Қазақстан 2018 жылғы Петербург халықаралық экономикалық форумына қатысып, «Самұрық-Қазына» АҚ активтерін таныстыруда.
ПХЭФ іскери қауымдастығымен кездесуде сөз алған Қор басшысы Ахметжан Есімов ресейлік инвесторларды жекешелендіру бағдарламасына қатысуға шақырды деп хабарлайды 365info тілшісі.
«Жекешелендіру бағдарламасы – біздің компанияларға тиімді түрде капитал құюдың тамаша мүмкіндігі. Осы жылы біз экономиканың түрлі секторындағы ірі, орта және шағын компаниялар кіретін 50 активті жекешелендіруді аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз», – деді форум қатысушыларына арналған сөзінде А.Есімов.
«Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуы бар 8300-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді, инвестиция көлемі 11,4 млрд АҚШ долларына тең», – деді Қор басшысы.
ПХЭФ-2018 арнайы панельдік сессиясы барысында «Самұрық-Қазына» басшылығы ресейлік және халықаралық іскери қауымдастыққа энергетика, мұнайхимия саласындағы, тау-кен, көлік және логистика секторындағы Қордың қоржын компанияларының тобы жүзеге асырып отырған бірқатар ірі инвестициялық жобаларды таныстырды.
Петербург халықаралық экономикалық форумының потенциалды инвесторлармен, бизнес-серіктестермен және сарапшылармен іскери байланыс орнатудың 1997 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан тиімді халықаралық алаңы екенін айта кету керек.
Осы жылы Қазақстан ПХЭФ-те Жекешелендіру бағдарламасының мүмкіндіктерін таныстырып жатыр. Бұл жобада «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ға үлкен рөл берілген.
Жекешелендірілетін 878 активтің 215-і Қор тобына тиесілі.