Нұр-Сұлтан
Қазір
15
Ертең
23
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Тәуелсіз мемлекет әскери киімін өзі шығаруы керек

145

Мамандардың айтуынша, қазірдің өзінде нәтиже бар. Қазақстан жыл сайын әскери өндіріс кешенінің деңгейін дамытып келеді. Бұл туралы отандық өндірушілер ғана емес, шетелдік тәуелсіз сарапшылар да айтып отыр.

Әскерді тиісті құралдармен қамтамасыз ету бағытында еліміз импорттық өнімдердің орнын отандық өнімдермен алмастыру жолында өте қарқынды шаралар қабылдап жатыр.

Қазақстанда соңғы жылдары қорғаныс құралдары нарығы белсенді түрде дамып келеді. Бүгінгі таңда оқ өткізбейтін дулығалар шығаратын үш отандық кәсіпорын және оқ өткізбейтін кеудешелер тігетін бес кәсіпорын жұмыс істеуде.

Бүгінгі таңда Қазақстанда қанша кәсіпорын оқ өткізбейтін кеудеше шығарады? Жергілікті өнім өндірушілер ішкі нарықты сапалы оқ өткізбейтін кеудешелермен қамтамасыз етуге дайын ба?

Елімізде жыл өткен сайын қорғаныс құралдарын шығаратын зауыттар мен өндіріс ошақтары көбейіп келеді. Оның үстіне, өндірілетін отандық қорғаныс өнімдерінің саны жағынан сапасы да қалыспай, сапалары да өсіп отыр.

Сарапшылардың айтуынша, әскерді сапалы қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету барысында үнемдердің еш қажеті жоқ. Сондықтан қазір ең алдымен осы өнімдердің сапасы мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Қазақстан да әлемнің өзге мемлекеттері сияқты әскери өндіріске баса назар аударып келеді. Бүгінгі таңда еліміз ішкі нарықты отандық өнімдермен жартылай қамтамасыз ететіндей қабілетке ие болды.

Біздің еліміз, Ресей, АҚШ және Қытай сияқты үлкен емес. Сондықтан әскери өндіріс ішкі нарықта барлық әскери өнімдермен толыққанды қамтамасыз ете алмайды.

Әскерді қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету – тәуелсіз еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Бұл салаға ерекше көңіл бөлінетіні де сондықтан. Мамандардың айтуынша, қазірдің өзінде нәтиже бар. Мысалы, бүгінгі таңда Қазақстанда қанша кәсіпорын оқ өткізбейтін кеудеше шығарады? Жергілікті өнім өндірушілері ішкі нарықты оқ өткізбейтін сапалы кеудешелермен толықтай қамтамасыз етуге дайын ба?

Тәртіп сақшылары мен құтқарушыларды, Ұлттық гвардия өкілдерін кездестіретін қазақстандықтардың олардың арнайы киімдерін кім тігіп шығаратыны туралы ойлана бермесі анық. Ал бұл мәселеге тек Қазақстанда ғана емес, басқа да елдерде мемлекеттік деңгейде мән беріліп отыр. Оған лаңкестік қауіптің жоғарылауы себеп болса керек.

Елбасы да айтып отыр, «әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің қорғаныс киімдерін өзі жасауы керек», деп. Мұның өзі ұлттық қауіпсіздік деңгейінің көрсетпей ме? Шетел тәжірибесіне де көбірек мән беріп, олардың осы саладағы кейбір инновациялық, жоғары технологиялық табыстарына сүйене отырып, тәжірибе алмасудың түрлі жолдарын неге таппасқа? Мысалы, Израиль, АҚШ, Ресей сияқты мемлекеттерде қорғаныс саласының бір орнында қалып қалмай, үнемі алға ілгерілеп отыруы үшін үлкен мемлекеттік ғылыми институттар, небір мықты сарапшылар жанталасып жұмыс істейді. Біз де қарап қалмай, олардың көшіне өзіміздің отандық өндірушілердің көмегімен ілесіп отыруымыз керек.

Қазір еліміздің алдында үлкен мақсат жүктелген: импорттық өнімдердің орнын жергілікті тауарлармен алмастыру. Тәуелсіз еліміз үшін мұның тым маңызды мәселе екенін жоғарыда айттық.

Оқ өткізбейтін кеудешелер шығаратын отандық бір кәсіпорын – Көкшетауда орналасқан. Өндіріс ошағы бүгінде авиация, қорғаныс және медицина саласына қажетті қосалқы бөлшектерді шығаратын еліміздегі бірегей кәсіпорын. Оның негізгі өнімдерінің бірі – бронежилеттер, адам өмірін қорғайтын қызметте жұмыс істейтіндерге арналған арнайы киімдер. Кәсіпорын цехының өндірістік қуаты – бір ауысымда жүзге жуық броньдалған жилет дайындай алады. Жылына 18 мыңдай жилет шығарады екен. Цех қажет кезде тоқтамастан үш ауысыммен жұмыс істей алады. Кәсіпорын басшылығы қажет болса Қазақстанның барлық қарулы күштері отандық броньдалған киімдермен қамтамасыз етуге болады дейді. Зауыт өнімінің негізгі тұтынушылары – Қазақстан Республикасының қорғаныс министрлігі, құқық қорғау органдары және мемлекеттік қауіпсіздікке қарайтын мекемелер мен қызметтер. Бұдан бөлек, кәсіпорын соққыға қарсы каскалар мен қалқандар, және кісендер шығарады. Өнімдерінің 35 проценті экспортқа бағытталған.

Әскери қорғаныс құралдарын шығаратын кәсіпорынның бас директоры Қайрат Қалманбаевтың айтуынша, барлық материалдар мен шығарылатын өнімдер сертифкатталған. Арнайы сынақ алаңдары мен зертханаларда жіті тексерістен өткізіледі.

Бізде тек қорғаныстан басқа барлық сынақтар бар. Өнімдерді бұл сынақтан Мәскеу қаласында өткіземіз. Бүгінгі таңда кәсіпорнымыз барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қазір біз Қазақстан мен Өзбекстан үшін далада сынақ өткізу мақсатында оқ өткізбейтін кеудешелер шығарып бердік. Енді Түркіменстаннан тапсырыс бар, Үндістанмен арада да қазір келіссөздер жүргізіп отырмыз. Біздің өнімдер күштік құрылымдарға, оның ішінде негізінен ҚР Қорғаныс министрлігі мен ҚР Ұлттық гвардиясына арналған, – дейді кәсіпорын директоры.

Бұл зауытта сондай-ақ, төрт жылдан бері оқ өткізбейтін дулығалар да шығарылып келеді. Жылына ондай дулығаның 150 мың данасы жасалады. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, бұл ішкі нарықты қамтамасыз етуен бөлек, өнімдерді сыртқы нарықтарға экспорттауға да жеткілікті екен. Жақында ғана компания өңірлік «Қазақстанның үздік тауарлары» атты көрме түрінде өтетін сайысқа қатысып, республикалық деңгейде өтетін келесі кезеңіне қатысатын жүлдегерлер қатарына еніпті. Зауыт тек дулығалар ғана тікпейді. Қорғанысқа арналған басқа да өнімдер, оның ішінде темір қалқандарды да дайындайды. Компания оған қажетті барлық жабдықтарды сатып алған.

Әрине, отандық өндіріс болған соң тауардың ең алдымен сапалы болғаны маңызды. Сол үшін де зауыттар сынақтан өткізетін өз зертханасын салуды жоспарлап отыр. Өйткені олар әзірге өз өнімдерін сынақтан өткізу үшін оны Ресейге апаруға мәжбүр.

Кез-келген мемлекет үшін әскери өнеркәсіп кешені – шығыны көп сала болып табылады. Себебі, бұл саладағы технологиялар үнемі жаңарып отырады. Ал Қазақстанға жаңашылдықтан қалыспау қажет, әрине. Жыл сайын Қазақстанда қауіпсіздікке жұмсалатын шығындар артып келеді. Қорғанысқа жұмсалатын шығын 517 млрд теңгені құрайды. Осы жылға бюджет бекітілді. Жалпы Ішкі Өнімнің 0,9 – 1 пайызы – қорғаныс шығындары. Бұл шығындар әлемдегі барлық мемлекеттерде орташа есеппен алғанда осындай. Ұлыбританияны мысалға алсақ, олар Жалпы Ішкі Өнімнің 1,8 пайызын қорғанысқа бағыттайды. 1 пайыз – ол жалпыға ортақ стандарт саналады екен.

Қорғаныс саласы – қажырлы еңбекті, орасан қаражатты талап ететін сала.

Әскери өнеркәсіп кешені үшін де, еліміз үшін де отандық тауарларды өндіру маңызды. Өйткені оның ішінде жалпы халықтың қауіпсіздігі мәселесі де қамтылмай ма? Сондықтан осы салаға мемлекет тарапынан жоғары деңгейде көңіл бөлінуіне үлкен негіз бар. Қорғаныс құралдары, оның ішінде әскери дулығалар мен кеудешелер, қалқандар мен броньдалған әскери көліктер мықты, әрі сенімді болуы керек. Сонда әскер елді қорғай отырып, өздерінің де мықтап қорғанғанын сезінетіні сөзсіз. Әлемдегі кез-келген мемлекеттің өз әскерін жарақтандыру саласында өзгелерден озық болғысы келетіні белгілі. Бұл ретте Қазақстан халықаралық аренада барлық мемлекеттерге өзінің келісім мен бейбітшілік жолын ұстанған саясатын көрсетіп келеді. Алайда қауіп төнсе – кез-келген жағдайға, тіпті жаһандық қауіп-қатерлерге де барынша төтеп беруге дайын.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз