Нұр-Сұлтан
Қазір
-5
Ертең
-12
USD
495
-0.33
EUR
521
-1.69
RUB
4.91
-0.03

Ұлағатты елге үлгілі сот қажет

293

«Мақсатымыз – халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттырып, сот төрелігіне толық қолжетімділікті қамтамасыз ету, –

дейді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мейрамбек Таймерденов. –

Айтылған басымдықтарға  назар аудара отырып, біз бірінші кезекте судьяларды іріктеудің сапасы мен ашықтығына, судьялар жүктемесінің, әсіресе, бірінші сатыдағы соттардың жұмысына үлкен мән бердік. Біраз қанағаттанарлық шаралар  атқарылды, мысалы: судьяларды іріктеудің жаңа рәсімдері енгізілді, судьялардың қызметін бағалайтын комиссия жұмыс істей бастады т.б.

Сот жүйесінің жұмысына қызығушылық танытушылар соттардағы «Татуластыру» орталықтары мен фронт-офистерді құру жөніндегі жобалар, сот актілерін дайындаудың және түсіндірудің жаңа тәсілдері, соттардың ашықтығы мен сот қызметінің нормативтік-құқықтық негіздерін жетілдіру туралы ақпараттардан хабардар болуы тиіс.

Жоғарғы Соттың сайтында «Қазақстанның сот төрелігі: ахуалы, үрдістері, келешегі» деген тақырыппен толық көлемді  жинақ жарияланды. Жинақта сот жүйесі қызметінің бір жылдағы негізгі нәтижелері көрсетілген. Өзекті ақпараттардың жиынтығы болып табылатын жинақ  жарты жыл сайын жаңартылып отыратын болады.

Соттарға жыл сайын 3-4 миллионға жуық істер пен материалдар түседі. Барлық сот істерінің шамамен 83 пайызын азаматтық істер құрайды.

Қазақстандықтарға сот төрелігіне жүгінуге ешқандай шек қойылмайды. Дегенмен кейбір дауларды келіссөздер немесе жоғары тұрған ұйымдарға арыздану арқылы реттеудің жолдарын қарастырған жөн болар еді.

Қазіргі уақытта сот төрелігін жүргізудің басты міндеті —

дауды бейбіт жолмен реттеудің тәсілдерін кеңінен қолдану және тараптарға құқықтық реттеудің жолдарын таңдауға ықпал ету

Соттардың жүктемесінің шектен тыс көп болуы бірінші кезекте сот шешімінің сапасына әсер етеді. Нәтижесінде қоғамда сотқа деген сенімсіздік пен судьялар жұмысына көңіл толмаушылық пайда болады.

Сондықтан азаматтық сот ісін жүргізуді ізгілендіру мен жаңғырту қажеттілігі туындады. Осы мақсатта қол жеткізу үшін Азаматтық процестік кодекске үш топтамадан тұратын түзетулер мен толықтырулар дайындалып, Парламент қарауына енгізілді.  Сот жүктемесін оңтайландыруға бағытталған өткен жылдың қаңтар және сәуір айларында қабылданған екі заң топтамасы өз тиімділігін көрсетті.

Қазір сот тәртібімен қаралуға жататын нотариалдық куәландырылған мәмілелер бойынша сомаларды өндіріп алу, коммуналдық қызметтерді көрсету туралы жария шарттар, еңбек шарттары және басқада даусыз сипаттағы талаптарды қарау құқығы нотариустарға берілді. Сот орындаушысының әрекеттері бойынша  қаралуға жататын 18 түрлі санкцияның ішінен соттарға тек екеуі ғана қалдырылды. Олар – күштеп әкелу және елден шығуды уақытша шектеу.

Банктік шоттармен байланысты әрекеттерге санкция беру прокуратура органдарына жүктелді. Сот бақылауын бір мезгілде қысқартумен қатар Әділет министрлігімен бірлесіп, сот орындаушыларының әрекеттеріне процестік бақылауды күшейту жөнінде бірқатар шаралар әзірленді.

Нәтижесінде 2019 жылы өткен жылдармен салыстырғанда,

соттар қараған істер мен материалдардың саны 33,5 пайызға,ал Нұр-Сұлтан қаласының соттары бойынша 41 пайызға төмендеді

Сот ісін жүргізудің электрондық форматын енгізумен байланысты сәуір айындағы түзетулердің екінші кезеңі соттардың карантин жағдайындағы үздіксіз  жұмысын қамтамасыз етті. Бұған дейін біз электрондық сот төрелігіне кезең-кезеңмен көшуді жоспарлаған болсақ, төтенше жағдай кезінде бірден көшуге тура  келді.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде процестердің 90%-ы қашықтықтан байланысу арқылы өткізілді

Күн сайын соттарда 1500 ден 1900 іске дейін қаралып, қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істердің жалпы саны – шамамен 4500 істі құрады.

Елімізде төтенше жағдай енгізілгенге дейінгі процестер саны да осы шамада екенін ескерсек, індет қаупіне қарамастан, сот жүйесі өзінің қалыпты жұмысын қамтамасыз еткенін осы деректерден анық көруге болады.

Қолданыстағы процестік заңнамаға енгізілген жаңа үшінші түзетулер топтамасының ерекшелігі – процестің өзін іштей өзгертуге бағытталған. Мақсат – судьяның жұмысын оңтайландыру және осы шаралар арқылы тараптардың сот ісін жүргізу шығыстарын азайту.

Бұл ең көп талқыланған заң жобаларының бірі. Атап айтқанда судьяның мәртебесіне назар аударылып, процестің жарыспалылығы қағидаты туралы негізгі нормаларды қайта бағалау қарастырылып, бүгінгі күн талабына сай жаңартылды.

Аталған шаралар қандай нәтиже береді? Әлеуметтік желідегі заңгерлердің пікірлеріне қарағанда, «судьяның аталған артықшылығы азаматтардың құқықтары туралы кепілдіктерді төмендетпей ме?» – деген алаңдаушылық бар сияқты. Судьяның жарыспалы процестегі рөлі, оның белсенділігінің сот процесіне қатысушылардың  бастамасы мен сәйкестігіне қатынасы қашанда әртүрлі пікір тудыратын мәселе болып қалады.

Әдетте құқықтық қатынастарға қатысушылардың теңсіздігі мемлекеттік органдардың шешімдері мен әрекеттерін даулау туралы істерде танылады, онда соттың дәлелдеудегі өзгеше рөлі заңмен бекітілген және соттың белсенділік шегі кеңейтілген. Бұл Қағида Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жобасында бекітілген.

Судьяның іс бойынша шындықты анықтауға, дәлелдеуге белсенді қатысу шегі туралы мәселе жеке- құқықтық дауларды қарау кезінде туындайды. Қарапайым азамат пен банк немесе мүддесін мықты заңгерлер қорғайтын корпорация арасындағы теңдікті тану белгілі бір жағдайда шартты болып табылады. Сапалы заң көмегіне жүгіне алмайтын, ондай қызмет қолжетімсіз  азаматтар процеске қатысқан кезде жағдай күрделенеді, қарапайым азаматтың заң шеңберінде өзін қорғау мүмкіндігі азаяды. Міне, осындай жағдайлар орын алмау үшін судья өзіне берілген өкілеттіктер шеңберінде тепе-теңдік қағидатын қамтамасыз ету мақсатында әрекеттер жасауы тиіс.Судьяның мұндай әрекеттері даулы іс бойынша заңды әрі негізді шешім қабылдауға ықпалын тигізеді. Сондықтан құқықтық реттеу кезінде қалыптасқан жағдай әділ бағаланып, теңдік сақталуы керек.

Мүдделі азаматтардың өтінішхаттары ескеріле отырып, даудың мән-жайы  жан-жақты, объективті және толық зерделенуі қажет.

Аталған заңның қабылдануы қоғамда әртүрлі пікірлер тудыруы мүмкін. Мысалы, судьяға берілген артықшылық істің барысына қалай әсер етеді деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Біз өткен шаққа оралуды көздеп отырған жоқпыз. Жаңа қадам жасау арқылы жарыспалы процеске көшуге қадам жасалды. Сот төрелігін ізгілендіру – судьяның тараптарға түсінікті, заңды, әділ және екі жақтың да мүдделерін ескере отырып шешім қабылдауға ізденісі барысында маңызды. АПК-ге енгізілген түзетулер топтамасы судьяның өз өкілеттігі шеңберінде іс жүргізу кезіндегі белсенділігін арттыруға бағытталған, яғни ол істің мән-жайлары бойынша өзінің  көзқарасын білдіруге, өзінің бастамасымен тараптардың уәждерін тексеруге, қажет болған жағдайда қосымша дәлелдемелерді сұрауға, сот тапсырмасын беруге, істердің жекелеген санаттары бойынша адвокатты белгілеуге құқылы.

Ал, бұған дейін судья тек тараптар берген немесе олардың өтінішхатымен талап етіп алынған дәлелдемелерді ғана зерделей алатын.   Төрағалық етуші судья процесті толық басқаруы керек. Оның дауды әділ шешу үшін мән-жайларды толық анықтап, тараптардың құқықтық позициясын түсіну мүмкіндігі болуы тиіс. Заңды  шешім қабылдау барысында судьяның белсенділігі аса қажет.

Сондықтан, судьяға тараптармен істің мән-жайларын талқылау, олардың құқықтық ұстанымдары мен дәлелдерін нақтылау, іске қатысушы адамдарға сұрақтар қою, оларды процестік міндеттерін орындамағаны үшін заңдарда белгіленген жауапкершілік және процестік салдарлар туралы ескерту, іс материалдарын жинау және зерттеу бойынша шаралар қабылдау, оның ішінде өз бастамасымен сот тапсырмаларын беру, дәлелдемелерді талап ету, тараптардың дәлелдерінің негізділігін және сотқа берілген дәлелдемелердің шынайылығын тексеру т.б. қосымша өкілеттіктер берілді.

Судьяға істің мән-жайы анық болса да, тараптарды сотқа шақырта отырып,  сот отырысында қаралатын мәселелер бар. Мұндай істер бойынша судья сот отырысын өткізеді, тараптарды шақырып, хаттама ресімдейді, ондаған ұйғарым қабылдауға тура келеді. Азаматтар немесе кәсіпкерлер іске қатысты кез келген сұрақтар бойынша сотқа шақырылуы мүмкін. 21 ғасырда адамдар үшін уақыт өте қымбат ресурс екенін ескерсек, тығыз жұмыстарын ысырып қойып, сотқа келу азаматтардың наразылығын туғызады.

Сондықтан процестік заңнамаға енгізілген түзетулердің екінші топтамасының негізгі мақсаты – сот ісін жүргізуді бюрократиялық әрекеттерден арылту

Кейбір санаттағы даулар бойынша тараптар арнайы талап етпесе, судья істі жеңілдетілген тәртіппен қарау мүмкіндігіне ие болады. Заңнамамен судьяға тараптарды шақырту қажеттілігінің бар-жоғын анықтау құқығы берілді. Жеңіл мәселелер тараптарды шақыртусыз қаралады (мәселен, процестік мерзімді қалпына келтіру, шешімдердегі қателерді түзетут.б.). Артық сот рәсімдері қысқартылды. Соттар қабылдайтын 9 түрлі аралық ұйғарым алып тасталынды (мысалы: жеңілдетілгеннен жалпы талап қою іс жүргізуіне өту, талап қоюды оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қабылдау, сот отырысының күнін белгілеу, іс бойынша іс жүргізуді қайта бастау т.б.).

Естеріңізде болса,осыдан бір жарым жыл бұрын Жоғарғы Сот төрағасының бастамасымен жүргізілген «Сот төрелігінің 7 түйіні» жобасы аясында «Сот актілерін түсіндіру» пилоттық жобасы әзірленген еді. Пилоттық жоба сот шешімін түсіндірудің қажеттілігі мен маңыздылығын бекітті. Аталған жоба турасында процеске қатысушылар оң пікірлер білдірді және шешімдерге арыздану фактілері азайды.

Судьяның қабылданған шешімнің құқықтық негіздері мен салдарын түсіндіру міндеті заңнамалық түрде бекітілді.

Татуластыру рәсімдерін одан әрі дамыту мақсатында талап қою арызын қабылдау үшін 10 күндік мерзім белгіленген.

Дау реттелген жағдайда судья талап қою арызын өзінің іс жүргізуіне қабылдайды және тиісті келісімді бекітеді. Егер келісімге қол жеткізілмесе, сот тараптардың істі сол судьяның қарауына келісімін анықтауға, ал ол болмаған жағдайда – істі басқа судьяға қайта бөлу үшін беруге міндетті.

Сотта медиация рәсімі барысында алынған дәлелдемелер тараптардың қарсылықтары болмаған жағдайда ғана істі мәні бойынша қарайтын судьяға ұсынылуы мүмкін.

Партисипативтік рәсімді өткізуге екі тараптың да адвокаттарының, сондай-ақ «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын адамдардың да жәрдемдесуімен жол беріледі.

Сот төрелігін электронды түрде жүзеге асыру  –  басты бағыттарымыздың бірі

Соттардың қызметін ақпараттық технологияны қолдану арқылы жүргізудің алғашқы негізі осыдан он жыл бұрын қаланып, қазіргі уақытта біршама жетістіктерге қол жетті.

Бүгінгі күні Қазақстанның соттарында ақпараттық технологияларды пайдалану деңгейі өте жоғары. Бұл жетістік алдыңғы қатарлы шетелдердің сот қауымдастығы өкілдерінің оң бағалауына ие болды. Шын мәнінде біз виртуалды сот төрелігін құруда Дубай, Ханчжоу сияқты қалалардың  алдыңғы қатарлы соттарының жетістіктерінен қалыспай, қатар дамып келеміз. Сонымен қатар электрондық сот төрелігін дамытуға жаңа жағдайға бейімделген заңдамалық қолдау қажет. Заңнамаға енгізілген түзетулер электрондық оңайлатылған (жазбаша және бұйрықтық) іс жүргізуге толық көшуді қамтамасыз етуге бағытталған.

Статистикалық мәліметтерге келетін болсақ: ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында соттар бірінші саты бойынша 46,5 мыңға жуық электрондық талап арыздарды қабылдады. Іс жүргізу тәртібімен 58,8 мың азаматтық іс аяқталды. Яғни, күн сайын мұндай санаттағы    азаматтық істер электрондық форматта қаралады. Халыққа арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қолайлы жағдайды қалыптастырдық деп айта аламыз. Ауылдық жерлерде интернет әлсіз екені белгілі. Сондықтан соттар ғимараттарындағы фронт-офистерде барлық техникалық құралдар мен қажетті жағдай жасалған. Әр азамат келіп, өз талап арызын жолдау мүмкіндігін пайдалана алады.

Биылғы жылы азаматтық істер бойынша 699 сот залын техникалық жабдықтау жоспарланды. Біз техникалық және құқықтық тұрғыдан азаматтық іс жүргізу бойынша электронды сот төрелігіне қол жеткіздік.

Болашақта цифрландыру жүйесін дамытуды тоқтатпай, халыққа қолайлы жағдай туғызып, электронды сот төрелігін жетілдіре береміз

Процестік заңнама электрондық хаттама ретінде сот талқылауының аудио-бейнежазбасы танылатыны туралы нормамен толықтырылды. Соттарда оңайлатылған іс жүргізу тек электронды форматта өтетін болады.  

Қорыта айтарымыз, еліміздің Азаматтық процестік қодексіне енгізілген толықтырулар мен түзетулер жаңа қоғамдық қатынастарды реттеуге, судьялар тарабынан заңды әрі әділ шешім қабылдауға барлық құқықтық жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған. Халықтың  мемлекеттік билікке,сот жүйесіне деген сенімін арттыру  нақты қадамдар арқылы жүзеге асырылады.

Мақсаты айқын, болашағы үлкен ұлағатты елге үлгілі сот жүйесі қажет. Бұл еліміздің азаматтарына деген  құрмет әрі мемлекет қамқорлығының жоғары көрсеткіші болып танылады».

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз