Нұр-Сұлтан
Қазір
6
Ертең
10
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Украина жерінен соғыста қаза тапқан қазақ жауынгерінің сүйегі табылды

77 жыл бұрын қазақ жерінен Украинаны азат ету үшін миллионнан астам әскер жасақталып, оның жартысына жуығы елге оралмаған.

Ал іздестіру жұмыстары қанша жерден қиын болса да, нәтиже жоқ емес. Жуырда Украинаның қауіпсіздік комитеті ерлікпен қаза тапқан қазақ ерінің сүйегін тауып, оны елшілікке тапсырды.

1917 жылы дүниеге келген жауынгер Айып Рамазанов 70 жылдан бері із-түзсіз жоғалған боздақтардың қатарында еді. Енді Украина Ұлттық қауіпсіздік комитетінің курсанттары жүргізген іздеу шараларының нәтижесінде қазақ сарбазының сүйегі Киев облысындағы Березань аймағынан табылды. Бұл жерді тарих талай әскердің қаны төгілген қасиетті аймақ деп таниды. Осы жерден табылған қазақ сарбазы Рамазановтың сүйегі Қазақстанға жөнелтіліп, марқұм қазақ топырағында жерленді. Василий Грицак, Украина қауіпсіздік комитетінің төрағасы: – Қазақ елшілігінің жылдам жұмысы үшін алғыс айтамыз. Рамазанов туралы ақпарат жедел түрде қарастырылып, оның туыстарын табу шарасы жүргізілді. Украина жерін азат еткен Қазақстанның абзал ерлерінің рухына тағзым етеміз. Біздің халық осы жерде қаза болған қазақ ұландарына батырлығы үшін алғыс айтып, қазақ халқына зор құрмет білдіреді.

Самат Ордабаев, Қазақстанның Украинадағы өкілетті және төтенше елшісі:

Мұндай іс-шараның адамгершілік әрі терең мағынасы бар деп білемін. Қоғам осындай бастамалардың нәтижесінде тарихтың ақтаңдақ беттерін жабуға тырысады. Бұл шараның мемлекеттік маңызы бар әрі біз өткен тарихымызды ұмытпайтын ұлт екенімізді көрсетеміз. Қазақстанның Украинадағы елшілігі Украина жерінде табылған Рамазановтың елдегі туыстарын тауып, құжаттарды реттеу шараларын ұйымдастырған. Әрі солдаттың өзімен бірге табылған заттары да Қазақстанға жөнелтілді.

Сергей Кудинов, Украина қауіпсіздік комитеті ұлттық академиясының ректоры:

Екі жылдан бері қауіпсіздік комитетінің курсанттары іздеу-шараларын жан-жақты жүргізіп келеді. Кез келген дерек әр мемлекет пен сол адамның туыстары үшін маңызды ақпарат болып саналады. Қазақ әскерін біз оның медальоны арқылы анықтадық.

Ұлы Отан соғысының алғашқы жылында қазақ жерінен 1 млн 200 мың әскер Украина жеріндегі қан майданға жөнелтілген. Оның жартысынан жуығы өз жеріне жете алмай, өзге елде ерлікпен қаза тапқаны тарихтан белгілі. Сол себепті де Украина елді азат етуге қатысқан қазақ әскерлеріне қатысты кез келген дерекке ерекше құрметпен қарайды. Қазақ әскерлерінің сүйектерін іздестіру шаралары келесі жылы да жалғасын таппақ.

Авторлары: Аида Кыдырбай, Михаил Мищенко

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз