Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
2
USD
445
-1.34
EUR
474
-1.25
RUB
4.76
-0.02

Полковник Данияр Әбдібеков: “Әскеріміздің ең басты күші оның – тәртібі мен патриоттық рухында”

243

– Біз білсек сіз осы саланың ыстығына күйіп, суығына шыдап келе жатқан тәжірибелі маманның бірісіз. Бұл ретте жалпы еліміздің әскери әлеуеті туралы, әскери полиция жайында аз-мұз айтып өтсеңіз? 

– Дұрыс айтасыздар, осы саланың қыр-сырына қанығып, білекті түріп тастап еңбек етіп жатқаныма ширек ғасырға жуықтапты. Сауалдарыңызға тоқталар болсам, еліміздің әскери потенциалы жыл өткен сайын артып келеді. 

Түсінгенім барлығы да уақыттың еншісінде екен. Уақыт алға жылжыған сайын көп салалардағы кемшіліктер түзеліп, оң өзгерістер байқалуда. Мысалға әскери полиция туралы айтар болсам, Президенттің 1997 жылы 22 сәуірінде «Құқық қорғау органдарының жүйесін одан әрі реформалау шаралары туралы» Жарлығына сәйкес құрылған еді бұл құрылым.

Бұдан кейін Мемлекет басшысының Жарлығының негізінде «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері және қорғанысы жөніндегі» Заңының 10-шы бабына нақты толықтырулар енгізіліп, әскери полиция қызметкерлерінің міндеттері және де құқықтары, мәртебесі мен мақсаты да айқындалды.

Ал 2005 жылдың 21 ақпанында «Әскери полиция органдары туралы» арнайы Заң қабылданған-тұғын.

Қазақстан әскерінің бәсекеге қабілеті мен әлеуетін арттыруда әскери полицияның алар орны зор. Біле білсеңіздер, Әскери полициясы қызметінің түпкі негізін үш құрылым анықтайды. Бұлардың алғашқысы – Қарулы Күштеріміздің барлық әскери бөлімдеріндегі әскери  қызметшілер жасауы мүмкін ірілі-ұсақты қылмыс және де заң бұзушылықты анықтайды.

 

Кейінгісі – көптеген гарнизондарда, әскери құрылымдар және әскерилердің жанұялары орналасқан жерлерде  қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етеді.

Және де соңғы құрылым – әскери автомобильдер техникасын заңды түрде пайдалануға беру және олардың сапалы қолданылуын қадағалайтын әскери автомобиль полициясы.

Қазақстан әскерінің құрылымында Әскери полицияның алар орны зор. Мысалға, дүниежүзінің 40-тан астам елінде жасақталған мұндай құрылым. Бұлардың қатарында АҚШ, Германия, Ұлыбритания,  Франция, Қытай және де ТМД мемлекеттері бар.

– Жалпы әскер өмірінің әдепкі қызметтерден қандай айырмашылығы бар? Қазақстан әскерилеріне қойылатын талаптар қандай? Айтып өтсеңіз…

– Ашығын айту керек, әскери сала көп жағдайда ер-азаматтар еңбек ететін орта ғой. Әскери өмірдің барлық ережесі Әскери жарғыда анық-қанық жазылып қойылған.

Кез-келген жауынгердің есінде сақтайтын ең басты қағидасы – тәртіп. Тәртіп бұзбау, ережеден аттамау.

Әйтсе де, темірдей тәртіпті өзінің қағидасы санайтын осынау әскери ұжымдарда заң бұзушылықтың аракідік кездесіп жататыны жасырын емес. Әскер өмірінен хабарсыз адамдарға бұл түсініксіздеу болуы да мүмкін.

Мұнда да басты фактор ретінде – тәртіпті назарға аламыз. Себебі, онсыз болмайды да. Неге десеңіз, әрбір мемлекет үшін өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуден артық міндет жоқ.

Осынау қызметті әуелгі атқаратындар олар әрине – әскери азаматтар. Осы ортада берілген кез-келген бұйрық бұлжытпай орындалуы керек. Ал егерде олай болмаса, айталық бұйрық уақытында орындалмай, әркім өз бетімен жүрсе, ол әскер емес!  Осы себепті де әскердің ең әуелгі күші тәртібі мен мығым бірлігінде жатыр!

Иә, рас әскери бөлімдерді басқаратын техника құралдары емес, адамдар. “Бес саусақ бірдей емес” қой. Сондықтан да әрбір ортада командирдің, тұтас басшылық құрамының жұмыс істеу мүмкіндігіне байланысты белгілі ұжым қалыптасады. Бәлкім бір жерде жағдай қалыпты болса, бір жерде мүшкіл болуы мүмкін. Негізі, қылмыс атаулы да осыдан шығады ғой.  Қай жерде қадағалау кемшін болса, мінекей сол жерде заң бұзушылық қаулап шыға бастайтыны жасырын емес.

Картинки по запросу әскер қазақстан

– Жалпы Қазақстан әскерінің рухын көтеру бағытында қандай жұмыс жасалады? Бұл бағытта қандай да бір бағдарламалар бар ма? 

–  Әрине, онсыз болмайды. Әскери адам үнемі қадағалауда болуы қажет. Ол үшін сарбаздарымызға патриотизм бағытындағы әңгімелер әрдайым айтылуы қажет. Мұндай ортада өз кезегінде жамандықтың орын алуы кемде кем. Біз, құқық бұзушылықтың алдын-алу үшін ол жайлы тым-тырыс үндемей қоюдан гөрі, керісінше сол туралы ұдайы айтып, көрсетіп отырсақ ұтарымыз көп болады.

Әскери патриоттық рухта тәрбиелеу аса маңызды.

Естеріңізде болса, бала кезімізде ата-аналармыз бізге “жамандық жасама”,”біреудің ала жібін аттам”, “олай істеме, былай істе” деп айтып тәрбиелейтін еді ғой.

Міне, осындай тәрбие әскерге де керек. Бұл кез-келген қателіктің алдын-алатын тәрбие негіздері. 

Айталық, осыдан біраз уақыт бұрын емделіп жатқан жатқан екі  жауынгер өзара кикілжіңге келіп, төбелесіп қалады. Бұл ретте біз Қарулы Күштердің ішкі қызмет Жарғысының 12 және 15 баптарына сүйеніп заң бұзған үшін қылмыстық іс қозғадық. Қаруласын әдейілеп ұрып, жағын бұза жаздаған сарбазды Алматы гарнизонының көшпелі сот отырысымен әскери бөлімде ауқымды сот отырысын өткіздік. 

“Бәлкім, мұның бәрін не үшін айтып отыр?” деп ойлайсыздар. Бұл шара сол заңға қайшы әрекетке барған жігіттің кінәсін өзінің әскери ұжымы, ең әуелі қарулас, өзіндей жауынгер жолдастарының алдында мойындатып барып, олардың да мұндай іске бармауының алдын-алу мақсатында жасалған еді.

– Қалай ойлайсыз, мұндай шаралар адамға әсер ете ме?

– Әрине, әсер еткенде қандай! Ең бірінші кезекте тәртіпсіздік атаулы сап тыйылып, талап күшейеді. Қандай ортада болмасын осындай алдын-алу шараларының нәтижесінде өте үлкен жетістіктерге жетуге болады деп сенемін.

– Қазіргі Қазақстан әскерінің бүгінгі бет-бейнесін қалай суреттеп берер едіңіз? 

– Ілгеріде айтып өткенімдей елімізде әскери салаға баса көңіл бөлініп отыр. Әскерлеріміздің көйлегі көк, тамағы тоқ, бес қаруы сай. Әскери-өндірістік кешенге бөлінген қаржы көлемі де артып келеді. 

Осының нәтижесінде әскери қару-жарақтарымыз жаңа техникалармен толығып, жаңару үстінде. 

Әзір әскер сапында сарбаздық борышыңды өтеу үлкен абырой. Бұл ретте Қазақстан әскері сапындағы барлық сарбаздар өзінің ісімен, үлгі боларлық әрекетімен көріне білуі қажет.

Қазақстанын қорғау жолында мерт болған әйгілі батырлардың, ержүрек ағаларымыз бен аталарымыздың, бабаларымыздың асқан ерліктерін жастарға үлгі ете отырып, еліміздің дамуы, өсіп-өркендеуі жолында көптеген пайдалы еңбек еткен азаматтардың да еңбегін насихаттағанымыз жөн-ақ. 

Өз отанын шексіз сүйетін азамат қана, ержүрек сарбаз атана алмақ. Осы себепті әрбір азамат тұла бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуге міндетті.

Негізінде, нағыз патриотизмге баулайтын орта, ол – әскери сала.  Менің пікірімше, патриоттық тәрбиені бойына сіңіре алмаған, бала кезінен батырлар туралы ертегілер тыңдап, елдікті, ерлікті ұлықтайтын өлеңдер жаттап, аңыз-эпостық шығармаларды етене қабылдамаған, былайша айтқанда ұлттық рухты қанына сіңірмеген жігіттің бойында мейлі бес кісінің қайраты болса да патриот атана алмайды.

Ең басты күш – тәрбие. Тәрбиемен шыңдалған патриотизм – Отанды қорғау сәтінде өз қуатын көрсетеді.

Картинки по запросу әскер қазақстан

– Ілгеріде әскердегі тәртіп-бұзушылық мәселесін сөз еттіңіз. Бұл ретте Мемлекет басшысы “мүлде төзбеушілік” қағидатын ұсынған еді. Осы бағытта  қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Сұрағыңыз орынды. Мемлекет басшысы: “Біз ең ұсақ құқық бұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек…”, – деген-тұғын. Қылмыс неден басталады? Әрине, бетімен кетушіліктен, тәртіпсіздіктен. Ұсақ заң бұзушылыққа төзбеу ахуалы – жалпы тәртіпті жүйелеуге, қылмыспен күреске бастайтын аса маңызды қадам.

Осы ретте Әскери полиция бөлімімен жүргізілген алдын-алу шараларының нәтижесінде, өңірлік қолбасшылыққа қарасты әскери бөлімдер бойынша «Мүлдем төзбеушілік» атты акциясын өткізіп былтырғы жылы барлығы 11, ал 2016 жыл бойынша 34 құқық бұзушылық деректерді анықтап, кінәлі азаматтарды жауапқа тарттық.

Мұндай акциялар бізде үнемі өткізіліп отырады. Сонымен қатар 2016-2017 жылдың аралығында бізге 300-ден астам әр түрлі хабарлама түсті. Оның барлығына да жедел әрекет етіп, шұғыл анықтау шараларын жүргіздік.  Ал 2017 жылдың алғашқы ширегінде әр түрлі 84 хабарламаны тексердік. Олардың 3 дерегі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық деректері расталып, тиісті тұлғалар жазаға тартылды.

Біздің міндетіміз осы. Қазақстан әскеріндегі тәртіп бен талапты бақылауымызды әрі қарай да жалғастыратын боламыз.

 – Сұхбатыңызға рахмет! 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз