Ұлттық экономика министрлігінің сарапшылары ең төменгі жалақы білім беру, әлеуметтік қызмет, ауыл, орман және балық шаруашылығы салаларында екенін айтты.
Жағдайдың бұлай өрбуі, әлбетте, теріс әсерге ие. Жақында балық инспекциясы қызметкерлері Атырау және Маңғыстау облыстарында браконьерлердің қылмыстарын жасырып келгені белгілі болды. Саясаткер Сұлтанбек Сұлтанғалиевтің пікірінше, дәл осы төмен жалақы адамдарды заңға қарсы әрекеттерге, соның ішінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттерге итермелейді.
Алайда, браконьерлерді жақтауға балық шаруашылығы қызметкерлерінің табысы төмен болуы себеп болса да, басты себеп емес.
— Себебі әңгіме ұйымдасқан қылмыстық топ пен қылмыстық сыбайлас жемқорлық жүйесі туралы болып отыр. Ал бұл Қазақстан батысында кеше немесе бүгін ғана пайда болған жоқ. Мұнда географиялық фактор маңызды рөл атқарды, — дейді ол.
Білім беру мен ауыл шаруашылығы саласындағы төмен еңбекақы мәселесіне келетін болсақ, оның айтуынша, бұл бұрыннан айтылып келе жатқан мәселе.
— Мемлекет осы сала қызметкерлерінің жалақысын көтеруге ұмтылғанына қарамастан, ақшалай табыстың өсуі бағаның өсуіне ілесе алмай жатыр. Бұл сәйкесінше мамандардың миграциясына және халықтың қалаға көшіп-қонуына әкеледі.
Әлеуметтік-экономикалық блок министрлігі мұғалімдер мен ауыл тұрғындары есебінен үнемдеу жолын жақсы меңгеріп алған сияқты
Билік олардың белсенді наразылық іс-қимылдарға бара бермейтініне, әрі қарай да бюджеттік міндетін мүлтіксіз орындай беретіндеріне толық сенімді, – дейді саясаттанушы.
Бірақ, оның айтуынша, мәселе тек саяси сипатта емес.
— Егер мәселеге үңілетін болсақ, мысалы, сол білім беру жүйесінен жоғары дәрежелі мамандардың кетуі елдегі білім берудің жалпы деңгейінің төмендеуіне алып келеді. ҰБТ-ның ешқандай жоғары баллы бұл құлдырауды тоқтата алмайды.
Бұл Қазақстаннан миграциялау процесін де, жастар арасында қылмыстың өршуін де үдетеді, – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, қазір мемлекет қоғамдағы мұғалім мәртебесін көтеруге көшті. Және бұл, саясаттанушының пікірінше, дұрыс.
— Бастама сөз жүзінде ғана қалмауы тиіс, бұл — біріншіден. Екіншіден, педагогтардың әлеуметтік мәртебесін арттыру материалдық өмір сүру деңгейін арттырумен қатар жүруі тиіс. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің көлемін арттыру қажет, қазір ол — 29 698 теңге. Министр мырзалар өздері осы сомаға өмір сүре алар ма еді, маған осы қызық. Әрине, сонымен қатар, айлық есептік көрсеткіш мөлшерін де арттыру керек, қазір ол — 2525 теңге, – деп есептейді Сұлтанғалиев.
Оның айтуынша, егер мемлекет бюджеттік білім беру саласы қызметкерлерінің жалақы деңгейіне тікелей әсер ете алатын болса, онда ауыл шаруашылығы секторында халықтың өмір сүру деңгейін арттыру үшін әлеуметтік қорғау және еңбек заңнамасының сақталуын бақылау тетіктерін енгізу қажет.
— Бұған ауылдық жерлерде құл еңбегін пайдалану, жұмыс берушілер тарапынан алдап кету және қызметкерлердің құқығын бұзу сияқты көптеген деректер куәландырады, — деп атап өтті ол.
Әлеуметтік қызметтер деңгейі де мәз емес екенін айта кету керек.
— Егер бұл саланы үкіметтік емес ұйымдардың қолына берсе және қаржыландыру бұрынғы деңгейде қалса, мәселе жақсарады дегенге күмәнім бар. Біз бұлай мәселені шешпейміз, тек жағдайды ушықтырамыз.
Мадақтаушы іс-шараларымен біржолата қоштассақ жақсы болар еді,
Оларды өткізуге мемлекеттік бюджеттен миллиардтаған теңге жұмсалады. Ал үнемделген қаражат білім беру, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысын елеулі арттыруға бағытталғаны жөн.
Бұл санаттағы азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру — мультипликативті экономикалық әсерге де ие болар еді, – дейді саясаттанушы.