Нұр-Сұлтан
Қазір
0
Ертең
6
USD
432
+2.31
EUR
506
+3.43
RUB
5.52
+0.10

Түркістанды түлету – руханиятымызды, тарихымызды, рухымызды түлету

Тарих үшін тым қысқа уақыт болып саналатын 2 жылда Түркістан өңірінде  құрылыс жұмыстары қарқын алып, іргелі нысандар бой көтеріп жатыр. Ауыл шаруашылығында да ауыз толтырып айтарлықтай өзгешеліктер бар. Осы ретте, болашағынан зор үміт күттіретін облыстың әлеуеті жайлы белгілі азаматтардың пікірлерін, ой-пайымдарын топтастырғанды жөн көрдік.

Қадыр Жүсіп, филология ғылымдарының докторы, профессор: «Түркістан әлем мақтанышына айналады»

Дүниеге келгеннен бәріміздің мақтанышымыз, қол жетпес арманымыз – Алматы деп айтатынбыз да, осы қазақ жерінің астанасына  жетуге тырысатынбыз. Әрине, Алматы өте әдемі қала, гүлді қала, таулы қала! Алатаудың әсем көрінісінің өзі неге тұрады? Қазіргі кезде, жиырма шақты жылдан бері жаңа бас шаһарымыз бар. Ол – Нұр-Сұлтан қаласы. Алматы – бүкіл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің алтын тәжі болса, Нұр-Сұлтан – саяси орталығымыз. Қазір алуан түрлі мәселелер бойынша – Нұр-Сұлтанға елеңдейміз. Бұл қалалар біздің назарымыздан бір сәт тыс қалмайтыны белгілі. Алайда, біз имандылық жолының, бүкіл түркі дүниесінің орталығы болған Түркістан қаласына жүзімізді бұруымыздың кемшің екендігін жасырмауымыз керек. Екінші  қатарға қалдырған Түркістан бүкіл Түркі дүниесінің мақтанышына айналған ең қасиетті жер екенін ұмытпауымыз керек. Себебі ең бастысы – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі бүкіл рухымыздың бас тұрағы. Мұнда хандарымыз бен ұлы ғұламаларымыздың мүрделері жатыр. Бүкіл дүние жүзі түркі тектес бауырларымыз қазір жүздерін Түркістанға бұруда. Талай замандар бойына ұлылар осы қасиетті орталыққа бас иген. Бір ғана мысал: бұл жерді қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов ғылыми еңбектерінде атап өткен болса, Абайдың ұлы Әбдірахман да Түркістанға білім, ілім іздеп келген екен. Абайдың «Жиырма жеті жасымда» деген өлеңінде мынадай жолдар бар: Қырым, Кавказ, Түркістан, Ресей, Сібір қалмады. Хабарласып әр тұстан Көрмей дамыл  алмады. Бұл Абайдың ұлы Әбдірахманға арнаған өлеңі. Мұнда Әбдірахманның көп жердің хабарын жақсы білгендігін, тіпті Түркістан жайында да көп мағлұматы болғанын айтады. Ал, Мағжан Жұмабаев: өзінің «Түркістан» деген өлеңінде Түркістанның барлық жерден, барлық елді мекендерден артықтығын айтып, былай дейді: Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой. Тамаша Түркістандай жерде туған Түріктің тәңірі берген несібі ғой. Ертеде Түркістанды Тұран дескен, Тұранда ер түрігім туып-өскен. Міне, осы жолдардан Түркістанның қасиетті, киелі, ұлы имандылықтың мекені екендігін түрік бабаларымыздың орталығы болғандығын жария еткен. Қазақстан ірі мегаполистері – Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент. Бұл қалаларды біз мақтаныш етеміз. Бүгінгі күні Түркістан облысының әкімшілік орталығы Түркістан қаласына көшірілуі өте қолдарлық. Түркістан қаласының аты өте қомақты, даңқты, сәнді естіледі. Өйткені Түркістан аты әлемге әйгілі. Түркістан қаласының қазіргі кезде сәулеттеніп келе жатқаны, жерінің құнарлығының нәтижесінде абаттандырыла бастауы болашақта бұл қаланың даңқы дүние жүзіндегі ірі Ыстамбұл, Мәскеу, Нью-Йорк, Париж және тағы басқа әйгілі әлем қалаларының қатарына қосылады. Түркістан сөз жоқ бүкіл әлемдегі түркі дүниесінің орталығы болатынына сенімім мол.

Жамбыл Артықбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор: «Түркістанды жалпы еуразиялық көне өркениет ошағы деп қарастыру керек»

Оңтүстік Қазақстан облысы деп аталатын әкімшілік-территориялық аймақтың Түркістан деп аталуы маңызды жаңалық, өйткені Түркістан тұтас өркениеттің орталығы һәм астанасы, – дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев. Сонымен қатар, бұл шешімнің астарында тарихи шындықтың қайтып келуі, орнығуы, сананың тереңдей түсуі сынды себептердің де барын алға тартты.

– Түркістан қаласының бірнеше ғасыр бойы түркі халықтарының рухани астанасы болғанын негізге алатын болсақ, қазіргі уақытта қаланың дамуына, инфрақұрылымдық, мәдени тұрғыдан әлеуетті қала атануына мүмкіндігі зор дер едім. Түркістан тек қана Қазақстан жерінде ғана емес, жалпы Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Менің қолымда бар деректерге және орыс зерттеуші ғалымдары, шығыс ғұлама ғалымдарының деректеріне сүйенер болсақ, Бұқара, Самарқанд, Ташкент сынды қалалар пайда болмай тұрып, Түркістан болған», – дейді ғалым.

Түркістанның ерте заманда пайда болу себебін көк бөрілі өркениет пен отырықшы өркениеттің шекарасында орналасуымен түсіндіреді.

– Сондай-ақ, Түркістан Сырдария мен Әмударияның, яғни қос су көзіне жақын орналасқан. Сол себептен, Түркістан қаласының тарихы Орталық Азияда бар басқа қалалардың тарихынан тереңде жатыр, – дейді Жамбыл Артықбаев.

Тарихшы ғалым Түркістан аймағында заростризм, арий кезеңінде, қола дәуірінде ауқымды қалалық аумақтардың болғанын алға тартады.

«Қаратаудың оңтүстігіндегі өркениеттің тарихы тереңде жатқандықтан, Түркістанды тек түркі халықтары арасындағы емес, жалпы еуразиялық көне өркениет ошағы деп қарастыру керек», –  деген пікірді де алға тартты.

Қазған сайын құпиясы ашылып, тереңдеген сайын тылсымы айқындала беретін Түркістанның ішіне бүккен сыры көп. Облыс құрылған алғашқы айларда-ақ өңірді жан-жақты дамыту жолында айқындалған: Түркістан қаласын дамыту; мәдени-рухани салалар мен аудан, қала және ауылдарды; агроөнеркәсіп кешені мен индустриялық аймақтарды дамыту сынды бағыттар да назардан тыс қалмауы керек екенін де тілге тиек етті.

Жанат Момынқұлов, саясаттанушы, халықаралық сарапшы: «Түркістанды рухани, интеллектуалды орталыққа айналдырып, ішкі туризмді де дамытуға болады»

Облыс орталығын Түркістанға көшіру – тарихи стратегиялық шешім. Оны бірнеше тұрғыдан қарауға болады. Біріншіден, Орталық Азияда Түркістан әр уақытта орталық болған. Ұлы тұлғалар туған берекелі аймақ. Өзбекстанға жақын. Бұл жайтты тарихи жағынан да, экономикалық жағынан да қарастыруға болады. Түркістанның интеграциялық жағдайы келісетін болса, сауданың орталығына айналмақ. Бұрынғы Отырар, Жібек жолының бойында, тек қана тауарлардың ғана емес, идеялардың да Батыстан – Шығысқа, Шығыстан – Батысқа, Оңтүстіктен – Солтүстікке жүретін торапта орналасқан. Екінші жағынан Түркі әлемі дейміз. Ол – кең ұғым. Оның ішінде Түркия Түркістанға керемет маңыз береді. Ясауи атындағы университет бар. Бұл университет Түркі әлемінің университетіне айнала алады. Мәдениет жағынан да, білім саласынан да бір қозғаушы күш бола алады. Үшіншіден, мұсылмандық жағынан қарасақ Түркістан деген ұғымның өзі – бренд. Біз осы күнге дейін бір-ақ қана Түркістанды біліп келеміз. Саяси картада ол – Шығыс Түркістан. Түркістанның тарихи мағынасы өте тереңде жатыр. Түркістан деген сөз – Түркі әлемінің орталығы деген сөз. Осы тұрғыдан бұның маңызы зор.

Осы жаққа Түркияның инвесторларын кеңірек тарту керек деп ойлаймын. Түркістанның тағы да бір маңызы – қазіргі Араб әлемінде Түркістан туралы басқаша түсінік бар. Бұрынғы КСРО-ға қарсы дауысын ашық айта алған мықты аймақ ретінде көреді. Араб әлемінде де ХХ ғасырда көтерілістер болды. Сол кезде олар Түркістаннан үлгі алған.

Жібек жолы Алматы облысының Оңтүстігінен, Тараз, Түркістан,Шымкент, Ташкент жақпен жүреді. Сондықтан осы жағынан, әсіресе Қытайдың инвес-торларын тарту керек. Қытайды осы Жібек жолы арқылы қызықтыруға болады. Бұл жер – ірі сауда орталығы, сондай-ақ аталмыш екі үлкен оқу орнын дұрыс пайдалану арқылы, Түркі елдерінен студент шақырып мәдениет, білім орталығы да бола алады. Ол үшін инвесторларды тарту қажет. Көріп отырғанымыздай, Өзбекстан Бұқара, Самарқан секілді киелі, тарихи жерлері арқылы туризмді жақсы дамытып жатыр. Ол қалалардан бренд жасап алды. Ол жаққа туристер ағылайын деп тұр. Түркістан облысының әкімдігі мен Өзбекстанның ірі қалаларының арасында белгілі бір байланыс болса, жүйелі түрде ұйымдастырылған «Туристік пакет болса» сол туристерді бізге де тартуға болады. Ол жерге Түркиядан, Еуропадан да туристер келеді. Түркістанды рухани, интеллектуалды орталыққа айналдырып, ішкі туризмді де дамытуға болады. Түркістанды брендке айналдыру керек.

«Қожа Ахмет Ясауи кесенесі туристік хабтың орталығы болуы тиіс»

Экономика ғылымдарының доценті, белгілі экономист Бауыржан Ысқақов Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін мемлекеттің ішінде жеке сала ретінде туристік хабтың орталығы етіп қалыптастыру керек деген пікір білдірді.

– Түркістан облысының құрылғанына 2 жыл болды деп жатырмыз ғой. Жалпы, тәуелсіздік жылдары бірнеше облыстың орталығын көшірдік. Сондықтан тәжірибе бар. Ақмола облысының орталығын Көкшетауға, Алматы облысының орталығын Талдықорғанға ауыстырдық. Өйткені бұл қалалар бір кездері облыс орталығы мәртебесінен айырылып, басқа облыстың орталығына қараған кезде экономикасы төмендеп кеткені белгілі. 1997 жылдары сондай жағдай болғанын жақсы білесіздер. Қазір Семей осындай жағдайды бастан кешіп отыр. Сондықтан дотациялық қалаға ай-налды. Талдықорған мен Көкшетау олысы орталығы болғандықтан, экономикасы көтерілді. Облыс әкімшілігі отырады, қаншама аппарат барады. Түркістан облысының, Түркістан қаласы болуының бірнеше ұтымды тұсы бар. Оған әрине саяси, демографиялық, өзбектердің қысымына көп ұшырамау керек деген секілді. Сонымен қатар, экономикалық жағынан тиімділігі бар, – дейді Бауыржан Ысқақов.

Оның айтуынша, Шымкент қала ретінде өсті, енді Түркістанды дамытудың тиімді жақтары бар.

– Шымкент үшінші мегаполис. Осыған дейін облыс орталығы болды. Қаншама өндіріс орталықтары ашылды. Өзін-өзі қамтитын қалаға жеткендіктен республикалық қалаға айналдырып, облыс орталығын Түркістанға көшірді. Қазір енді бұл қалада облыс әкімшілігі отыр, көптеген құрылыс салынып жатыр. Мұның, әрине экономикалық жағынан қайтарымы бар деп айта аламын. Сонымен қатар туризмді дамытуға ықпалы тиері анық. Түркістанның символы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қайта жөндеуден өтуі де сөзіміздің айғағы болса керек. Инфрақұрылымды жақсартуға көптеген қаржы бөлініп жатыр. Осының бәрі туристік хабқа айналуға мүмкіндік береді,  – дейді сарапшы.

Қаржы маманының айтуынша,Түркістан облысы құрылған кезде оның қалыптасуына деп 900 миллиард теңгедей қаражатты есептеген.

– Оның ішінде 400 миллиарды республикалық бюджеттен, 30-40 миллиарды жер¬гілікті бюджеттен, ал жартысынан көбі инвестициялық көздерден болады деп жоспарланған. Өйткені инвесторлар қаражаттарын салу арқылы пайда көре алады. Яғни, салықтық жеңілдіктер, каникулдар беріледі. Сондықтан қазіргі кезде инвесторлар ауыл шарушалығы, туризм, басқа да салалардың барлығына қаржы құйып жатыр,  – дейді Бауыржан Ысқақов.

Сондай-ақ, сарапшы Түркістанды Италия секілді тарихи туризмнің ошағына  айналдыру керек деп санайды.

– Жалпы, бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы болғанда жеңіл өнеркәсіп, оның ішінде мақта кластерінің дамығаны белгілі. Енді Түркістан туризмге көңіл бөлуі керек. Әсіресе, тарихи туризмді қолға алған дұрыс. Мұндайды Италияға барғаннан көріп жүрміз ғой. Сондай әлемдік дәрежеге жеткізуіміз керек. Арнайы бағдарлама болған дұрыс, жергілікті бюджеттен қаржыландырудың қажеті жоқ. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің төңірегінде арнайы мемлекеттік бағдарлама қалыптасу керек. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жүзеге асыруға болады. Жеке секторды қызықтырып, осыған тартқан дұрыс. Яғни, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін мемлекеттің ішінде жеке сала ретінде туристік хабтың орталығы етіп, қалыптастыру керек деп санаймын. Ауыл шаруашылығы секілді салалар жергілікті бюджетке түсім беретін болса, туризмнен түсетін қаражат арнайы есепшоты бар өзін-өзі ақтайтындай жеке болса жақсы болар еді. Яғни, облыстық бюджетке кетпегені жақсы. Сол жердің дамуына жұмсалып, хабқа айналатындай дәрежеге жету керек,  – дейді экономист.

Саматбек Бөкебай, сәулетші: «Көне де киелі Түркістанның көрері мен берері түгесілмесін!»

Танымал сәулетші Саматбек Бөкебай Түркістанның архитектуралық келбет-кескіні қай заманда болсын, көздің жауын алар кереметтіліке ие екенін тілге тиек етті.

– Жалпы, біздің елде Ұлттық архитектура кеше ғана пайда болған жоқ, ол қазақ даласында көне дәуірден бері жалғасып келе жатыр. Ертеде оcы ұлан-ғайыр жерде сәні мен сәулеті келіскен мыңдаған шаһар бой көтеріп, бабаларымыз сонда мәнді ғұмыр кешкен. Қытайдың бір саяхатшысы: «Түркістан аймағындағы Қаратаудың бойымен Сырдарияға дейін мың өзен ағады. Сол өзендер бойындағы қалалар көкке малынып, жайқалып, жайнап тұр. Тіпті сол шаһарлардың арасында өскен жемістерден көзіңізді алмайсыз» деп айтыпты. Осыған қарап-ақ қала мәдениеті мен оның архитектурасы ертеден қалыптасқандығын аңғаруға болады. Заманында Сауран, Отырар, Сығанақ, Сайрам секілді ежелгі шаһарлардың даңқы айдай әлемге әйгіленді. Олар сауда-саттықтың ғана емес, өнер мен руханияттың, сәулет өнерінің айшықты орталығы бола білді. Шерхан Мұртазаның: «Әр елдің, егер ол өз тарихын, өз мәдениетін, өз намысын бағалай білетін ел болса, сол елдің пір тұтатын бір мекені болады. Мысалы, ол өзбектерде – Самарқан, Бұхара. Орыстарда – Суздаль, Владимир. Иранда – Машхат. Ал, біз, қазақтар үшін сондай рухани алып – Түркістан» дейді. Расында да, бүкіл қазақ, тіпті түркі әлемі, иісі мұсылман қауымы тәу ететін қасиетті қаланың еліміз үшін алатын орны ерекше екені айтпаса да ұғынықты. Енді, сол ерекше қалпы одан сайын ажарланып, одан сайын түрлене түскені сәулетші қауым үшін зор бір мақтаныш болар еді.

Түркістанның төл перзенті, сондай-ақ киелі қалада қарқын алған құрылыс жұмыстарына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, шаһардың шартарапқа мәлім болуы үшін де бұл жұмыстардың жүргізілгені құба-құп.

– Түркістан менің туған жерім ғана емес, сол шаһарда ұзақ уақыт еңбек еттім. Сондықтан кіндік қаным тамған еліме бір бүйрегім бұрып тұратыны рас. Оны тілмен суреттеп жеткізу әсте қиын. Бір байқағаным, Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесіне тәу етіп келушілер саны күннен күнге өсіп келеді. Бұл қуантарлық жаңалық дер едім. Жылына миллионнан астам турист келетінін ескерсек, нөпір халықты қабылдайтын,  күтетін қонақүй, сондай-ақ тағы да басқа ғимараттар қажеттілігі туады. Міне осындай жағдайлар ескеріліп, халыққа сапалы қызмет көрсету мәселесі бірінші орында тұруы керек деп санаймын.

Түркістанды «түркі руханиятының бас ордасы» деп айтады жұрт. Ол – имандай шындық. Талай тарихты басынан өткізген көне де киелі қаланың көрері мен берері түгесілмесін!

Қорыта айтқанда, Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы –Алаш рухын аспандатқан айшықты оқиға болды. Экономика мен бизнестің, инфрақұрылымның дамуына серпін беретін бұл қадам көптің оң ықыласына ие болып та үлгерді. Сонымен қатар, республикалық деңгейде де ерекше назар аударылып, дамыту нысандарының әртараптанатыны да сөзсіз. Осылайша, Алматы мен Елордаға ғана емес, Шымкент қаласына да көңіл бөлу арқылы, біз еліміздің даму локомотивін әр аймақтан іске қосатын боламыз. Бұл өз кезегінде облыс орталығына айналған Түркістанның, жалпы халық көп орналасқан оңтүстік аймақтың өсіп-өркендеуіне жол ашады деп топшылаймыз.

Әзірлеген, Тимур АТАБАЕВ

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2020 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз