Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
-2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Семейді су алу себебі анықталды

Бүгін ШҚО әкімі Даниал Ахметов су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Ертіс бассейндік инспекциясы уақтылы мониторинг жүргізбегенін мәлімдеді. Бұдан бөлек, орта тәуліктік су жіберу мөлшерін көтеру мәселесі не облыстық, не қалалық әкімдікпен келісілмеген. Айта кету керек, аталған факт бойынша прокуратура тексеруді бастады.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі мәліметі бойынша, аймақ басшысының төрағалығымен өткен жиналыста Ертіс бассейндік инспекциясының басшысы Қазымбек Баймағамбетов 28 наурыз күні су дағдарыстық деңгейде жіберілгенін растады.

«Осы жерде айтылған сандар, расымен-ақ біз істеген жұмыстың нәтижесі. Мәселе 23-26 наурыз аралығында ауа-райы қолайсыз болып, арты жаңбырға ұласқан қар жауғаннан кейін туындады. Жан-жақтан келетін ағыстар көбейді», – деді ол.

Даниал Ахметов үш есе артық көлемде су жіберу туралы шешімді жергілікті атқарушы органмен келісуді жөн көрмеген инспекция өз ісіне салғырт қараған деп баса айтты. Осылайша, жүздеген адамның өміріне қауіп төндірген-ді.

«Үш тәулік бойы бізге түсініксіз жағдайда өте үлкен мөлшермен су жіберіліп жатыр. Егер наурыздың бірі Шүлбі су қоймасындағы орта шығын секундына 501 текше метрді құраса, 20 наурызда секундына 661 текше метрге жетіп, орта есептен көтерілді. 25 наурызда су жіберу деңгейі секундына 721 текше метрді құрады. Ал 27 наурызда су секундына бірден 1127 текше метрге көтерілген. 28 наурыздан бастап апаттық деңгейдегі су жіберу фактісі тіркеліп, көрсеткіш секундына 1800 метрге жетті. Бұл ай көлемінде жоспарлы су жіберу жұмысы жүрмегендігін көрсетеді», – деп мәлімдеді аймақ әкімі.

Даниал Ахметов неліктен жоспарлы су жіберу жұмысы уақытылы жүргізілмегенін сұрады.

«Су қоймасы таудың етегінде орналасса, түсінер едім. Су ешқайда кетпей, сонда барып ағар еді, бірақ ол жазық аумақта орналасқан. 11 наурыздан бастап екі күн бойы толассыз жаңбыр жауып, ауа райы жылынғанын білесіздер. Сол кезден бастап неге су жіберілмеді?!» – деді ол.

Азаматтық қорғаныс пен ТЖ қызметтері әкімдердің басшылығымен қауіпті аймақтарда жұмыс істеуде. Семейде арнайы комиссия құрылып, алғашқы толқынның салдарын есептеуде.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз