ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сарысу ауданында министр «Еврохим-Удобрения» ЖШС жобасымен танысты. Аталмыш жоба Қаратау-Жаңатас фосфорит бассейні кен орнын игеріп, кешенді минералды тыңайтқыштарды шығару бойынша зауыт салып жатыр. Бұл жерде Әсет Исекешев құрылыс-монтаж жұмыстарының барысымен танысты.
Химиялық кешеннің жобалық құны 356,6 млн. теңгені құрайды, жылдық өндірістік қуаттылығы – 1,4 млн. тонна минералды тыңайтқыш өндіру.
Әрі қарай, ҚР инвестициялар және даму министрі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында екі инвестициялық жобаның – “Talas Investment Company” ЖШС мен “Қазфосфат” ЖШС минералды тыңайтқыштар зауыты жұмысымен танысты.
Таразда министр «Қазфосфат» ЖШС минералды тыңайтқыштар зауытында болды. Онда ол экстракциялық фосфор қышқылы өндірісінің технологиялық жүйесін қалыпқа келтіру жобасымен танысты. Жобаны қалыпқа келтіруге 150 адам тартылды. Жоба құны 8,2 млрд. теңге. Оның өндірістік қуаты жылына 220 мың тонна экстракциялық фосфор қышқылы болмақ.