Фейсбуктағы парақшамды ақтарып отырып, бір қыздың мына бір жазбасына көзім түсті. Оқып отырып ағыл-тегіл жыладым. Өйткені онда дәл менің өмірім баяндалған екен.
Басында сүйгеніме қосылып, бірақ уақыт өте келе тағдырдың салғанына бағынып, әйел үстіне әйел болып барған жандардың бірі мен едім…
Бақыттымын ба, жоқ па, оны әзірге өзім де сезініп жүрген жоқпын. Әйтеуір бір түрлі өмір кешіп жатырмын. Мен өмірімді өрнектеп жазатын жазушы емеспін. Сондықтан Фейсбуктегі қыздың жазбасын сіздерге ұсынып отырмын. Өйтені менің тағдырым дәл осылай болған еді. Егер қызықтырса, оқып көріңіз:
«Мен бақытты келіншек едім. Айрандай ұйыған отбасым – аузында Алласы, жүрегінде иманы бар арыстай азаматым мен болашағынан үміт күттірген үш ұлым – әйел бақытын, ана бақытын сезініп, Алланың мейіріне бөленіп, алаңсыз күн кешуіме себепкер болды. Күйеуім шағын дүкен мен көлік жуатын орталық ашып, сонымен айналысады. Мен тапқан табысының берекесін кіргізіп, үйде балаларымызды бағып отырамын. Әне-міне деп төртіншімізді күтіп жүргенбіз. Бір күні күйеуім келіп:
– Ақылдасатын әңгіме болып тұр… Бір келіншектің күйеуі жол апатынан қайтыс болды. Келіншек бұғанасы бекімеген 4 баласымен жесір қалды, жұмысы да жоқ. Оған арқа сүйер керек, екінші әйелдікке алып, қарасып тұрайын. Сауабы мол іс қой…,
— деп бастап келе жатыр еді, қызғанышым бетіме шығып, жолдасымды ары қарай сөйлетпедім.
Менің аяғым ауыр екенін ескерген ол да әңгімесін тоқтатты. Тек, ойлануымды өтінді. Қалай ойлансам да, ерімді басқа әйелмен бөлісу деген шешімге келісе алмадым. Күйеуімнің өзге әйелді құшып, сүюі, маған айтқан сөздерін оған айтуы… Бұл туралы ойлаудың өзі ауыр.
Соңында:
– Мен екінші әйел алуыңа қарсымын, егер ол әйелді алатын болсаң, мен кетемін! Бала туып бере алмасам жарар еді, екінші әйелді қандай сылтаумен алмақшысың?
– деп ішімдегіні ақтарып тастадым.
Күйеуім ол әйелді маған қанағаттанбағаннан емес, сауап үшін аламын деп қанша айтса да, түк шықпасын түсінді де, менің ішімдегі баланы ойлап, ол әйелге үйленбеді.
https://kaz.365info.kz/to-al-bol-ym-keledi-kreditim-bar-edi-aza-yzy-243675
Күндер жылжып өте берді, өмірге сүп-сүйкімді қызымыз келді. Сәбиіміз бір жастан асқанда әкесінің денсаулығы сыр беріп, мазасыздана бастады. Жолдасым көп ұзамай “менингиттен” өмірден озды. Ол кеткен соң айналам тұманданып, өмірдің көлеңкелі тұстары қылаң бере бастады. Өзі кеткен соң, кәсіптері де құлдырап, банкротқа ұшырады. Мен жұмысқа шығайын десем, құшағымда емізулі балам бар. Ағамның үйіне көшіп баруыма тура келді. Ағамның бес баласына менің төрт балам қосылды, үйдегі жеңгеме бұл у-шу ұнамағаны байқалып жүрді.
Содан, пәтер жалдап бөлек шықтым. Алайда, пәтерақысын төлеуге, тамаққа ақша табуға мен дәрменсіз едім, бөлек тұрғаным болмаса, бәрібір ағамның мойнына масыл болуға тура келді. Күндер өте берді. Ағама да оңай соғып жүрмегені жүдеу жүзінен көрінетін. Келіншегін де ренжіткісі келмейді, бауырын да қиындықта қалдырып кете алмайды…
Бір күні ағам мені отыздан асқан бір кісімен таныстырды. Қатты қуандым, танысқан азаматты жігіттің төресіне баладым. Байсалды, иманды азамат сөзінің соңында:
– Үйде үш баламның анасы, аяулы жарым бар, оның алдынан өткенім абзал. Мен сізге бір жауабын ағаңыз арқылы айтамын, — деді.
Төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей мең-зең күйге түстім. Менің тағдырымның қай арнаға ауысуы әуелі Алланың, содан соң бейтаныс келіншектің шешіміне байланысты болып тұрды. Кезінде жолдасым рұқсат сұрағанда бір бейбақ дәл мен секілді қиналған екен ғой…
Сол кезде істеген ісіме қатты өкініп, ұялып, Алла Тағаладан кешірім сұрадым. Түнімен истихара намазын оқып, келіншектің күйеуіне рұқсат беруін тіледім. Таңертең әлгі азамат келіншегімен бірге келіпті. Үйге кірген соң, келіншегін қалдырып, күйеуі сыртқа шығып кетті. Ал мен не айтар екен деп қобалжып тұрғанымда, жап-жас әрі өте әдемі келіншек маған жақын келіп, қолымнан қысып:
– Әпке! Біздің мақсатымыз бір! Біз қызғанышқа бой алдырмай, Жәннәтқа деген үмітпен, осы азаматты сыйлай, қадірлей білейік! Алла қаласа, бірігіп, ер азаматымыздың разылығын іздейік, жағдайын жасап, жан тыныштығын алуын ойлайық, иманының жартысы болайық. Бір еркекті жалғыз құшақтап жатқаным үшін де сұраламын ғой, одан да сауап жинағаным абзал, — деді.
Екеуміз қосылып біраз жыладық. Не деген кең жүрек, неткен иман!
Мейірімі шексіз Алла Тағала мені кезіндегі кемшілігім үшін күйеуімді алып жазалап еді, енді тәубемді қабыл етіп, осындай отбасы сыйлады.
Бұл оқиғаны мен секілді білместікпен асығыс шешім шығарып жүрген сіңлілеріме сабақ болсын деп сіздерге жолдап отырмын».
Иә, менің тағдырым дәл осындай. Осындағы қыздың өміріне егіз тамшыдай ұқсас…
https://kaz.365info.kz/ony-ajelinen-khatty-khyzganamyn-astanalykh-zhas-tokhal-syryn-akhtardy-272082
Гауһар Жолдасбекқызы