Ақмола облысы, Бурабай ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне 73 жастағы зейнеткерден өтініш түсті. Ол белгісіз біреулердің оның шотында тұрған ақшасын қалай да қолма-қол ақшаға айналдырған. Айта кетерлігі, карта сол адамның өзінде болған. Шығын мөлшері 10 миллион теңге.
Бірден күдіктілердің жеке басын анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары басталды. Полиция қызметкерлері барлық аударымдардың қосымша арқылы жүргізілгенін анықтады. Сондай-ақ жәбірленуші ер адамның телефонын «вирус бар-жоғын тексеремін» деген желеумен таныс бір адамның алып отырғаны белгілі болды.
«Қабылданған шаралар нәтижесінде құқық қорғау органдары осы құқықбұзушылыққа қатысы бар болуы мүмкін деген 45 жастағы ер адамды анықтап, тексеру жұмыстарын жүргізуде. Телефон алаяқтың қолына тиген кезде ол өз телефонына қосымшаны орнатып, аударымдар мен қолма-қол ақша алуға қол жеткізген. Алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», – делінген хабарламада.