Нұр-Сұлтан
Қазір
15
Ертең
23
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

“Сұлтанқызы не дер екен?”. Жанар Шәмел екі-үш жылдан бері өз қызметіне келе алмай жүрген

464

Қариннің амалы қалмады 

2012 жылы бала күтіміне байланысты еңбек демалысына кеткен Жанар Шәмел екі-үш жылдан бері өзіне заң бойынша тиесілі қызметіне келе алмай жүрген.

«Балапанның» директорлық қызметі ұнап қалған Ләйлә Сұлтанқызы «Қазақстан» телерадиокорпорациясының бұған дейінгі басшысы Нұржан Жалауқызымен өте жақсы қарым-қатынас құрып, сеніміне кіріп алды.

Өзара мүдде тоғыстырып бірігіп алған екі әйелмен ол кезде  қарсыласу мүмкін емес еді. Сол себепті де Жанар Шәмел өзіне тиесілі қызметке келе алмай мысы құрып жүрген. Осы жылдың басында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының президенті қызметіне Ерлан Қарин келген соң, Жанар Шәмел өзінің қызметін қайта талап ете бастады. Оның талабы заңды болатын.

Сондықтан, Ерлан Қарин арлы-берлі түлкіше бұлғақтағанымен, өзін сотқа берген жағдайда Жанар Шәмелдің талабы қанағаттандырылатынын сезіп, Ләйлә Сұлтанқызын былай ысырып тастауға мәжбүр болды.

Бұл қандай ЖШС-ы? 

Бүлдіршіндерге арнап құрылған «Балапан» телеарнасының сапалық жағын тым төмендетіп, нысаналы бағытын басқа жаққа бұрып жіберген Ләйлә Сұлтанқызының басшылықтан кеткенін құптайтындардың әлі қуана қоймайтыны анық.

2000-шы жылдардың басында «Шаһар» және «ХитТВ» телеарналарында продюсер болып қызмет атқарған ол 2008 жылы телеарналардан тендер ұтып, сол ақшаға телевизиялық бағдарламалар дайындайтын «KazMedia Mobile» ЖШС құрған.

 Отбасылық бизнеске айналған бұл фирманың күреп мол қаржы тауып, дәуірлеген кезі де Ләйлә Сұлтанқызының «Балапан» телеарнасына басшы болып келуімен байланысты. Ол «өзінің жекеменшік фирмасына тендер беретін басшы» атанбас үшін, жылдамдатып «KazMedia Mobile» фирмасын інісі Бейбіт Долмахаевтің (2-суретте) атына ауыстырып жіберді. Медиа саласына монополия ауықымының кең етек жайғаны соншалықты, соңғы бес-алты жылдан бері «Балапан» телеарнасынан көрсетілетін бағдарламалардың бәрін «KazMedia Mobile» ЖШС жасап келеді.

“Балапан” адасты 

Алғашқыда бүлдіршіндер үшін арнайы жасалған телеарна нақты бағдарды орындауға сауаты жетпеген «KazMedia Mobile» фирмасының кесірінен  түрлі эксперименттермен әуестеніп кетті. Эфирде қалай әнші болу, тамақ пісіру, модель болу сияқты әуейі бағдарламалар көрсетіле бастады.

Мұның бәрі бүлдіршіндер аудиториясына емес, жасы үлкен жеткіншектерге арналып жасалды. Нәтижесінде, «Балапанды» бүлдіршіндер көрмейтін жағдайға жетті.

Қазақ тіліне аударылып көрсетілетін мултьфильмдердің де көпшілігі, балалар сериалдары да ересек жеткіншектерге бағытталды. Осылайша «Балапан» өзінің атына сай емес жағдайға жетті. Егер ересек балалардың аудиториясын қамту қажет болса, онда балалардың бұл санатына басқа телеарна ашу керектігін Ләйлә Сұлтанқызы, тіпті, де ұқпады.

Ол кімге керек?

«Балапанның» үстінен қарайтын «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басшысы Ерлан Қариннің әсіре саясиланған көзқарастағы адам екенін білеміз. Соның көңілін табу үшін Ләйлә Сұлтанқызы басшылық жасайтын «Балапан» арнасы осы жылдың басынан бастап ЭКСПО-2017 көрмесін жарнамалайтын бағдарламаларды да көрсете бастады. Ол кімге керек?! Балаларға ма? Әрине, жоқ. 

Ләйлә Сұлтанқызының «Балапанды» билеп-төстеп алғанын мына жағдайдан да көруге болады. Мысалы, 

қазір оның ұлы блогердің кейпінде «Балапанда» бағдарлама жүргізеді.

Бағдарламаның сапасы сын көтермейді. Себебі, бағдарлама жүргізушісіне кастинг арқылы іріктеу жасалмағаны көрініп тұр. 

«Балапанды» бақандай бес жыл басқарған Ләйлә Сұлтанқызына ауыл балаларының өкпесі қарақазандай шығар. Себебі, «Балапан» арнасының таралым ауқымы о бастан шектеулі болатын. Соның кесірінен, «Балапан» телеарнасын көре алмайтын Қазақстанның ауыл-аймақтарында тұратын миллиондаған бала «тоқалдан туғанның» керін кешіп отыр. Осы кемістікті түзету үшін «Ел Арна» телеарнасының жиілігін «Балапанға» беру жөнінде талай рет ұсыныс айтылды.

Бірақ, осы ұсыныстың жүзеге асуына Ләйлә Сұлтанқызы мұрындық болған жоқ, тіпті саусағын да қимылдатпады. Оған өзінің отбасылық «KazMedia Mobile»  фирмасының мүддесі қымбат болатын. Қазір ол «Балапан» басшылығынан кеткенімен, інісі басқаратын осы фирманың мүддесін тамыр-таныстарының көмегімен жанын салып қорғаумен болады.

Сондықтан,

«Балапан» Ләйлә Сұлтанқызынан құтылды» деп, бөрікті аспанға лақтыру ерте, оның «өзі кетсе де, көзі кеткен жоқ».  

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз