Қазақтың жейтін басты тамағы – ет дейміз. Алайда статистикаларға сүйенсек, бүгінгі қазаққа ол жеңсік ас боп барады. Мәселен, атасының асы – шөп-шалам саналатын Батыс елдерінің өзі бүгіндері етті қазақтан екі есе көп тұтынады. Осы бір мәліметтің өзі үлкен парадокс туғызары сөзсіз. Жалпы, дүниежүзі елдерінің азық-түлік себеті мәліметтерін алып қарасақ, бүгінгі Қазақстан халқының диетада жүргенінің куәсі боламыз. Оған не себеп?
Мына қызық фактіні қараңыз, елімізде тарифтер маусымдап өзгереді,
ал азық-түлік себеті параметрлерінің өзгемермегініне 11 жыл (!) болыпты.
Рекорд деп осыны айт! Ал әлемдік стандарт бойынша ол бес жыл сайын жаңарып отыруы тиіс екен. Азық-түлік себетінің соншалықты жұтаңдығы қанша айтылса да биліктің назарына әлі ілінер емес.
Екіншіден, Үкімет бекіткен тізім бойынша бұл қоржында қазір 43 тағамның тізімі бар. Салыстырмалы түрде айта кетсек,
АҚШ-тың тұтыну себетіне — 300 түрлі, Франциянікіне — 250 түрлі, ал ағылшындардыкіне 350 түрлі азық-түлік пен қызмет түрі енген. Көш басында Германия тұр, немістердің азық-түлік себетінде 475 тағам мен қызмет түрі бар.
Біреу білсе, біреу білмес, біздің тұтыну себетіміз жасалған кезде ғалымдар Африканың, яғни кедей елдердің ең төменгі күнкөріс деңгейіне жүгінген. Бұл біздің ғалымдарымыздың қателігі ме әлде сондай тапсырма берілді ме, кім білсін?!
Кейбір деректерге сүйенсек, азық-түлік себеті, тек келер жылы ғана өзгеретін көрінеді. Оның өзінде қазіргі 43 тағам түрін 60-қа ғана жеткізетін сияқты.
Кейбір мамандардың зерттеулеріне сенсек, еліміздегі халықтың жартысынан көбін кедейлер құрайды. Тарата айтсақ, елімізде байлар — 12 пайыз, орташа деңгейдегілер — 20 пайыз, ал кедейлер — 68 пайызды құрайды. Байлар мен кедейлер арасындағы айырмашылықтың жер мен көктей екендігін барша жақсы біледі, яғни 30 есе.
Бәрін айт та, бірін айт, «халықтың 75 пайызын күнделікті тойып тамақ ішетін деңгейге жеткізбей, ешқандай реформа жасауға болмайды» деген норма бар емес пе?.. Ал мұны бізде ешкім ескеріп жатқан жоқ сияқты. Жоғарғы жақтың есебі бойынша бізде қайыршылар аз. Әрине, олар қолдан жасалып жатқан ресми деректерге жүгінеді.
Айта кетейік, қазір бізде ең төменгі күнкөріс мөлшері – 22 859 теңге, айлық есептік көрсеткіш – 2 121 теңге. Ал осыдан тұп-тура бір жыл бұрын ең төменгі күнкөріс деңгейі 19 038 теңгені құраған-ды. Егер асқан жылдамдықпен жүйткіп келе жатқан инфляцияны ескерсек, күнкөріс деңгейі әупірімдеп тұр. Көпшілік үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі қарапайым ғана шама. Негізінде бұл — саяси өлшем.
Кедейшілік деңгейі, жалақы, зейнетақы және жәрдемақы соған қарап белгіленеді. Үкімет «ең төменгі күнкөріс деңгейінің пәленше пайызы» деп тоқмейілсіп жатады. Шын мәнінде, ең төменгі күнкөріс деңгейі бізде тақұл-тұқыл. Ол азық-түлік, тауар және қызмет түрлерінің мемлекет тағайындаған минималдық жиынтығынан тұратын тұтыну қоржынының құнымен шамалас.
Айтпақшы,
біздегі күнкөріс себетінің 60 пайызы азық-түлік өнімдері болса, қалған 40 пайызы – халыққа қажетті тұрмыстық күнделікті тұтыну тауарлары.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2005 жылғы «Ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасын есептеу ережесін бекіту туралы» бұйрығына жүгінсек, азық-түлік себетінің үлесі ең төменгі күнкөріс деңгейі құнының 60 пайызын құрайды. Демек, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 22 859 теңге екенін ескерсек, оның 60 пайызы – 13 700 теңге.
Сонда «әрбір адам ай сайын 13 мың 700 теңгеге тамақ ішсе, тояды» деп ойласа керек, билік. Бұған алаңдаушлық танытып жүрген мамандар «бұлай салауатты өмір сүру тіптен мүмкін емес», – дейді.
Қысқасы, қалың елді үкімет «диетаға» отырғызып қойды. Оны қашан «бұзатынымызды» да солардың „жомарт„ көңілдері шешеді. Бірақ оған дейін тойып тамақ ішпейтін бұқараның онсыз да оңбай тұрған денсаулығы кейін қалпына келе ме, жоқ па соны да ойлайық. Ал мықты денсаулықтың бірден бір кепілі – құнарлы тағам. Медицина саласына қыруар қаржы бөлгенше, төменгі күнкөріс деңгейін әлемдік стандартқа теңестіріп, азық-түлік себетін байытқан әлдеқайда тиімді емес пе?..