Павлодар облысында сталкинг деректері бойынша екі ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
«Павлодар облысы Ертіс ауданының тұрғыны полицияға арызданып, экс-жұбайының жүйелі түрде қудалап жүргенін хабарлаған. Оның айтуынша ер адам әлеуметтік желілер арқылы қайта-қайта хабарламалар жіберіп, жәбірленушінің еркінен тыс байланыс орнатуға тырысқан. Полиция күдіктіге бөлімшеге келу туралы хабарлама жіберген», – деп хабарлайды полиция.
Бұдан өзге, Павлодар қаласының тұрғыны бұрынғы жігітінен кибер-қорлық көріп жүргенін айтып, полицияға арыз түсірген.
«Бойжеткеннің айтуынша, бұрынғы жігіті соңғы бес жыл бойы мазасын алып жүр екен. Ол әлеуметтік желілер арқылы қорлау сипатындағы хабарламалар жолдап, қорқыту әрекеттерін жасаған. Аталған азамат Павлодар қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлайды облыстың полициясы.