойжеткеннің биін көрсеткен бейнежазба интернетті дүр сілкіндірді. Әдетте, өзімізді өзіміз жер-көкке сыйғызбаймыз, қазақтар сөз қадірін білген, жүйелі сөзге тоқтаған, қыздарын қадірлей білген халық деп жар саламыз. Мүмкін, «Гүл өссе, жердің көркі, қыз өссе, елдің көркі» деп жырлаған бабаларымыз қыздарын басына көтеріп, олардың қадірін білген шығар, бірақ қазіргі замандастарымыз туралы олай айта алмаспыз.
Әйелдің жалаңаш тәні – тек оның жары көретін тылсым дүние емес пе?!
Жалпы, біз қазақ, қызық халықпыз. Әр нәрседе артық айтып, асыра сілтемесек, жүре алмаймыз. Осыдан 4-5 жыл бұрын бір туысымыздың қыз ұзату тойында болдым. Бәрі тамаша, той өте жақсы өтті, бірақ сәнді өткен салтанаттың соңында күйеу жігіт қалыңдығын әкететін кезде керемет бір қимастық сезім шыңырау шегіне жететін сәтті той басқарып жүрген асаба жеңгеміз керемет бір трагедияға айналдырып жіберді ғой. Бейне бір, қалыңдықты өзі қалаған сүйген жарының емес, қас жауының қолына бергендей әсерде болдық. Ал одан кейін жастарға бата берген қария зарлағанда,
қан майданға аттанып бара жатқан батыр қыздарымыз, апаларымыз Әлия мен Мәншүкке де ондай бата бермеген шығар деген ойға қалдым.
Осындай жан ауыртар жәйттер жанымызда күнделікті орын алып жатады. Осыдан біраз бұрын тағы сол ғаламторда тағы бір қазақ тойында шалбарын шешіп, дамбалмен билеп жүрген ел ағасы болатын жастағы азаматтарды көрсеткен бейнежазба шыққан еді. Ал рухани жұтаңдықтың, азғындықтың шыңырау шегі болып табылатын әлгі бейнежазба қоғамды, ұл-қыз тәрбиелеп отырған дұрыс ата-ананы бей-жай қалдырмауы керек.
Мұндай жәйттер тағы да орын алмасын десек, бүкіл қоғам, оның ішінде, қызын қадірлейтін қазақ қоғамы осындай ерсілікке, рухани азғындыққа, жұтаңдыққа тойтарыс беру керек.