Нұр-Сұлтан
Қазір
-4
Ертең
-4
USD
450
+0.72
EUR
490
+1.14
RUB
4.89
+0.01

Үздік қазақстандық өнер ұжымы Бразилияны таңғалдырды

1546

Жетістіктерге толы гастрольдік сапар 19 қазан күні Рио-де-Жанейро қаласынан бастау алды. Өнер ұжымының концерті әлемдегі ең атақты сахналардың бірі – «Salao Leopoldo Miguez» үлкен классикалық залында өтті. 25 қазан Республика күнімен тұспа-тұс келіп, Бразилиа қаласында өткен музыканттардың кезекті концерті Бразилияның Ұлттық симфониялық оркестрімен бірлесе Мәдени кешеннің үлкен залында орындалды. Шетелдік көрермендер қазақстандық музыканттардың шеберлігіне тәнті болып, зор қошемет көрсетті.

Үш күннен кейін FORTE TRIO әртістері өзінің музыкалық дәстүрлерімен және талғампаз көрермендерімен танымал болған көне шаһарлардың бірі Белеме қаласындағы  Da Pas театрында өнер көрсетті. Турне аясындағы қорытынды концерт қарқынды дамып жатқан Гояния мегаполисінде аяқталды. Гояс штатының астанасындағы мәдени қауымдастық қазақстандық классикалық ансамбльдің өнеріне жоғары баға берді.

Екі гастрольдік аптаның ішінде орындаушылар елу бес мың шақырым жолды еңсеріп, мыңдаған көрерменнің ықыласына бөленіп, ең бастысы – Қазақстанның классикалық музыка өнерін әлемге әйгілі етті. Музыканттар Бразилияның үздік концерттік сахналарында жетекші симфониялық оркестрлермен бірлесе өнер көрсетті. Трионың барлық концерттері  аншлагпен өтті. Концерттік бағдарламаға ұлттық композиторлық мектептің жарқын өкілдері болып табылатын отандық композиторлардың үздік туындылары енгізілді. Үш жеке аспап пен оркестрге арналған Л.Бетховеннің үштік концерті турды тамаша аяқтады. Сондай-ақ өнер сүйер қауым Равель, Мендельсон мен Пьяццолла сынды атақты еуропалық композиторлардың шығармаларын тыңдай алды. Қазақстан мен Бразилия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығы қарсаңында  FORTE TRIO екі ел арасындағы мәдени байланысты жаңа деңгейге көтерді.

– Гастрольдік кестенің қарқындылығы мен сахна алаңдарының жиі ауысуына қарамастан, біз бір сәтке де шабыттан қол үзіп қалмадық. Себебі біз еліміздің мәдениетін паш етіп, қазақстандық академиялық музыка мектебінің орындаушылық шеберлігін көрсеттік, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Тимур Урманчеев.

Орындаушылық шеберліктің жоғары деңгейімен ерекшеленетін  ұжым қазіргі кезде әлемдегі үздік сахналарда өнер көрсететін әрі үлкен сұранысқа ие отандық камералық ансамбльдің біріне айналды. Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының FORTE TRIO мемлекеттік триосын белгілі пианист, профессор Тимур Урманчеев жоғары деңгейдегі музыканттар, халықаралық байқаулардың лауреаттары, скрипкашы Мақсат Жүсіпов және виолончелист Мұрат Нарбековпен бірлесіп негізін қалады.

Бұл – Қазақстандағы осы ерекше құрамдағы атақты музыкалық ұжымдардың бірі. Трио Париждегі «Корто», Лиондағы «Мольер», Берлин, Бейжің, Шанхай филармонияларында, Мәскеу консерваториясының Кіші залында өнер көрсеткен. Музыканттардың гастрольдік картасында Антигуа мен Барбуда сынды экзотикалық мемлекет те бар.

Моцартеумнің тарихи сахнасында сәтті өнер көрсеткен трио 28 қараша күні Австриядан оралды. Ал 20 желтоқсан күні әртістер Таорминде (Сицилия) өтетін Халықаралық музыкалық фестивальге қатысады.

Отандық көрермендер ұжымның Қазақстанда болатын концертін жақын уақытта тамашалай алады. Концерттер 11 желтоқсан күні Астана филармониясында және 15 желтоқсанда «Астана Опера» сахнасында өтеді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз