Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовты сын садағына алды.
Оның айтуынша, уақытша тіркеуге байланысты халықтың сұрағы көп.
Бақытжан Әбдірұлының “Бізде заңға қашан қол қойылды?”, – деген сұрағына министр “28 желтоқсанда”, – деп жауап берді. Ал Үкімет басшысы аталған заңға 22 желтоқсанда қол қойылғанын айтып, министрді ұялтты.
– Бірінші рет қашан түсіндірдік? Біз ХҚКО-ларда дүрлігу туғаннан кейін ғана түсіндіре бастадық. Бұл норманың халыққа қатысты екенін түсіндік, біз 22 желтоқсанда түсіндіру жұмыстарын бастап кете алар едік, сонда қазір ХҚКО-ларға келіп жатқан 40 мыңның 17 мыңы уақытша тіркеуге келіп, қалғандары заңдастыратын еді. Бірақ олар осы күндері келмей-ақ қойса да болар еді, солай ма? Олар тіпті бір жылдың ішінде асықпай келе алар еді, айтарлықтай дүрлігу тумас еді. Адамдар не істерін білмей, ХҚКО-ларға бара бастады, – деді үкімет басшысы.
Иә, расында да халық не істерін білмей, дүрлігіп жүр. Саясаттанушы Айдос Сарымның айтуынша тіркеуге байланысты қателік – министрліктің шалағай іс-әрекетінің жемісі.
– Осы заңның қабылданатыны қыркүйек айында-ақ белгілі болған. Біздің парламентте оппозициялық партия болмағандықтан, «мына заңның қабылданбай қалуы мүмкін» дейтіндей мәселе жоқ. Сондықтан да заң қабылданғаннан кейін ақпараттық түсіндіру жұмыстары қоса жүргізілуі керек еді. Ал Сағынтаевтың «алдына ала дайындалғанда бәрі де дұрыс болар еді» деген сөзі өте орынды. Өйткені уақытша тіркеу мәселесі керемет ақылды қажет етпейтін қарапайым шаруа. Қарапайым мәселенің барлығына бірдей Үкімет басшысы немесе президент араласу қажет болатын болса онда мемлекеттік аппарат дұрыс жұмыс істемей отыр. Егер қарапайым мәселені түсіндіре алмаса олар не үшін халықтың ақшасын алып отыр? – дейді Айдос Сарым.
Соңғы кездері қандай да бір заң қабылданса оның арты шуға ұласатын болып алды. Мұның себебі не? Бәлкім бұл мәселені шешу үшін қандайда бір шаруа жасалу керек шығар.
– Біздегі заң қабылдау, оны орындау және де ақпараттық қамтамасыз ету – үш бағытта жұмыс істеп жатыр. Бір бірін тыңдап, бір біріне ықпал етіп жатқан жоқ. Әр қайсысы автономды түрде жеке дара жұмыс істейді. Демек, стратегиялық жоспарлау жүйесі жоқ дегенді білдіреді. Жарайды, қазір азаматтарды уақытша тіркеу мәселесі алдымыздан шығып отыр. Ертең бұдан да өткір мәселе алдымыздан шыға келсе, не істейміз? Мәселен төтенше жағдай туындай қалған кезде мемлекеттік аппарат қалай жұмыс істемек? Менің ойымша, ең бірінші кезекте қолға алатын шаруа стратегиялық жоспарлау мен оны одан әрі дамыта түсу болып отыр. Яғни, ауыс-түйістер жасалып, нақты үлкен концепциялар қабылдану керек сияқты. Егер олай жасамасақ әр қабылданған заңнан кейін мәселе туындап елдің берекесі кете береді – дейді саясаттанушы.
Тіркеу мәселесіне Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың өз араласты. Тіпті алдағы уақытта
бұл мәселеге мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі пікір білдіріп қалуы мүмкін.
Міне, сонда бұл проблема өз шешімін табуы мүмкін. Демек, әзірге ХҚКО у-шу тоқтамайды.