Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
6
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

Теріс ағымдарды қалай тәркілейміз?

206

Еліміздегі ең көп террорлық әрекеттер орын алатын қалалар қатарына: Алматы, Атырау, Ақтөбе, Павлодар, ШҚО, БҚО, Маңғыстау секілді облыстардың енуінің өзі діни мәселенің шынымен де ушығып тұрғанын айғақтайды.

Біраз уақытқа дейін Алматы, Астана қалаларында террорлық қауіптің «сары» деңгейлері енгізілгені естеріңізде болар.

Жалпы, Республика аумағында 2011 жылдан бастап радикалды әрекеттер орын ала бастады. Алғашында «бомбамен» өзін жарып жіберетін жиһадшылар көбейді. Құқық қорғау органдары сол баяғы жайбасарлықпен ол жарылыстарды теракт деп қабылдаған жоқ. Есесіне 2011 жылы елімізде бір жыл ішінде 8 теракт орын алды, (оның 4-і теракт ретінде қабылданған жоқ). Өкінішке қарай сонда да жиһадшыларға ешқандай қарсы күрес амалдарын жүргізілмеді. Бұрын өзін ғана жарып жіберетін жиһадшылар, бүгінде бірнеше топтың өмірін қиюды әдетке айналдырды. Осылайша, 2011 жыл Қазақстанның әрбір тұрғыны үшін терроризмнен болған жарылыстарымен есте қалды.

Қанша жерден заңға өзгертулер енгізілгениен, қарсы күрес жүргізілгенмен, кешегі жиһадшы мен бүгінгі террористің шығу тегін таба алмай келе жатырмыз. Әрине, біршама жетістік бар, бірнеше теріс ағымға кеткен адамдардың бетін бері қаратқанымыз көңіл қуантады.

Дегенмен бүгінде мешіттердегі жағдайда ақсап тұр. Жұма намазға бара қалсаңыз, жамағаттан бөлініп намазын өзгеше оқитын адамдар көзіңізге түспей қоймайды. Соңғы 3-4 жыл шеңберінде жастардың дінге бет бұруы да едәуір жоғарғы көрсеткішке ие болды. Бұл көрсеткіштерді де жат ағымдар өз мақсаттарына пайдаланып, елімізде жастардың қатысуымен террорлық әрекеттер белең алуда. Бұл, әрине, қорқатын жағдай, қоғамда сақалын қаптап өсіретіндер мен балағының қысқалығын анық көрсететін адамдар көбейіп кеткен. Зайырлы мемлекет екенімізді ескерер болсақ, олардың сырт келбеті мен намаз оқуындағы өзгешеліктеріне көз жұмып қарауымызға тура келеді. Әрине, қазір ғаламтор желілерінде түсіндіру жұмыстарымен, аудио, видео жазбалардың көбеюі, сондай-ақ мүфтият пен діни басқармалардың белсенділігін байқаймыз. Алайда онымен жұмыс бітпейді,жаңашаланған әдістер мен жылдамдатылған озық жүйеге ауысу керек.

Ең алдымен ислам бағытындағы білім беру жүйесін нақтылап, сонымен қатар мектептерде дінтану пәнінің сағаттарын көбейту арқылы, білім алып келе жатқан жас жеткіншектердің дін тақырыбындағы сауаттылығын арттыруды қолға алған жөн. Онымен қоса ғаламтор желілеріндегі бұрыс бағытта жұмыс жасайтын сайттар мен топтардың таралуына тайым салу және қатаң тексерістен өткізу жұмыстарын қолға алуымыз шарт. Арнайы оңалту орталықтарының халықпен тығыз байланысын жақсарту керек, яғни кез келген қала, ауыл тұрғыны қысылмастан көкейіндегі сұрақтар мен намаз оқу жүйесін танысынан емес арнайы орындардан үйренгені дұрыс. Халықтың дінге деген құлшынысы күннен-күнге артып келе жатқанын ескерсек, мемлекеттік мекемелерде, жекеменшік жұмыс орындарында, ЖОО, орта білім беретін мектептерде, арнайы кәсіпорындарда түсіндірме жұмыстарын жиі жасау арқылы дін мамандарының халықпен тығыз байланысын арттыра аламыз. Жат ағымдардың құрбаны болған адамдар туралы деректі және көркем фильмдердің санын көбейткен жөн. Сондай-ақ дінтанушы психологтардың көптеп даярлануы, ұтымды жұмыстың бірі болар еді.

Бұның бәрін неге айтып отырмыз. Басқаны айтпағанда, Қазақстанда түрлі дәстүрлі емес культтар саны өсе түскен. Атап айтсақ, 1990 жылдары жаңа культтар саны 10-нан сәл асатын болса қазіргі уақытта жаңа культтардың саны 160-тан асады екен. “Кришна санасы қоғамы”, “Соңғы өсиет шіркеуі”, “Жаңа аспан”, “Жаңа өмір шір­кеуі” дейсіз бе, санынан жаңыласыз. Бұған “Сайтан шіркеуі”, “Саен­тология шіркеуі” сияқты діни бірлестіктерді қосыңыз. Ислам атын жамылып, дінаралық келісім мен үн қатысуға зиянын тигізіп, бейбіт өмір тыныштығын бұзып жүргендер де қаншама.

Жыл сайын елімізде Ұлттық тестілеуден оң баға жинай алмаған жасөспірімдер өзіне-өзі қол салып, бақилық болыпты дегенді ақпарат құралдары жарыса хабарлап жатады. Елімізде кәмелеттік жасқа толмағандардың өзіне-өзі қол жұмсау санының жыл санап артып келе жатқаны жағаңды ұстатып, көңіліңе қорқыныш ұялатады.

Өзін-өзі өлтіру ғылымда «суицид» деп аталады. «Википедия» деген ашық энциклопедияны ашып қалсаң, Қазақстан тұрғындарының өзіне-өзі қол жұмсау санына шаққанда 2015 жылғы дерек бойынша әлемде бірінші орында тұрғанын көресіз. Өкінішке қарай, бүгінгі күнге сай нақты ресми есеп жоқ. Амалсыз өткен жылдарға қайырыласың. Бас прокуратураның дерегі 2005-2007 жылдар арасында 750 жасөспірім осы суицидтен өлген, 1146 жас өздерін өлтіруге әрекет еткен. Өз-өзіне қол жұмсағысы келген балалардың орташа жас мөлшері 14 пен 17 жас аралығығында. Мұның бәрі жеткіншектерге қатысты нәрсе, ал ересектерге қатысты жай бұдан екі-үш есе көп болуы мүмкін.

Әскердегі азаматтық борышын өтеп жүрген сарбаздар қатарында да өзіне өзі қол салу қазір үйреншікті жағдайға айналған. Мәселен, еліміздің бас әскери прокуратурасының мәліметіне жүгінсек, 2002-2004 жылдар арасында 78 қазақстандық сарбаз өзіне-өзі қол жұмсап қаза болған. Сұмдық па? Сұмдық!

Енді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2007 жылғы 100 000 адамға шаққандағы суицид санын көрсететін тізіміне көз жүгіртейк. Тізімдегі 45 елдің ішінде Қазақстан төртінші орында тұр. Яғни елімізде 100 мың адамның 30-ы өз-өзін өлтіреді екен.

Көршіміз Ресейде 2007 жылы 3000 кәмелетке толмаған бала өз-өзін өлтірген. Жалпы, Ресейде 1995 пен 2003 жылдың арасында 500 мың адам өз-өзіне қол салып өлген. 10 миллион адам өзін өлтірмек болған. Өзін өлімге қиғандардың тең жартысынан астамы 30 жасқа дейінгілер.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, жер бетінде соңғы жарты ғасырда өз-өзіне қол салушылар саны бұрынғымен салыстырғанда 60 пайызға өскен. Әлем бойынша 121 миллион адамның жүйкесі жұқарған. Сұмдық емес пе? Жүйкесі жұқарған деп отырғанымыз жай сөз, бұл – тұтастай үлкен бір мемлекеттің халқындай осынша адамның қояншық болу қаупі бар, кез келген уақытта өз-өзіне не басқа біреуге қол салуға қабағандай даяр тұр деген сөз. Осынша адам – ұйқысыздыққа ұрынғандар, жалғыздықтан жалыққандар, жоқшылықтан торыққандар, бойларын қорқыныш пен сенімсіздік билегендер, шарасыздық пен күйзеліске бой ұрғандар, үмітсіздік пен үрейден қажығандар, өшпенділік пен кекке желінгендер, болашақ пен бүгіннен түңілгендер, қоғамнан да, адамнан да жерінгендер.

Осынау әлемдік дерттің себеп-салдарын жоқшылыққа, кедейлікке, аш-жалаңаштыққа тағы жаба алмайсың. Бір күнде «Бойнгке» бес рет мініп, бес рет түсетін, адамзатқа тән материалдық игіліктің, рахаттың, қызық-құмардың бәрін көрген, бәрі бар, өркениеттің өріне шыққан ас та төк американдықтардың 25 пайызы өздерін «жүйкесі жұқарғандар» санайды екен. Жұмыртқаға жүн өсіретін жапондарың да соның ар жақ-бер жағы. Сонда, бұларға не жетпейді? Түсініксіз. Ойлап-ойлап жарықтық Абайға жүгінесің: «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын».

Асылып өлуді емі жоқ белгісіз ауру, экологиялық дерт дейтіндер де бар. Кім біліпті? Қарыздарын қайтарып, банктегі еесебін жауып, тұрып жатқан пәтерін жуып-тазалапбарып өзін-өзі өлтіретіндер де аз емес екен. Артына бір жапырақ қағаз қалдырмай, о дүниеге үн-түнсіз, оп-оңай аттанып кете баратындарда есеп жоқ. Мұның артында не тұр? Мұның сыры не?

Осы азып-тозудың, күйзеліс пен күйгелектіктің бәрі де иманның толық болмауынан немесе әлсіздігінен екені анық. Бақыт – байлық, ақша не басқа емес, жан-дүниенің тыныштығы, жүректің сабыр-барақат табуы. Барға – шүкір етуде, жоққа – сабыр қылуда. «Қанағат – қарын тойғызар» дегенде бабаларымыз осыны айтқан емес пе.

Сондықтан жастар арасында осындай насихат, түсіндіру жұмыстарын жиілетіп, діни білім беруді орта мектептерде кеңінен қолға алуды жолға қойған жөн. Әйтпесе діни фанатизмнің елімізде қалыптасқан бейбітшілік пен тұрақтылыққа нұқсан келтіру қаупі зор. Теріс діни ағым өкілдері аңсағандай біз ислам дінін ұстанатын теократиялық мемлекет бола алмаймыз. Көпэтносты және көпконфессиялы елде тұрақтылықты сақтау үшін зайырлылықты мәңгілік ту етуіміз қажет.

Дін мәселесі өте нәзік шешімдерді талап етеді, мүлт кетіп, қате жіберуге жол жоқ. Сондықтан еліміздегі діни бірлестіктер өз қызметінде елдегі тұрақтылық пен ұлтаралық татулық, қазақстандық патриотизм, жастарды рухани-адамгершілік рухта тәрбиелеу сынды маңызды істерді назарда ұстауы тиіс.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Фото: nazenergy.at.ua

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз