Нұр-Сұлтан
Қазір
-1
Ертең
-12
USD
496
-2.06
EUR
523
-2.87
RUB
4.94
-0.03

Туа біткен қоянжырық пен жырықтаңдай: Қазақстанда қайда және қалай емдеуге болады?

415

Қоянжырық пен жырықтаңдай – бұл жоғарғы жақ сүйектің туа біткен ақауларының бірі: ол туа біткен ауытқулары бар пациенттердің үштен бірінде кездеседі.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдың 5 қаңтарында Қазақстанда 447 290 бала дүниеге келген. Әлемдік және біздің статистикамызға сәйкес, ВРГиН бар балалардың туу жиілігі 1:750 (0,14%) құрайды. Осы пропорцияға және әлемдік және қазақстандық статистиканың деректеріне сүйенсек, 2021 жылы осындай ақаумен біздің елімізде 626 сәби дүниеге келді, үштен бірінің басқа да сырқаттары бар (көбінесе жүрек ақаулары).

Қоянжырық пен таңдай жарығы бар балаларда жаңа туған нәрестелер үшін өмірлік маңызды функциялардың бұзылуы байқалады: ему, сору, жұту, тыныс алу. Болашақта сөйлеу, артикуляция, шайнау функциясының бұзылуы қосылады.

Бала өскен сайын бет-әлпетіндегі ақау, дұрыс сөйлей алмау баланың басқалармен қарым-қатынасында қиындық тудырады, өз кемшілігіне ұялу психологиялық мәселелерге әкеледі.

Алайда, бұл ақауды емдеуге болады және емдеу қажет

“Отандық жоғары оқу орындарының ғалымдары мен тәжірибелік дәрігерлер осындай пациенттерді емдеу мен оңалтудың кешенді бағдарламаларын, жедел емдеудің патенттелген әдістерін әзірледі. Кешенді емдеуден өткен пациенттеріміздің басым көпшілігі толық оңалды, олар лайықты мамандық иесі және қоғамның толыққанды мүшесі бола алды”, – деп атап өтті Клара Шалабаева.

Мұндай пациенттерге толыққанды емделу және оңалту үшін кешенді тәсіл қажет. Мұны неонатологтар, балалар жақ-бет хирургтары, ортодонттар, лор мамандары, логопедтер, психоневрологтар, психологтар кіретін мамандар тобы жасайды.

Қазақстанда туа біткен қоянжырық пен жырықтаңдай балаларды қай жерде емдеуге және оңалтуға болады?

Емдеудің хирургиялық кезеңіндегі (хейлопластика, уранопластика, түзету оталары) жағдай салыстырмалы түрде оңай.

Балаларға мамандандырылған жақ-бет стационарларында тәжірибелі балалар жақ-бет хирургтары тегін ота жасайды:

  • Алматыда – № 5 ҚКА, “Ақсай” республикалық балалар клиникалық ауруханасы, АРДКБ
  • Нұр-Сұлтанда – “Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы” КФUMS және № 2 қалалық балалар клиникалық ауруханасы (мұнда осындай пациенттерге арналған оңалту орталығы ұйымдастырылған)
  • сондай-ақ, ВРГиН бар балаларға Талдықорған, Тараз, Атырау, Петропавл, Павлодар, Шымкент, Орал, Ақтөбе қалаларында ота жасайды
  • еліміздегі жеке клиникаларда

Емдеудің жедел кезеңдеріне балалар толық клиникалық-зертханалық тексеруден кейін және қарсы көрсетілімдері болмаған кезде емдеуге жатқызу бюросының порталы арқылы жоспарлы тәртіппен ауруханаға жатқызылады.

Оңалтудың басқа кезеңдерінде жағдай әлдеқайда күрделі.

Бүгінгі күні біздің елімізде ВРГиН бар балаларды емдеумен және оңалтумен айналысатын алты мемлекеттік балалар стоматологиялық емханасы бар. Бұл клиникалар Атырау, Өскемен, Ақтөбе, Петропавл, Талдықорған, Қостанайда орналасқан. Өкінішке орай, Алматы мен Нұр-Сұлтанда ондай клиника жоқ.

Фото ашық дереккөздерден алынды

Туа біткен қоянжырық пен жырықтаңдайды қалай емдейді және қанша тұрады?

ВРГиН бар балаларды емдеу бірнеше кезеңнен тұрады және өмірге келген күннен басталады.

Жаңа туған нәресте үшін ауыз қуысын мұрын қуысынан бөлетін үлгі пластина жасалады. Бала өсіп, жақтың мөлшері ұлғайған сайын, пластина айына бір рет ауыстырылады.

Алты айда сәбиге хейлопластика жүргізіледі, бұл ота жасағанға дейін оған алты үлгі пластинка ауыстыру қажет деген сөз. Әрқайсысының құны – шамамен 20 мың теңге.

Хейлопластикадан кейін ота алдындағы дайындық басталады, ол 3-4 жыл созылады. Ол ортодонтиялық емдеуді және ортодонтиялық плантинканы үнемі қолдануды қамтиды. Оны жылына үш рет өзгерту қажет, әрқайсысының құны — 30 мың теңге.

3,5 — 4 жас аралығында балаға ураностафиллопластика  (таңдайдың түріне байланысты жырықты жою) жасау керек. Ота жасағаннан кейін таңдайдың қайталама деформациясының алдын алу үшін бала алынбалы ортодонтиялық пластинаны қолдануды жалғастырады, оны жылына 3-4 рет жақ сүйегінің өсуіне байланысты ауыстырып отырады.

Фото ашық дереккөздерден алынды

Неліктен туа біткен қоянжырық пен жырықтаңдайды емдеу әлі де қиын болып қала бермек?

2010 жылы Үкімет ВРГиН бар балаларға мүгедектігі бойынша жәрдемақы тағайындау және тегін ортодонтиялық емдеу (брекет-жүйеден басқа) туралы қаулы қабылдады, бірақ оны еліміздің алты клиникасында ғана алуға болады.

Жеке клиникалар балаларға ортодонтиялық көмек көрсету үшін мемлекеттік тапсырыс алады, бірақ оны сирек жағдайларда ғана ала аласыз.

Өкінішке орай, жеке клиникаларда қажетті білімі мен дағдылары бар білікті ортодонттар жетіспейді, ал мемлекеттік қаржыландыру пластиналар жасау, мамандарды оқыту және олардың жұмысына ақы төлеу шығындарын өтемейді.

Мысалы, 2016 жылға дейін алмалы-салмалы ортодонтиялық пластинка дайындау үшін мемлекет 5-6 мың теңге бөлген; 2020-2021 жылдары алмалы-салмалы пластинка дайындау үшін денсаулық сақтау министрлігі 10 942 теңге бөлген. Ал ағымдағы жылдың 18 наурызынан бастап жаңа тарификаторға сәйкес алмалы-салмалы ортодонтиялық пластинканың құны 11 445 теңгеге бағаланды. Бұл сома мамандардың еңбекақысын ғана емес, пластиналарды дайындауға да жетпейді.

Логопед оқуы да ерекше назар аударуға тұрарлық. Толық сөйлеуді қалпына келтіру үшін бала кем дегенде алты ай бойы аптасына екі-үш рет логопедпен жұмыс істеуі керек. Жалпы балалар клиникаларында балалармен жұмыс жасайтын логопедтердің бәрі бірдей осындай күрделі пациенттермен жұмыс істей алмайды. Жеке меншік орталықтарда ұзақтығы 40 минуттық сабақтар 5 000 теңге тұрады және бұл шығындар да ата-аналардың қалтасынан төленеді.

“ВРГиН бар балалардың туу жиілігінің өсу тенденциясын, ақаулықтарды жою бойынша жолға қойылған жұмыстары бар клиникалардың шалғайлығын және еліміздің аумақтық бытыраңқылығын назарға ала отырып, осындай кемістігі бар балаларды емдеу мен оңалтудың өңірлік орталықтарын құру қажет.

Әлеуметтік қорғау органдарының бірлескен жұмысы қажет, өйткені кейбір ата-аналар жәрдемақы алу мүмкіндігі, мамандандырылған балалар клиникалары мен қайырымдылық қорлары туралы білмейді”, – дейді Клара Шалабаева.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз